10 сынып оқушысы екі көзі көрмейтін анасын асырап отыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Наурызбай аудандық «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы бір ұл бағып отырған жалғызбасты анаға атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық мамандары бұл отбасыны көпшіліктің көрсетуімен тапқан. Жалғызбасты, өзі мүгедек ана 15 жастағы ұлымен қаланың шетінде 15 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады екен.

«Бұрын бұл әйел тігін тіккен. Қазір екі көзінің көрмей қалуына байланысты жұмыс жоқ, үйде отыр. 15 жастағы баласы 10 сыныпта оқиды. Ол оқудан бос кезінде көлік жуып ақша табады екен. Үйінің нан-суын сол бала ажыратып отыр. Баласы керемет тәрбие алған. Анасын киіндіреді, жуындырады, тамақтандырады. Ол кісілердің жағдайын түсіну үшін көру керек. Бұл отбасы соңғы жылдары мүлде ет жемеген. Осындай нағыз мұқтаж адам АӘК қағылып қалған. Әкімдікке барып құжаттарын реттеп, айына 42 280 теңге атаулы көмек, бір реттік 53 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындадық. Бұл қаражат олар үшін байлық десе де болады», - деді орталықтың үйлестірушісі Нағигүл Бейсембина.

Енді «Бақытты отбасы» орталығы мүгедек әйелдің көзіне ем жасатпақ.

«Біздің бір ерекшелігіміз - мемлекеттік қызметкерлерден гөрі әр адамның тағдырын жекелеп қарауға тырысамыз. Бұл әйел мұның алдында да барған әкімдікке. Бірақ оған көмек көрсетілмеген. Себебі тұрып жатқан саяжайына сол тұрғын үй иесінің табысы қоса есептеліп кеткен. Сол себепті ол кісі АӘК ала алмаған. Енді бұл кісіге біз айына бір рет азық-түлік себетімен көмектесетін боламыз», - деді орталықтың жетекшісі Сана Жандай.


Соңғы жаңалықтар