111 млн теңге жымқырылды: Атырау облысында Білім басқармасының экс-шенеунігі сотталды

None
None

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облыстық Білім басқармасы басшысының экс-орынбасары 7 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№2 Атырау қалалық сотында облыстық Білім басқармасы басшысының бұрынғы орынбасарына қатысты іс қаралды. Басшы орынбасары 2015 жылдан 2020 жылға дейін өзінің қызметтік лауазымын пайдаланып, серіктесімен бірге бюджеттің 111 млн теңгесін жымқырған.

«Осы қаржының 54 млн теңгесін өзі алып, қалғанын серіктесі иеленген. Олар қылмысты өздеріне жалақыны заңсыз есептеу арқылы жасаған. Шенеунік ақшаны өзінің банк картасына, сондай-ақ анасының картасына аударған», - делінген іс материалында.

Сот тергеуі кезінде шенеунік өз кінәсін мойындап, өкінген. Ол жымқырған қаржыны толық қайтарған. Сот үкім шығару кезінде сотталушының кәмелетке толмаған балалары барын ескерген.

Шенеунік кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-түзету мекемесінде өтеуі тиіс. Алайда, сотталушының жас балалары болуына байланысты жазаны бес жылға кейінге қалдыруға шешім қабылданған.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында емхананың есепшотынан 70 млн теңгені жымқырғандар сотталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар