11 күннің ішінде дәрі-дәрмек сату саласында 400-ге жуық құқықбұзушылық анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 11 күннің ішінде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сату саласында 396 құқық бұзушылық анықталды. Бұл туралы ҚР Қауіпсіздік кеңесі аппаратынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп, жартыжылдықтың қорытындысы шығарылған Үкіметтің кеңейтілген отырысында коронавирус инфекциясы індетімен күреске байланысты талайлар сын тезіне де ұшырады. Ауруға шалдыққандар санының қарқынды өсуінің аясында қажетті дәрі-дәрмек тапшылығы елдің ұлттық қауіпсіздік жүйесіне айтарлықтай қатер төндірді.

Біреулер үшін ауру - бұл қажетті дәрі-дәрмекті таба алмау және жақындарынан айырылу болса, ал енді біреулерге - өз отандастарының есебінен байлыққа жету, дүние табу болды. Әлеуметтік желілерде Қазақстан төтенше жағдай күндерінде шетелдерден алған гуманитарлық көмектің дәріханаларды сатылып жатқаны, сонымен қатар дәрі-дәрмек тапшылығы қолдан жасалғаны және оларды айтарлықтай жоғары бағамен алаяқтық жолмен саудаланатындығы туралы ақпарат тарап кетті.

Әрине, мұндай жайт Мемлекет басшысының да тыңғылықты назарынан тыс қалған емес.

«Қазір біз соғыста жүрміз. Сондықтан әрбір басшыдан жедел мәселелер мен тапсырмаларды шешуде барынша тиімділік талап етіледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент нақты шешімдер мен әрекеттерді құқық қорғау құрылымдарынан да талап етті. Дәрі-дәрмек мен медициналық бұйымдар айналымын бақылау ҚР Президенті Әкімшілігінің үйлестіруімен Қауіпсіздік кеңесінің аппаратына жүктелді.

Бүкіл ел аумағында шұғыл түрде фармацевтикалық ұйымдар қызметінің Денсаулық сақтау министрінің дәрілік заттарды бөлшек саудада сатуға арналған шекті баға туралы бұйрығы талаптарын орындауына қатысты тексеру басталып кетті.

Қазіргі уақытта бағаны негізсіз көтеруден бөлек дәрі-дәрмекті тіркеусіз, лицензиясыз және өзге де рұқсат құжатынсыз тіпті дәріханалар, интернет-ресурстар, әлеуметтік желілер және мессенджерлер арқылы сату фактілері анықталып жатыр.

11 күннің ішінде, 5-16 шілде аралығында Қаржы министрлігінің Экономикалық тергеулер қызметі, ІІМ және ҰҚК Шекара қызметі дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сату саласында 396 заң бұзушылықты анықтады. Оның 76-сы Қылмыстық кодекс баптарына сай келеді. Тәркіленген дәрілік заттардың барлығы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне беріледі. Одан ары пациенттерді емдеу барысында қолданылатын болады.

Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ лауазымды тұлғаларының бюджет қаражатын ұрлауы, жекелеген азаматтардың медициналық маскаларды ірі көлемде заңсыз сатуы, сонымен қатар медициналық ұйымдардың жекелеген басшыларының ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлауға тырысуы фактілері бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

ҚР Қаржы министрлігінің Экономикалық тергеулер қызметі коронавируспен күреске бөлінген мемлекеттің ақша қаражатын ірі көлемде алаяқтықпен ұрлау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде.

Бұған қоса, Президент Әкімшілігі және Қауіпсіздік кеңесі аппаратының бірлескен бастамасымен құқық қорғау органдары коронавируспен күреске бағытталған шетелдік гуманитарлық жүктердің мақсатты әрі тиімді пайдалануына тексеруді бастады.

Дәрілік заттарды жасырып қалу, баға ымыраласу, гуманитарлық көмекпен келген дәрілерді қайта сату немесе емдеу мекемесінен ұрлау жайттарының жолын кесуге бағытталған шаралар жалғасып жатыр.


Соңғы жаңалықтар