#10yearschallenge адам туралы не айта алады? - Әлемдік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолуын ұсынады.

Мишықтың эмоцияны бақылауға жауап беретіні анықталды - Scientific American
null

Екі ғасыр бойы мамандар мишықтың тек қозғалыс аппаратын бақылайтынына сеніп келеді. Дегенмен, Scientific American басылымының жазуынша, мишықтың басқа да қызметтері бар екен.

«Ғалымдар мишықтың когнитивті қызметтен басқа ақпараттың эмоционалды қабылдануы мен әлеуметтік іс-әрекеттерге де әсер ететінін анықтады. Яғни, кішкентай ғана мишық үлкен қызметтер атқара алатын болып шықты. Оның көлеміне байланысты нейробиологтар мишықты толық зерттемеген еді. Ең алғаш мишыққты француз филиологы Мари-Жан-Пьер Флуранс зерттеп, оның қозғалысқа әсер ететінін, ол болмаса тепе-теңдікті сақтау қиынға соғатынын анықтаған болатын. Мишықтың одан басқа қызметі болуы мүмкін екені осы күнге дейін зерттелмеді», деп жазады басылым.

Автордың айтуынша, зерттеу нәтижесінде ғалымдар мишық адамның әлеуметтік ортадағы іс-әрекетіне де жауап беретінін анықтаған. Ал зерттеу авторларының бірі профессор Ходаханың айтуы бойынша, мишықтың қозғалыстан басқа қызметке әсері туралы зерттеулер ғана емес, мәліметтер де жоқтың қасы.

«Италиядағы Павия университетінің нейрофизиологы Эгидио Д'Анджело мен зерттеуге қатыспаған басқа да мамандар бұл нейробиологиядағы үлкен жаңалық екенін айтты. Олардың айтуынша, мишықтың эмоциялық реакция мен қарым-қатынасқа әсері туралы тереңірек зерттеуге болады», деп жазады басылым.

Instagram-ның жаңа алгоритмі - шешілмеген жұмбақ - The Independent
null

Instagram әлеуметтік желісінің ресми өкілдері пайдаланушылардың жарияланымдары көріліміне байланысты жаңа алгоритмге қатысты қоғамда теріс пікір мен жаңсақ түсінік қалыптасып жатқанын айтты. The Independent басылымының жазуынша, Instagram алгоритмі әлі де көпшілікке жұмбақ күйінде қалып отыр.

«Әлеуметтік желінің жаңа алгоритміне сәйкес, пайдаланушыға көрінетін жариланымдар мен аккаунттар бұрынғыдай жүйелі реттілікпен емес, белгілі бір мәліметтер негізінде сұрыпталатын болады. Дегенмен, ол қандай мәліметтер екені әлі де түсініксіз. Бұл шешілмеген жұмбақ халық арасында жаңсақ пікір мен теріс мәліметтер легін арттырды. Солардың бірі - Instagram пайдаланушының жарияланымын шектеулі аудитория ғана көрсетеді. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл қате ақпарат және жарияланымды көрушілерге еш шектеу қойылмаған. Десе де, олар жаңа алгоритмнің қалай жұмыс істейтінін ашып айтпады», деп жазады басылым.

«Туиттер әлеуметтік желісінде компания өкілдері жарияланымды көретін кезде пайдаланушы басымдық беретін акккаунттар алға шығатынын, яғни, көп лайк басып, сақтап алынатын парақшалар бірінші көрінетінін айтты. Одан кейін жарияланым уақыты, Instagram-ға кіру жиілігі де көрінетін посттарға әсер ететін болады», дейді автор. Оның айтуынша, пайдаланушылар бұрынғы хронологиялық алгоритмге қайтып оралуды сұрап жатыр.


Есте сақтау қабілетін ұйықтап жатып та жақсартуға болады - Current Biology
null

Ғалымдар еріктілер тобына жүргізілген зерттеуден кейін адам ұйықтап жатып та білім алып, жаңа ақпаратты меңгере алатынын анықтады. Current Biology басылымында жарияланған ғылыми мақалаға сенсек, швейцариядағы Берн университетінің қызметкерлері есте сақтау қабілетін ұйықтап жатып та жаттықтыруға болатынын жазған.

«Ұйқы кезінде адам миы ақпаратты сұрыптап, күндіз көргендерді есте сақтауға көмектеседі. Зерттеу авторларының айтуынша, осы күнге дейін ғалымдар ұйқы кезінде қосымша ақпаратты есте сақтауға болмайды деген сенімде келсе де, бұл тұжырымды зерттеп көруге бекінген. Зерттеуге 76 адам қатысқан», деп жазады басылым.

Автордың айтуынша, зерттеуге қатысушыларға ұйқы кезінде жаңа ақпарат жазылған аудио тыңдатылып, соңында қатысушылар тест тапсырған. Осылайша ғалымдар ұйқы кезінде тыңдалған ақпараттың есте сақталу көрсеткішін зерттеп көрген.

«Тест тапсырған кезде қолданылған МРТ қатысушылардың жаңа ақпаратты қабылдағанын және оған бейсаналы есте сақтау қабілетіне жауап беретін ми бөлігі қатысқанын анықтады. Ғалымдар болашақта бұл когнитивті қиыншылықтары бар адамдарға көмектесе алатынына сенімді», деп жазады автор.


Facebook адам табиғатын қалай өзгертті? - The Guardian
null

2004 жылы құрылған Facebook әлеуметтік желісі адамдарды бір-бірімен байланыстыратыны анық. Дегенмен, осы он бес жыл ішінде әлеуметтік желі адамның іс-әрекеті мен өмір салтына әсер еткені анық. The Guardian басылымы Facebook адамдардың табиғаты мен өміріне қалай әсер еткені туралы көлемді мақала жариялап, әлеуметтік желінің кері әсері басым болғанын айтты.

«Он бес жыл бұрын Facebook алдымен Гарвард, кейін Колмбия, Стэнфорд және Цель университеттерінің студенттеріне ғана арналған болса, бүгінде бүкіл әлем бойынша оның 2,2 миллиард пайдаланушысы бар. Ал Цукерберг 55 миллиард доллар иесі», дей келе автор әлеуметтік желіде пайдаланушылар «өтірікті көп айтатынын» жазған.

«2016 жылы Custard аналитикалық компаниясы екі мың адамнан сауалнама алып, олардың тек он сегіз пайызының Фейсбуктегі парақшасындағы ақпараттың шындық екенін білген. Сонымен қатар Фейсбук адамның шынайы «Менін» жоғалтуға әсер етеді. Себебі бүгінде әлеуметтік өмір мен жеке өмір арасындағы шекара жойылып барады», деп жазады автор. Оның айтуынша, адамдар демалуға баратын қоғамдық орындарда, яғни, концерттер мен театрларда да қойылымнан ләззат алып, жан тыныштығында отыратын адам азайған.

«Фейсбук әлемді шуы басылмайтын үлкен жатақханаға айналдырып жіберді. Цукерберг адамдарды жақындатқысы келгенімен, кейде өз өзімен тыныштықта болу да адамға керек емес пе?», дейді автор.



#10yearchallenge адам туралы не айта алады? - The New York Times
null

Соңғы бір айда бүкіл әлем бойынша әлеуметтік желілерде #10yearchallenge хэштегі кең танылды. Яғни, 2009 және 2019 жылғы суреттерін қатар қойып, салыстырушылар қатары көбейді. The New York Times басылымында жарияланған мақалада автор бұл челленджің кері әсері де бар екенін жазып, мамандар пікірін біліпті.

«Бір көргенде он жыл бұрынғы суретің мен қазіргі суретіңді жариялаудың еш қиындығы да, еш мәні де жоқтай көрінеді. Адамдар осы арқылы өзінің қалай өзгергенін байқайды, басқаларға да соны көрсетуге тырысады. Осы айда Instagram мен Facebook-те кең танылған ойынның басқа да әсері бар екені анық», деп жазады автор.

Оның айтуынша, бір қарағанда ойынның еш зияны жоқтай көрінеді. Дегенмен, фотолар мен комментарийлердің артуы адамның қарттық туралы пікірінің барометрін қалыптастыра бастағандай болды.

«Дьюк Университетінің когнитивті неврология орталығының директор орынбасары Кевин Лабардың айтуынша, бұл ойын адамның атаққұмарлығын, эгоизмін, өзімшілдігін көрсетеді. Ал Carolina Meadows орталығының директоры Эми Горели челлендждегі кері байланыс жастарды алтын стандарт етіп көрсететінін айтты.», деп жазады басылым.

Автордың айтуынша, мамандар #10yearchallenge, яғни, өзін он жыл бұрынғы өмірі мен қазіргі уақытты салыстыру адамның психологиясына кері әсер етіп, адам бойындағы үмітсіздік, әлсіздік, жабырқау және қобалжу сезімін күшейтетінін айтқан.

«Әрине, тұлғалық даму көрсеткішін көрсеткісі келетіндер, жетістіктерімен мақтанғысы келетіндерге бұл ойын жақсы әсер етеді. Адам өз амандығына шүкіршілік етіп, қарттықты жеңіл қабылдауға көшеді. Дегенмен, осы он жыл ішінде ауыр сырқаттан емделгендер, ажырасу немесе басқа да қиын жағдайда болғандар үшін челлендж сенімсіздік сыйлап, үмітін өшіруі мүмкін», деп жазады автор.

Оның айтуынша, бұл ойын адамның өз өзін танытуына, эгосын қанағаттандырып, мақтаныш сезіміне қол жеткізуге таптырмайтын құралға айналған.

Соңғы жаңалықтар