13 достық үйінде «Шығыс Қазақстан – жанжалсыз аумақ» жобасы жүзеге асырылуда - ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ШҚО-дағы 13 достық үйінде этномәдени бірлестіктердің халықтың өзекті мәселелерін шешудегі рөлін күшейту мақсатында «Шығыс Қазақстан – жанжалсыз аумақ» жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық Ақпарат орталығында өткен баспасөз брифингі барысында Семей қалалық Достық үйінің директоры Надежда Шарова мәлім етті. Оның айтуынша, ШҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының, Достық үйлерінің, этномәдени бірлестіктердің қызметі Ассамблеяның 29-шы сессиясында белгіленген бірегейлік пен бірлікті дамытудың жаңа кезеңінде мемлекеттік саясат қағидаттарын түсіндіруге бағытталған.

«Өңірдегі барлық 13 достық үйі этномәдени бірлестіктердің халықтың өзекті мәселелерін шешудегі рөлін күшейтуге бағытталған «Шығыс Қазақстан – жанжалсыз аумақ« жобасы бойынша жұмыс істеуде. Осы міндеттерді іске асыруға Ассамблеяның барлық қоғамдық институттары білек сыбана кірісті. Бұл 280-нен астам меценаттар, еріктілер, медиаторлар, қоғамдық келісім кеңестері және «Жаңғыру жолы« жастар қозғалысының қатысушылары. Өңірде дәстүрлер жаңғыртылып, волонтерлік пен қайырымдылық дамытылып, рухани бірлік пен қоғамдық келісім нығая түсуде», - деді Надежда Шарова.

Алғыс айту күніне орай Ассамблея «30 игі іс» марафонын өткізген. Екі мыңнан астам адам 171 млн теңгеден астам сомаға көмек алды.

«Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі қазақ тілінің біріктіруші рөлін күшейту. Облыстық Достық үйінде «Ахуалдық қазақ тілі – «Мәміле» кабинеті ашылды. Бұдан басқа, «Возрождение» мектебі және достық үйлерінің жексенбілік тіл мектептері жұмыс істейді. Олар тілді заманауи әдістемелер бойынша оқытады», - деді Семей қалалық Достық үйінің директоры.

Сондай-ақ Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер қоғамдық бақылау аясында коронавирусқа қарсы күресте санитарлық нормалар мен шектеулердің сақталуы, қажетті азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізу бойынша рейдтерге қатысуда.

«Этносаралық толеранттылық пен конфессияаралық келісімді қалыптастыруда отбасы басты рөл атқарады. Сондықтан аналар кеңесі дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтуға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрмысы нашар отбасылардағы өзара іс-қимыл проблемаларына, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше назар аударады. Бүгін Қазақстанда ең бастысы – бейбітшілік пен келісім бар. Біздің еліміз де тағдырымыз да бір», - деді Надежда Шарова.


Соңғы жаңалықтар