«100 жаңа оқулық» студенттерге үлкен өмірлік азық болады - ЕҰУ ректоры

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітаптар міндетті түрде ЖОО-ның білім бағдарламасында қамтылады. Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«100 жаңа оқулық» жобасы Елбасының тапсырмасымен іске асқан аса қажетті қадам. Соның негізінде таяу арада 100 оқулық толықтай қазақ тілінде пайда болады, оның ішінде 18-і таныстырылды. Өте керек кітаптар. Арнайы комиссияның шешімімен аталған кітап аудармаға жіберілді. Атап айтқанда, аудармашылар ретінде Қазақстандағы тиісті саланың білікті мамандары тартылды. Сондықтан аударылған оқулықтарға қатысты қоғамда оң пікір айтылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар мультипликативтік нәтиже береді. Осы орайда аударма кенже қалып қойған саланы көтеруге жол ашады. Өйткені ол кез келген ұлттың тілін, терминологиялық қоржынын кеңейтеді, жаңа ұғымдар енеді» - деді ЕҰУ ректоры. 

Сонымен қатар университет басшысы бүгінде қазақ тілінде оқитын студенттер саны айтарлықтай артқанын атап өтті.

«Бұл жай ғана аударма емес, яғни алдыңғы қатарлы озық оқулықтар қазақ тіліне түсірілді. Сол кітаптар арқылы тілімізге жаңалық енгіземіз. Қазақ тілінде оқитын студенттер мен топтардың саны жыл сайын артып келеді, сәйкесінше, тілімізге қызығушылық ерекше. Сондықтан аударылған оқулықтар білім бағдарламасына енгізілетіндіктен, студенттердің оқуында жеңілдік болатынын білдіреді. Гуманитарлық бағыттағы кафедраларды күшейту тапсырмасы жүктелді. Мына оқулықтар сол кафедраларда қызмет ететін мұғалімдерге де, оқитын студенттерге де үлкен өмірлік азық», - деді Ерлан Сыдықов.

Айта кетейік, «100 жаңа оқулық» жобасы аясында озық кітаптарды аудару ісіне Еуразия ұлттық университетінің де оқытушылары мен ғалымдары қатысты.

Еске салсақ, биыл 12 сәуірде «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырылған болатын.

Соңғы жаңалықтар