+7 (701) 759 90 19
USD 431.07 EUR 485.51
RUB 5.69 CNY 67.47
Jańalyqtar

13 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

2018 жылғы 13 мамыр 06:35
Бөлісіңіз:
13 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2018 жылғы 13 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1904 жылы қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы Ш.Уәлихановтың еңбектері алғаш рет жарияланды.

1930 жылы КСРО ХКК қаулысымен ҚарЛаг құрылды. Ол үшін Қарқаралы округінің аумағында 110 мың гектар жер берілді. Қарағанды лагері басқармасы Қарағандыдан 47 шақырым жерде Долинка кентінде орналасты.

ҚарЛаг ашылған сәтте оған 47 ұлт өкілінен 2 567 жазасын өтеуші қамалды. 1937-1938 жылдары мұнда 43 мың жазасын өтеуші болды. ҚарЛаг жүйесі 292 лагерлік өндірістік орын, 26 дербес бөлімшені қамтыды. 1931-1960 жылдары ҚарЛАГ-та 1 млн-ға жуық адам болды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Финляндия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды бекіту туралы келісім жасалды.

2002 жылы Қазақстан Ядролық жеткізушілер тобының (ЯЖТ) 40-шы мүшесі болып қабылданды. Қазақстанның ЯЖТ-ға қатысуының мақсаты лаңкестікке қарсы шараларды күшейту, жаппай қырып-жою қаруларының таратылуына қарсы әрекет ету, ядролық материалдарды және қос мақсаттағы өнімдердің пайдаланылуы мен тасымалдануына бақылауды күшейту болып табылады.

2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы - «Мугунхва» (Мәңгі гүлдеген раушангүл) орденімен марапатталды.

Қазақстан мен Кореяның достық байланыстарының дамуына зор үлес қосқаны үшін өз кезегінде Президент Ли Мён Бак Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасы - «Алтын Қыран» орденімен марапатталды.

2010 жылы Қазақстанда «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар бойынша Ұлттық агенттігі құрылды.

Жаңа құрылған органның негізгі мақсаты экспортты дамыту және жылжытумен қатар Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар тарту болып табылады.

Ұлттық агенттіктің қызметіне Қазақстан аумағында экономиканың өңдеу секторында бірлескен өндірістер құру мақсатымен жетекші трансұлттық компаниялармен өзара іс-қимыл жасасу кіреді. Ел экономикасының шикізаттық емес секторларына салым салуға дайын шетелдік инвесторлар үшін «KAZNEX INVEST» АҚ бір терезе қағидатымен қызметтер ұсынатын болады

2010 жылы Алматыда Корея Республикасы парламенті өкілдерінің делегациясы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университет жанындағы ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар бойынша жаңа қазақстандық-кореялық ғылыми-білім беру орталығына барды.

2010 жылы оңтүстік-кореялық «POSCO E&C» компаниясының өкілдері қуаты 130 мегаватт Қандыағаш ГТЭС салу жобасын инвестициялауға мүдделілік танытты.

2011 жылы Қазақстанда алғаш рет «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ-да науқасқа жүректің жасанды қарыншасын имплантациялау жүргізілді.

2011 жылы ұлы қазақ батыры Жиембет жыраудың құрметіне Астанада мемориалдық тақта ашылды.

2011 жылы Әзербайжан Республикасының Баку мемлекеттік университетінде Абай Құнанбаев атындағы Қазақ тілі және мәдениет орталығы ашылды.

2013 жылы Қазақстанның 5 мың теңгелік жаңа банкнотын Халықаралық банкнот қауымдастығы (IBNS) «2012 жылғы үздік банкнот» деп таныды.

2014 жылы Джакартадағы «Таман Исмаил Марзуки» концерт залында Индонезия Республикасындағы Қазақстан Республикасының Мәдени күндері салтанатты түрде ашылды. Шара аясында Қазақстанның жетекші өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт, «Қазақстан бүгінде» фотокөрмесі өтті, сондай-ақ «Көшбасшы жолы», «Жаужүрек мың бала» фильмдері көрсетілді.

2014 жылы Семейде резеңке-техникалық бұйымдарды қайта өңдеу цехы пайдалануға енгізілді. Бұл ескі автомобиль дөңгелектері мен әртүрлі резеңкеден жасалған заттарды пайдаға асыру үшін іске қосылған Қазақстандағы екінші кәсіпорын болды.

2016 жылы Алматыда елдегі алғашқы Қазақстан Дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышевтің қаржылай қолдауымен салынған Дзюдо академиясы ашылды.

2016 жылы Алматыда Қазақстандағы алғашқы «Пәкістан сауда керуені» атты көрме ашылды.

Көрмеде тері бұйымдар, фармацевтика, медициналық жабдық, жиһаз, азық-түлік, қол өнері, ауыл шаруашылығы тауарлары қойылды. Бірінші және екінші күні пәкістандық 50 компания Қазақстанмен әріптестік байланыстар орнату үшін өз өнімін ұсынды.

2016 жылы Анкарада Түркияның палаталар мен биржалар одағының съезі өтті. Оған Қазақстан іскерлік орта өкілдері қатысты, шара аяқталғаннан кейін оларды Түркия Республикасының президенті Режеп Ердоған қабылдады.

Кездесу барысында қазақстандық кәсіпкерлер Қазақстанның қолайлы инвестициялық климат және елдегі барлық экономика салаларында шетел бизнесмендеріне жасалған жағдай туралы айтты.

2017 жылы Қытайдың мемлекеттік «Синьхуа» агенттігінің ақпараттық орталығы Бейжіңдегі метрода жолаушыларды «Бір белдеу, бір жол» елдерінің мәдениетімен және табиғатымен таныстыру акциясын ұйымдастырды.

Метродағы «қазақстандық» вагондарда қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі және киіз үйімен қоса, бүркітшінің аң аулап жатқан сәттегі суреттері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Нұр Астана» мешіті, Бәйтерек монументі және Қазақстанның басқа да көрікті жерлері бейнеленген.

ЕСІМДЕР

83 жыл бұрын (1935-1993) ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Солтүстік Қазақстан меринос қойларының жаңа тұқымын өндірушілердің бірі Кемер Қожахметұлы ӘШІМБЕТОВ дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. Алматы зооветеринарлық институтын (Қазақ Ұлттық аграрлық университеті) бітірген.

Павлодар облысы Железинка ауданы Советтік Қазақстан кеңшарының бас зоотехнигі, Лебяжі ауданы ХХІІІ партсъезд кеңшарының директоры, Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бөлімінің бастығы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Павлодар совхоз-техникумының директоры, Шарбақты аудандық атқару комитетінің төрағасы, Павлодар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Павлодар облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, еңбекшілер шаруашылығы қауымдастығының төрағасы, «Тұранбанк» облыстық басқармасының ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.

«Еңбек Қызыл Ту», үш мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.


null 82 жыл бұрын (1936) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Шәрбану Мұхитқызы ҚҰМАРОВА дүниеге келді.

Алматы облысының Есік қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. «Социалистік Қазақстан» газетінде (қазіргі «Егемен Қазақстан»), Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінде, «Мәдениет және тұрмыс» журналында, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында, «Жазушы» баспасында жұмыс істеген.

Содан бергі уақытта «Терезелер», «Сәуірдің ақ таңы», «Әйел шырағы», «Қызыл қайың» атты әңгіме-повестер жинағы, «Құлжа жолы» повесі, «Қазбауыр бұлттар» роман-толғауы, «Сезім патшалығы» романы жарық көрген. Көптеген шығармалары ТМД халықтарының тілдеріне аударылған.

«Құрмет» орденімен марапатталған. Есік қаласындағы бір көшеге қаламгер есімі берілген.

null 63 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жоғары қолбасшылығының өкілі ПОСПЕЛОВ Николай Николаевич дүниеге келді.

Ташкент жоғары танк командалық учелищесін (1977), Сауытты әскерлердің әскери академиясын (1990) бітірген.

1977 - 1982 жылдары Оңтүстік әскерлер тобында взвод командирі, рота командирінің орынбасары, 1982 - 1987 жылдары Челябинск жоғары танк командалық учелищесінде курсанттар взводы, ротасы, батальонында командир, 1990 - 1992 жылдары Түркістан әскери округында танк батальоны командирі, танк полкы командирінің орынбасары - штаб бастығы, 1992 - 1994 жылдары армиялық корпуста танк полкының командирі болды. 1994 - 1997 жылдары ҚР ҚК Бас штабының оперативтік басқару бөлімінде топ, бөлім бастығы, оперативтік жоспарлау департаментінде басқарма бастығының орынбасары, 1997 - 2000 жылдары армиялық корпус командирінің орынбасары - штаб бастығы қызметтерін атқарды. 2000-2007 жылдары ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, 2007-2010 жылдары ҚР ҚК «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, 2010-2015 жылдары «Kazakhstan Engineering» ҰК» АҚ басқарушы директоры.

null 61 жыл бұрын (1957) «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның Жамбыл облысындағы филиалының директоры, Жамбыл облысының мәслихат депутаты Мейрамбек Мылтықбайұлы ТӨЛЕПБЕРГЕН дүниеге келді.

Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. «Сағасында Таластың бір ауыл бар» (1995), «Қаһарман Бақтыораз» (2000), «Ақиқат алдында» (2002), «Ұлбике» (2002), «Шоқыр» (2003) деген кітаптардың авторы. Сегіз жинаққа таңдаулы очерктері енген. Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен (1999), Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен (2000), «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медалімен марапатталған. Алматы облысының «Балқаш ауданының құрметті азаматы».

Еңбек жолын Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Тоғызкент совхозында құрылысшы болып бастаған. Ал университетті бітірген соң Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшының орынбасары, «Халық кеңесі» газетінде бөлім редакторы, «Егемен Қазақстан» газеті Алматы филиалының басшысы, бөлім бастығы және саяси шолушысы болды. Кейін «Қазақстан теміржолдары» ҰҚ» акционерлік қоғамының жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры, «Қазақ газеттері» ЖШС Алматы, Жамбыл облыстары бойынша өкілі қызметтерін атқарған. 2012 жылдың мамыр айына дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болды. 2012 жылдың 3 мамырынан бастап «Қазақстан» РТРК АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры.


null 55 жыл бұрын (1963) Маңғыстау облысының әкімі Ералы ЛұқпанұлыТОҒЖАНОВ дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. 1988 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірді. 1988 жылдан 1991 жылға дейін Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының оқытушысы болып қызмет атқарды. 1991 жылдан 1994 жылға дейін - ҚР Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының аспиранты. 1994 жылдан 1996 жылға дейін - ҚР Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтының ғылыми қызметкері. 1996 жылдан 1997 жылға дейін - Қазақ гуманитарлық-заң университетінің аға оқытушысы, Мемлекеттік қызмет және халықаралық құқық факультеті деканының орынбасары. 1997 жылдан 1999 жылға дейін - Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Халықаралық құқық факультетінің деканы. 1999 жылдан 2001 жылға дейін Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Астана қаласындағы филиалының директоры, Құқық және мемлекеттік қызмет институтының директоры болып қызмет атқарды. 2001 жылдан 2006 жылға дейін - Қарағанды облысы әкімінің орынбасары. 2006 жылдан 2008 жылға дейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. 2008 жылғы ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі болып тағайындалды. Заң ғылымдарының кандидаты. Саясаттану ғылымдарының докторы. 2007 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


null 55 жыл бұрын (1963) «ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру» АҚ басқарушы директоры Абат Ақмұқанұлы НҰРСЕЙІТОВ дүниеге келді.

В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. "Жетібай" мұнай өндіру басқармасында оператор, орталық диспетчер бастығы. Қазақ мұнай ғылыми-зерттеу және жобалау институтында "Торғай Петролеум ЖАҚ-та жұмыс жасады.2004-2006 жылдары - "ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис" Қазақстандық филиалының менеджері болды. 2006-2012 жылдары - ҚазМұнайГазбарлау Өндіру" АҚ өндіріс басқармасы департаментінің директоры, өндіріс жөніндегі басқарушы директор. 2012-2013 жылдары - ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру" АҚ бас директорының орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы қаңтардан бері.


null 53 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Жарылқасынұлы ӘБДІРАЙЫМ дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың заң факультетін, РҒА мемлекет және құқық институтының докторантурасын, «Тұран» университетінің қаржы-экономикалық факультетін үздік бітірген. 1990-1992 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың аспирантурасы. 1992-1993 жылдары ҚР Мемлекеттік арбитражының экономикалық кеңесшісі және мемлекеттік арбитры қызметін атқарды. 1993-1995 жылдары ҚР Жоғары Төрелік сотының судьясы. 1995-2002 жылдар ҚР Жоғарғы Сотының судьясы. 2001-2002 жылдары ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі, ҚР Судьялар Одағының төрағасы. 2002-2006 жылдары ҚР Парламентіндегі ҚР Президенті Өкілдігінің Басшысы. 2006 жылы ҚР Парламенті Сенатының Аппарат Басшысы. 2006-2007 жылдары Ақмола технология және бизнес университетінің ректоры. 2007 жылы ҚР Жоғарғы соты жанындағы сот әкімшілік жөніндегі комитет төрағасы. 2007-2008 жылдары ҚР Парламентіндегі ҚР Президенті Өкілдігінің Басшысы. 2008-2012 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҒЗИ директоры. 2012-2013 жылдары «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ-ның Президенті. 2013-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары. 2014 жылғы 11 мамырда Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Әділет министрінің лауазымына тағайындалды.

Қазіргі қызметінде - 2017 жылдың қарашасынан.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «10 жыл Астана», «10 лет Федеральной службе судебных приставов», «Сот жүйесінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақстан Республикасының құрметті судьясы, Түркі әлемі заңгерлерінің халықаралық ассоциясының президенті.

null 52 жыл бұрын (1966) «Шәмші» журналының бас редакторы, сазгер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Қалдыбек Арыстанбекұлы ҚҰРМАНӘЛІ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас ауданында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1989-1992 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы «Жұлдыздар» жастар-шығармашылық бірлестігінің төрағасы. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Жастар одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің хатшысы. 1994-1996 жылдары - «Жас қазақ» газеті бас редакторының орынбасары. 1996-1997 жылдары - «Шартарап» баспасының бас редакторы. 1997-1998 жылдары - «Зерде» журналы бас редакторының орынбасары. 1999-2000 жылдары - «Заң» газетінің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі. 2000-2008 жылдары - «Жас қазақ» корпорациясының президенті қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді.

Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.

null 51 жыл бұрын (1967) Алматы облысы әкімінің орынбасары ТҰЯҚОВ Жеңіс Шылбынұлы дүниеге келді.

Алматы облысының тумасы. Екі жоғары білімі бар: «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша экономика және құқық институтын және Алматы мемлекеттік медициналық институтын тәмамдаған.

Оның орталық және жергілікті атқарушы органдардағы басқару жұмысында тәжірибесі мол.

Әртүрлі жылдары ҚР Энергетика министрлігінің департамент директоры болып жұмыс істеген, Қазақстанның бірнеше өңірінде энергетика және ТКШ салаларында салалық құрылымдарды басқарған. Энергетика саласындағы ұлттық компанияларда басқарушы қызметтер атқарған, сонымен қатар «Қазақстан электр желілерін басқару компаниясы» АҚ («КЕGOC») басқарушы директоры болып жұмыс істеген.

Қазіргі қызметінде - 2017 жылдың шілдесінен.

Бұдан өзге, Жеңіс Тұяқов энергетика саласындағы ұлттық компанияларда басқарушы қызметтер атқарған, сонымен қатар «Қазақстан электр желілерін басқару компаниясы» АҚ («КЕGOC») басқарушы директоры болып жұмыс істеген.

null 49 жыл бұрын (1969) ҚР ҰЭМ Статистика комитеті төрағасының орынбасары Жасер Әзімханұлы ЖАРҚЫНБАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл қаласында туған. 1993 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын үздік бітірген, инженер-экономист. 1998 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Қаржы және кредит» мамандығын үздік бітіріп, екінші жоғары білім алады. 1999-2001 жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша Техас Технологиялық Университетінде (АҚШ) оқып, экономика магистрі дәрежесін алған. 1993 жылдан бастап 1994 жыл аралығында Тараз қаласындағы «Тараз» акционерлік-коммерциялық банкінің валюталық бөлімінің экономисті, аға экономисті, бастығы болып жұмыс істеген. 1994-1998 жылдары - «Казкоммерцбанк» ААҚ Жамбыл филиалының операциялық бөлімінің бастығы, валюталық бөлімінің бастығы, кредит бөлімінің бастығы, бас бухгалтердің орынбасары. 1998-1999 жылдары - «Шымкентнефтеоргсинтез» ААҚТ Тараз филиалы директорының орынбасары. 2001 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. 2001 жылдан бастап 2002 жыл аралығында - Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінде Сауда саясаты және халықаралық ынтымақтастық департаменті ішкі сауда саясаты басқармасының талдау және болжау бөлімінің бастығы; 2002 жылдан бастап 2003 жыл аралығында - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде болжамдық баланстар мен ұлттық шоттар бөлімінің бастығы, Макроэкономикалық болжам жасау басқармасының бастығы; 2003 жылдан бастап 2007 жыл аралығында - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде Экономикалық саясат және индикативтік жоспарлау департаменті директорының орынбасары, Экономикалық саясат және болжам жасау департаментінің директоры; 2007 жылғы қарашадан бастап 2009 жылғы қазан аралығында - «Үкімет және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі жанындағы ұлттық талдамалық орталық» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді; 2008 жылғы 5 қарашадан бастап - Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары; 2009 жылғы 25 желтоқсаннан бастап -Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының орынбасары. Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен және «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» медалімен марапатталған. «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

null 48 жыл бұрын (1970) «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы АДЫРБЕКОВ Дулат Темірғалиұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1988 жылы Шымкент әскери мамандандырылған мектепті, 1992 жылы М.В.Фрунзе атындағы Киев жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 2000 жылдары ҚР ҚК Әскери академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 1992 жылы Республикалық гвардияның арнайы мақсаттағы взвод командирі болып бастаған. Түрлі жылдары әскери салада басшылық қызметтерді атқарған. 2016-2018 жылдары Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы жөніндегі орынбасары болған.

Қазіргі қызметінде - 2018 жылдың сәуірінен.

null 41 жыл бұрын (1977) Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары САТҚАНОВ Миржан Мұнайдарұлы дүниеге келді.

Түркия Республикасы Докуз Ейлюл университетін тәмамдаған.

2001 жылы Орал қалалық қаржы бөлімінің жетекші маманы болып қызмет атқарды. 2001-2004 жылдары - Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлікті қолдау және дамыту департаментінің бас маманы, бөлім бастығы. 2004-2005 жылдары - Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлікті қолдау және дамыту басқармасы бастығының орынбасары. 2005 жылы - Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы. 2005-2006 жылдары - Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары. 2006-2010 жылдары - «Қазақстан Халық Банкінің зейнетақы жинақтау қоры» АҚ-ның Батыс Қазақстан облысы филиалы директорының орынбасары. 2010-2011 жылдары Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары. 2011-2012 жылдары «БҚО кәсіпкерлер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры. 2012-2013 жылдары Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары. 2013-2015 жылдары Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2015 жылдың 26 қазанынан бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы болды.

2018 жылдың наурыз айынан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.

null 39 жыл бұрын (1979) ҚР Конституциялық Кеңес аппаратының басшысы НҰРМҰХАНОВ Бақыт Маратұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Қалжыр ауылында туған.

Шығыс-Қазақстан мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын Шығыс-Қазақстан мемлекеттік университетінің қылмыстық құқық және қылмыстық процесс кафедрасында оқытушылықтан бастады. 2003 жылдың мамыр айынан Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінде: құқық бөлімінің консультанты, құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас консультанты, бас сарапшы, бас консультант, құқықтық сараптама бөлімі талдау секторының меңгерушісі, Төрағаның кеңесшісі. 2008 жылдан негізгі қызметімен қоса Еуропа Кеңесінің «Құқық арқылы демократия үшін» Венеция комиссиясының байланыс бойынша офицері функцияларын атқарады.

«Ерен еңбегі үшін» медалымен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» және «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалдарымен марапатталған.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Ақбөпе Әбдрасул

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059

MURAǴAT