11 мамыр. ҚазАқпарат: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2018 жылдың 11 мамырына арналған күнтізбені ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1996 жылы Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасының Президенттері екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету туралы бірлескен декларацияға, Каспий теңізінің мәселелері бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

2007 жылы Мұхтар Әуезовтің мұражай үйінде халықаралық құқықтанушы Рейн Мюллерсонның «Орталық Азия» атты кітабының таныстырылымы өтті. Кітапта автордың Орталық Азиядағы БҰҰ-ның аймақтық кеңесшісі ретінде қызмет еткен кездегі Ортаазиялық танымал саясаткерлерімен жеке кездесулері туралы материалдар және қарапайым халықтың тіршіліктері жөніндегі көзқарастары жиналған.

Р.Мюллерсон - Лондон университетінің Король колледжінің профессоры, халықаралық және әлем қауіпсіздігі бағдарламасының директоры. 80-жылдардың аяғында Эстонияның сыртқы істер министрлігінің орынбасары болып қызмет атқарған. КСРО Президенті Михаил Горбачевтің кеңесшісі болған. Халықаралық құқық және саясат бойынша 9 кітаптың және 200-дей мақаланың авторы.

2007 жылы Алматы қаласының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру департаментінің басшысы Бауыржан Ысқақов Ресейдің 2-ші дәрежелі «Қасиетті князь Александр Невский» орденімен марапатталды.

Бауыржан Бейсенұлына бұл орден өз ісіне мінсіз қызметі, адал еңбегі және ұлттық қауіпсіздік мәселелерін шешудің үлгісі мен әдістемелерін жетілдіруге қосқан жеке үлесі үшін беріліп отыр. Мәртебелі награданы оған Ресей ұлттық қауіпсіздік академиясының өкілдері Алматыда табыс етті.

2010 жылы Кеңес Одағының Батыры Ағәділ Сухамбаевтың туған жерінде - Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында Александр Матросовтың ерлігін қайталаған жауынгерге арналып ескерткіш ашылды.

Жамбылдық батырдың қабірі Друскининкай  қаласында (Литва) орналасқан, жыл сайын Жеңіс күнінде оған гүл шоқтары қойылады.

2010 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Әзербайжанның бұрынғы президенті Гейдар Алиев атындағы кабинет ашылды.  

2012 жылы Қазақстанда Музей аптасы жарияланды. Осы кезеңде мемлекеттік музейлер өз есігін барлық келушілер үшін айқара ашты. Көрермендер назарына көптеген жаңа жәдігерлер ұсынылды. Сондай-ақ, апта аясында тематикалық дәрістер, экскурсиялар, ғылыми оқылымдар, музей-театрлық қойылымдар өткізілді.

2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрікменстан Президенті Гурбанғұлы Бердімұхамедов «Болашақ стансасы (Қазақстан Республикасы) - Серхетяка стансасы (Түркіменстан)»  өткелі арқылы елдер арасындағы тікелей теміржол қатынасын ашуға қатысты. «Болашақ-Серхетяка» учаскесі Қазақстан, Түрікменстан және Иран арасын жалғастыратын трансұлттық дәліздің бөлігі болып табылады. Ол жүк ағынын құрғақтағы жолдардан теңіз жолымен Парсы шығанағы аймағына шығаруды қамтамасыз етеді.

2016 жылы Венадағы кинотеатрлардың бірінде Қазақстан киносы күндері өтті. Фильмдер түпнұсқа, қазақ және орыс тілдерінде, ағылшын тілінде субтитрмен көрсетілді. Жобаның басты мақсаты - Қазақстанның мәдениеті, дәстүрі мен тарихын таныстыру, сондай-ақ екі елдің достық қатынасын нығайту.

2016 жылы Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ержан Қазыханов белгілі британдық сәулетші Норман Фостерге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік және прогресс Мемлекеттік сыйлығын табыстады.
Норман Фостер - британдық сәулетші, Император және Притцкер сыйлықтарының иегері. Ол Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім сарайы» (2006 ж.), «Хан-Шатыр» сауда,ойын-сауық орталығы (2010 ж.) және ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы ғимараттарының авторы.

 

ЕСІМДЕР

null 114 жыл бұрын (1904-1985) ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, шығыстанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы, филология ғылымының докторы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты  Әлкей Хақанұлы МАРҒҰЛАН  дүниеге келді.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Бастапқы білімді ауыл мектебінен алған. Семей педагогикалық техникумын, Ленинградтағы шығыстану институтын және Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспирантурасын бітірген. 1921-1925 жылдары «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетінің редакцияларында қызмет атқарады. Осы жылдары ол М.Әуезовпен, М.Жұмабаевпен танысады. 1926-1927 жылдары КСРО Ғылым академиясының академигі А.Ферсман мен профессор С.Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археологиялық және этнографиялық экспедицияларының жұмысына қатысады. Экспедиция кезінде Ә.Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесіп қызмет істейді. 1928 жылдан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданады. 1929 жылы Абай шығармалары туралы дипломдық жұмыс қорғап, орыс география қоғамы мұрағатындағы Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негізінде ғылыми дәйекті тұжырымдар жасайды. 1930 жылдан Терминологиялық комиссияның ғалым хатшысы, Шығыстану институтының оқытушысы, Мәскеудегі материалдық мәдениет тарихы институтының ізденушісі және ғылыми қызметкері болады. Осы жылдары ол Шығыс Түркістан археологиясы мен өнері бойынша маманданып, бірнеше археологиялық экспедицияларға қатысады. 1939-1941 жылдары КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Тарих институтының аға ғылыми қызметкері болады. Осы жылдары оның «Мәшһүр Жүсіп мұрасындағы түркі эпосы», «Декабристер және Қазақстан», «Әлішер Науаи және қазақ мәдениеті», «Мұхаммед Хайдар - тарихшы», «Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы», «Суворов», «Жамбыл Жабаев» атты еңбектері жарық көреді. 1941 жылы КСРО Ғылым Академиясы қазақ бөлімшесінің тарих бөлімін басқарды. Осы қызметте жүріп «Хандар жарлығының тарихи маңызы» деген тақырыпта қорғаған кандидаттық диссертациясында көне қыпшақ тарихына байланысты құнды зерттеулер жасайды. 1958-1976 жылдары Сырдария, Шу, Талас өзендері бойында және Отырар, Сауран, Сығанақ қалалары орнында қазба жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде «Көне қазақ жерінің қалалары мен құрылыс өнерінің тарихы» аталатын монографиясын жариялайды. Қ.Ақышев, М.Қадырбаев, М.Оразбаевтармен бірге Орталық Қазақстанда жүргізген археологиялық қазба жұмыстарының қорытындысы саналатын «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» атты ғылыми-зерттеу еңбегін жазып, кітаптың редакциясын басқарады.

Ғалым «Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерінің шеберлері» атты еңбегінде қазақ халқының эпикалық жыр дәстүрін дамытқан ақындарға, шебер орындаушыларға, сал-серілерге тоқталып, олардың сөз өнеріндегі орнын айқындады. Еңбектегі ғылыми тұжырымдар танымдық тереңдігімен ерекшеленеді, онда көне ойшылдардан бастап Жанақ, Шөже, Арыстанбай, Марабай, Сүйінбай, Жамбыл, Нұрпейіс, Иса секілді ақындар шығармалары талданады. «Тамғалы тас жазуы» атты зерттеуінде әдеби-тарихи һәм мәдени деректер молынан кездеседі.

Ғалым сонымен қатар қырғыз халқының «Манас» эпосы туралы ғылыми-зерттеу ісінің дамуына үлес қосты. Қырғыз эпосын дүние жүзіне алғаш таныстырған Ш.Уәлиханов, кеңес заманында бастапқы зерттеулерді жүргізген Әуезов болса, кейіннен осы дәстүр Марғұланның «Шоқан және Манас» атты монографиясында жалғасты. Ол эпостағы өмір шындығы, жырдың шығу тегі, дәуірі, кейіпкерлері мен көркемдік кестесі және манасшылардың жырды жетілдірудегі қызметі, т.б. жөнінде ғылыми маңызы жоғары пікірлер айтты. 1957-1967 жылдары Уәлихановтың ғылыми мұраларын жинайтын топқа (Әуезов, С.Бәйішев, С.Мұқанов, Қ.Сәтбаев, А.Нүсіпбековпен бірге) басшылық етіп, оның таңдамалы және 5 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарды. Оның ынта-жігері мен ұсынысы бойынша қазақ даласының ең шалғай аудандарында бірнеше археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылды. Ол өзіне дейінгі Қазақстанды зерттеуші орыс ғалымдарының қазақ даласы тек көшпелілер мекені болды деген тұжырымдарының шындыққа сай келмейтіндігін дәлелдеді. Ғалым 40-шы жылдардың аяғында бірнеше рет саяси қудалауға ұшырады, кейін де ұдайы саяси бақылауда болды, ғылыми ортаның кейбір қисынсыз сындарына ұшырады. Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер (қолданбалы және сәулет өнері) және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмыстар, 100-ден астам энциклопедиялық мақалалар жазды, сонымен қатар қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бірнеше буынын даярлады. Оның ғылыми еңбектерінің бірқатары шет ел тілдеріне аударылды.

Академик тапқан тарихи құндылықтардың 243-і бүгінгі таңда Ресей мұражайларында сақтаулы. Аталмыш құндылықтардың көпшілігі қазақ энциклопедиясында аталып өтіледі. Қазақстандық ғалым бірнеше мәрте құндылықтарды қайтаруға талаптанғанымен сәтсіздікке ұшыраған. Тек 1989 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 1399 жылы Қарнақ қаласында Әбділәзиз Шарафутдинұлы Тебризи құйған «Тайқазан» қайтарылған. Қазан кеңес жылдары Ленинградқа әкетіліп, ұзақ уақыт сонда болған. Тайқазанның елге оралуына қазақстандық ғалымдардың, оның ішінде Әлкей Марғұланның  көп еңбегі сіңген.

1991 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтындағы археологиялық орталықтың негізінде Марғұлан атындағы Археология институты құрылды. Астана, Павлодар, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облысында, Баянауыл, Екібастұз аудандарында бірнеше көшелер, мектептер Марғұлан есімімен аталады. Павлодар қаласында мүсіні орнатылған, сондай-ақ С.Торайғыров атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Марғұлан атында стипендия тағайындалып, мұражай ашылған. 2004 жылы 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті.

«Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Ленин» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

107 жыл бұрын (1911-1984) биология ғылымының докторы Расим Низамиұлы АППАСОВ  дүниеге келді.

Алматы облысының Қапал ауданында туған. Алматы мал дәрігерлік институтын бітірген. 1949 жылдан Қазақстан ҒА Зоология институтының ғылыми қызметкері болған. оның 40-қа жуық ғылыми еңбегі бар. Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстандағы жабайы жануарлар мен малдың қанында, ішегінде кездесетін паразиттер және солар арқылы таралатын ауруларды зерттеуге арналған.

null 105 жыл бұрын (1913-1978) жазушы, соғыс ардагері  Рахметолла РАЙЫМҚҰЛОВ  дүниеге келді.

Өзбекстанның Ташкент облысында туған. Алматыдағы Қазақстан Коммунистік Журналистер институтын бітірген. Еңбек жолын «Сталин жолы» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналында жауапты хатшы болып бастаған. 1941 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне ауысады. Сол жылы майданға кетіп, 1946 жылдың қаңтарына дейін әскер қатарында болды. Соғыстан оралысымен Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде очерк және фельетон жанрларынан семинар сабағын жүргізді. 1949-1953 жылдары Полиграфия және баспасөз қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің төрағасы болып екі рет сайланды. 1953-1961 жылдары «Жұлдыз» журналында проза бөлімінің меңгерушісі болды. 1971 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросы директорының орынбасары болып істеді. Аударма саласында С.Айнидің «Бұқара» трилогиясының екі кітабын қазақшалаған. Біраз туындысы орыс тіліне аударылған. Жазушының «Уәде» әңгімесі, «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам» повестері, «Қара жорға» романы, 2003 жылы 3 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

Бірнеше орден, медальдармен марапатталған.

null 65 жыл бұрын (1953) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі - КИМ Георгий Владимирович  дүниеге келді.

КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Мамандығы бойынша заңгер. Заң ғылымдарының кандидаты. 
2 және 3 дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. 
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Республикалық жеке сот орындаушылар алқасының төрағасы қызметінен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды.


54 жыл бұрын (1964) ҚР Бас әскери прокурорының бірінші орынбасары ТӘШІМОВ Бірлік Кәкімжолұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. 1988 жылы Свердловск заң институтын бітірген.

1988-1991 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы прокуратурасында тергеуші, аға тергеушісі. 1991-1992 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының тергеу басқармасының аға тергеушісі. 1992-1994 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының бөлім прокуроры, аға прокуроры. 1994-1997 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Соколов ауданының прокуроры.1997-1999 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Совет ауданының пркоуроры. 1999-2002 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының прокуроры. 2002-2006 жылдары - Петропавл қаласының прокуроры. 2006-2009 жылдары - Теміртау қаласының прокуроры. 2009-2010 - Көкшетау қаласының прокуроры. 2010-2012 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Тайыншы ауданының прокуроры. 2012-2015 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары.

2015 жылдың сәуірінен Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары.



null 54 жыл бұрын (1964) Павлодар облысы Ертіс ауданының әкімі БАТЫРҒҰЖИНОВ Серік Барлыбайұлы дүниеге келді.

Павлодар облысы Ертіс ауданы Котельников ауылында туған. 1993 жылы Целиноград ауыл шаруашылық институтын агрономия мамандығы бойынша, 2004 жылы Қазақ гуманитарлық-заңгерлік университетін юриспруденция мамандығы бойынша аяқтады. 2015 жылы Инновациялық Еуразия университетінің магистратурасын «Экономика және бизнес» мамамандығы бойынша аяқтады.

Еңбек жолын 1982 жылы Голубовский кеңшарының №1 бөлімшесі шопанының көмекшісі болып бастады, кейін Голубовский кеңшарының бас агрономы, «Беловодский ХПП» АҚ директоры, «Иса Байзақов атындағы» ЖШС директоры, «Алтыншы ауыл» тауар өндірушілер ассоциациясы» ЖШС директоры, Қашыр ауданының ауыл шаруашылық департаментінің бірінші орынбасары, бастығы, Қашыр ауданы әкімінің орынбасары, Қашыр ауданының әкімі, «Аманкөл» ШҚ кеңесшісі, «Нұрби» ЖШС коммерциялық директоры, Ертіс ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2014 жылғы 5 мамырдан бастап Ақтоғай ауданының әкімі қызметін атқарды.

2016 жылғы 18 қарашадан бастап Ертіс ауданының әкімі болып тағайындалды.

null 42 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасының Чехия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сержан Оралбайұлы ӘБДІКӘРІМОВ дүниеге келді.  

  

11 мамырда Қарағанды қаласында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген, халықаралық қатынастар маманы. 1998-1999 жылдары - ҚР СІМ референті, атташесі. 1999-2000 жылдары - ҚР-ның Кореядағы елшілігінің атташесі. 2000-2002 жылдары - Дипломатиялық академияның тыңдаушысы. 2002 жылы - ҚР СІМ екінші хатшысы. 2002-2004 жылдары - ҚР Австриядағы елшілігінің екінші хатшысы. 2004-2005 жылдары - ҚР-ның Ұлыбританиядағы елшілігінің бірінші хатшысы. 2005 жылы - ҚР СІМ ақпараттық-талдау жұмыстары және болжамдық бағалаулар департаментінің директоры. 2005-2007 жылдары - ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің директоры. 2008-2009 жылдары - ҚР-ның Болгариядағы уақытша сенімді өкілі. 2009-2012 жылдары - ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі - ЕҚЫҰ департаментінің директоры. 2012-2014 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саяси талдау және жоспарлау комитетінің төрағасы.

Аталған қызметінде - 2015 жылдан бастап.

null 40 жыл бұрын (1978) Алматы облысының прокуроры ЖЫЛҚЫБАЕВ Азамат Сембайұлы дүниеге келді.
Ол Қарағанды облысы Шет ауданы Үнрек совхозында туған. 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің құқықтану факультетін бітірген

Прокуратура органдарындағы еңбек жолын Алматы қаласы прокуратурасының құқықтық статистика және ақпараттандыру бөлімінің бас маманы болып бастаған.  2000 - 2001 жылдар аралығында Алматы қаласы Алмалы ауданы прокурорының көмекшісі. 2001 жылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін - Алматы қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры. 2001 жылдың қыркүйек айынан 2002 жылдың сәуір айына дейін - Алматы қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры. 2002 - 2003 жылдар аралығында Алматы қаласы Жетісу ауданы прокурорының орынбасары. 2003 жылдың сәуір айынан 2007 жылдың мамыр айына дейін - Алматы әуе көлік прокуроры. 2007 жылдың мамыр айынан 2009 жылдың желтоқсан айына дейін - Оңтүстік-шығыс аймақтық көлік прокурорының орынбасары. 2009 жылдың желтоқсан айынан 2010 жылдың қараша айына дейін - Оңтүстік-шығыс аймақтық көлік прокурорының бірінші орынбасары. 2010 жылдың қараша айынан 2011 жылдың сәуір айына дейін - Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары м.у.а. 2011 - 2012 жылдар аралығында Ақмола облысының прокуроры. 2012 жылдың сәуір айынан шілде айына дейін - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қарамағына алынды. Ал 2012 жылдың шілде айынан 2013 жылдың қазан айына дейін - Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары. 2013 жылдың қазан айынан 2016 жылдың 15 ақпанына дейін Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған.

null 169 жыл бұрын (1849-1909) шығыстанушы, этнограф, орыс географы ПАНТУСОВ Николай Николаевич дүниеге келді.

Ресейде туған. Санкт-Петербор университетінің шығыс тілдері факультетін бітірген. 1871-1908 жылдары Түркістан өлкесінде Жетісу облыстық әскери губернаторының кеңсе меңгерушісі, Жетісу облысы мен Құлжа ауданы бойынша оқу мекемелерінің меңгерушісі, Түркістан генерал-губернаторының айрықша тапсырмалар жөніндегі шенеунігі, тағы басқа да қызметтер атқара жүріп, Қоқан жорығына қатысты. Ол әкімшілік қызметін ғылыми жұмыстармен сабақтастыра жүргізіп, қазақ, өзбек, тараншы (ұйғыр), тағы басқа шығыс тілдерін үйренумен тыңғылықты шұғылданды.

Ол Түркістан өлкесінен көне мұраларды жинап, Ресей мен Түркістан, Жетісу облыстық мұражайларына өткізіп тұрды. Жетісу өлкесінен сирия-түрік жазуларын тауып, оқыды. Қоқан хандарының мұрағатын алғашқылардың бірі болып зерттеді. Н.Пантусов басқа да көптеген ғылыми еңбектер жариялаумен бірге Жетісу облысы халықтарының тарихы, археологиясы, этнографиясы, тілі, нумизматикасы жөнінде бірнеше еңбектер жариялады. Оның қазақ тілі мен фольклорына байланысты 1899-1909 жылдары жазған «Материалы к изучению казак-киргизского наречия» және «Обрацы киргизской литературы» еңбектерінің құндылығы жоғары.

null 114 жыл бұрын (1904-1989) испан суретшісі, кескіндемеші, сюрреализмнің аса көрнекті өкілі ДАЛИ Сальвадор дүниеге келді.

Испанияның Каталония қаласында туған. 1921-1926 жылдары Мадридтегі Сан-Фернандо сурет академиясында оқыған. Ол 1928 жылы түбегейлі сюрреализм ағымына бет бұрды. Дали картиналары өткір шындық пен турашылдықты, дәлдікті, заттар мен құбылыстардың қалыптан тыс, қисынсыз көрінетін бейнелері, қорқынышты көріністер, нәрселердің оғаш, мағынасыз қалып-күйлері арқылы баяндайды. 1941 жылдан бастап  суретші діни тақырыптарға суреттер салды. Олардағы эксцентрлік фантастика, ыждағатты жазу мәнері классикалық композиция тәсілдерінің қолданысымен ұштасып жатыр. Сюрреалшыл кескіндемешілер қатарындағы аса ірі, ең танымал суретшілердің бірі Дали шығармалары - ХХ ғасырдағы өнердің барлық дерлік салаларына елеулі ықпал еткен көркемдік құбылыс болып табылады. Далидің «Рафаэльдің мойнымен жалғасқан автопортрет», «Терезеден қарап тұрған қыздың арқа жағынан қарағандағы көрінісі», «Азамат соғысының салқыны», «Carne de gallina Rinocerontica», «Балық аулау», тағы басқа белгілі туындылары бар.

 

Соңғы жаңалықтар