100 жаңа оқулық: Ғалымдар «Әдебиет теориясы» жинағын талқылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған «Әдебиет теориясы» жинағын ғалымдар талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференцияда кіріспе және 4 томдық антологиядан тұратын «Әдебиет теориясы» жинағын ағылшын тілінен қазақ тіліне аудару кезіндегі жұмыстар сараланды. Аударма сапасы, жаңа ғылыми ұғымдар, терминдер қолданысы сөз болды. Ғалымдар бір топ батыс әдебиетшілері дайындаған еңбектің мазмұны мен құрылымына және оларды оқу бағдарламасына енгізу мәселелеріне кеңінен тоқталды.

«Бұл еңбек АҚШ пен Англияда үш рет басылып шыққан. Кітап авторлары Джули Ривкин мен Майкл Райан. Екеуі де тәжірбиелі ұстаз. Әр қайсысы 20 жылдан астам уақыт колледждер де дәріс берген. Аталған жинақтардың ауқымы кең. Бұл кітаптар әдебиеттануды басқа салалармен байланыстыра отырып, оған анағұрлым кең көзқарас қалыптастырады», -деді филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов.

Ғалымдар мен әдебиетшілер бұл еңбектердің қазақ тіліне аударылуы қазақстандық әдебиет саласы мен ғылыми ортаның дамуына, тіліміздің заманға сай әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті.

«Антологияның екінші томындағы мен ерекше назар аударған тақырыптар Р. Барттың «Автордың өлімі» және «Шығармадан мәтінге» тақырыптарында ұсынылған маңызды тұжырым-талдаулары болды. Сондай-ақ, «Билікке құштарлық» атауымен енген Ф.Ницшенің, «Дифферанс», «Қатерлі толықтама» тақырыбындағы Жак Дерриданың, «Түс жору» мен «Тылсым» тұжырымдары бүгінгі әдеби туынды табиғатын тану үшін де, теориялық талдаулар негіздерін қалыптастыру үшін де қажетті дүниелер»,-деді филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында 48 оқулық аударылды.

Соңғы жаңалықтар