+7 (701) 759 90 19
USD 423.95 EUR 495.81
RUB 5.84 CNY 65.6
Jańalyqtar

1 тамыз. Туған күн иелері

2021 жылғы 1 тамыз 08:08
Бөлісіңіз:
1 тамыз. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат 1 тамызға арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

128 жыл бұрын (1893-1966) музыка аспабын жасаушы шебер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның дәстүрлі көне музыка аспаптарын жетілдіру ісімен айналысқан тұңғыш органолог, Баян Өлгий аймағының құрметті азаматы Қамар ҚАСЫМОВ дүниеге келген.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. 20 ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы мәдени бетбұрыстардың бел ортасында болып, көне қылқобызды, сал-серілердің тоғыз пернелі қара домбырасын, аңшылық пен саяткерліктің аясында ғана қолданылып келген дауылпаз бен шыңдауылды, бақташылардың сыбызғысын классикалық аспап дәрежесіне дейін жетілдіріп, оркестрлік шығармаларға лайықтап жасаған. Қасымов жасаған ұлттық аспаптар әр түрлі деңгейде өткен халықаралық көрмелерге қойылған. Республикамызда алғаш ашылған музыкалық аспап жасау шеберханаларының ісін жолға қойып, Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптар оркестрі мен Жамбыл атындағы Қазақ филармониясының және Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының музыканттарын оркестрлік үлгіде жасалған музыкалық аспаптармен қамтамасыз еткен. Қасымов жасаған музыкалық аспаптар Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Семей қалаларындағы мұражайларда сақтаулы. Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен және Моңғолия үкіметінің ең жоғарғы «Алтын гадс» орденімен марапатталған.

89 жыл бұрын (1932-2013) композитор, Қазақстанның Еңбек Ері, СССР халық әртісі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Еркеғали Рахмадиұлы РАХМАДИЕВ дүниеге келді.

Семей облысының Шұбартау ауданындағы бұл күндері Мәдениет деп аталатын ауылында дүниеге келген. 1948 жылдың маусым айында концерттік ансамбльмен Нұрғиса Тілендиев, Бекен Жылысбаев және баянда ойнайтын Константин Ошлаковтар ауылға келеді. Олардың ойында Балқаш маңындағы ауылдарға өнер көрсетумен қатар, П.И.Чайковский атындағы училищеге дарынды жасөспірімдерді таңдап алу мақсаты да бар еді. Жоғары сыныптардың оқушыларын тыңдап, сынаған комиссия мүшелері олардың ішінен Еркеғалимен қоса есептегенде төртеуін таңдап алды. Еркеғали 1948 жылдың күзінде домбыра класы бойынша музыкалық училищенің оқушысы болып қабылданды. Училищені ойдағыдай тәмамдаған Еркеғали 1952 жылдың жазында емтихандарды жақсы тапсырып, консерватория студенті атанды. Ол қабылдау сынында қобызға арналған «Трио» пьесасын және «Жасыл орман» әнін орындады. Енді Еркеғали Л.Хамидидің ұсынысымен профессор Евгений Брусиловскийдің класында өнерін жетілдіруге кірісті. 1957 жылы Еркеғали Рахмадиев өзінің дипломдық жұмысы ретінде Мемлекеттік емтихан комиссиясының алдына «Қамар сұлу» операсының бірінші бөлімін ұсынды. Оның ұстазы Е.Брусиловский келешек Қазақстанның көрнекті композиторы болатындығын таныған-ды. Осы бағытта білімін дамыта түсу үшін Е.Рахмадиев П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясына бір жылдық тәлім алуға келді. 1962 жылы Мәскеуде жас композиторлар конкурсында Еркеғали Рахмадиевтің «Балқаштағы кеш» атты хорға арналған поэмасы бірінші дәрежедегі дипломмен бағаланды. «Қамар сұлу» операсының 1963 жылдың 15 сәуірінде Абай атындағы ҚМАОБ театрында қойылуы оны үлкен шығармашылық шабытқа жетелейді. 1970 жылы композитор оркестрдің қолдауымен трубада орындалатын «Скерцоны» вокалдық-хореографиялық «Қызыл киіз үй» композициясын, М.Әуезовке арналған лирикалық поэма-реквиемін, «Аястан» атты кантатасын және драмалық қойылымдарға арналған «Қабаған ит», «Әке тағдыры», «Сұхбаттасу» музыкаларын жарыққа шығарды. 1972 жылы опера «Алпамыс» тәмамдалды, оған ілесе шығарылған симфониялық күй «Дайрабай» оған үлкен жетістік әкелді. 1980 жылы Қ.Мұхамеджановтың либреттосы бойынша «Тың туралы» жаңа операны өмірге әкелді. 1980-жылдары Еркеғали Рахмадиевтің трубалық оркестрдің қостауымен және скрипкаға арналған, оркестр демеуімен орындалатын концерттік екі шығармасы тағы да өмірге келді. Қыздар педагогикалық институтында оқытушы болған. 1958-1959 жылдары Алматы консерваториясында фольклор кабинетін басқарды, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жетекшісі, 1961-1965 жылдары Қазақ КСР-нің Мәдениет министрлігінде Көркемөнер бас басқармасының бастығы, ал 1966 жылы Абай атындағы опера және балет театрының директоры болып тағайындалды. 1967 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның ректоры, 1968 жылы Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы және КСРО Композиторлар одағының хатшысы. 1991-1993 жылдар аралығында ҚР Мәдениет министрі. Жемісті еңбектері үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Отан» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР-ның және Армения, Өзбекстан, Эстония республикаларының, Татар автономиялық республикасының мақтау грамоталарымен марапатталған. 1966 жылы оған Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, 1975 жылы Халық әртісі, 1981 жылы КСРО халық әртісі атағы берілді, ал 1980 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы тапсырылды. 2010 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атанды.

60 жыл бұрын (1961-2016) қоғам қайраткері Салидат Зекенқызы ҚАЙЫРБЕКОВА дүниеге келген.

Қарағанды облысында туған. 1984 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «емдеу ісі» мамандығы бойынша, 2002 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2001-2006 жылдары - Қазақ мемлекеттік медицина академиясының қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтауды басқару кафедрасының ізденушісі. 1984-1998 жылдары Қарағанды облысының медицина ұйымдарында дәрігер-невропатолог, Қарағанды көпбейінді емдеу-диагностикалық бірлестігі бас дәрігерінің орынбасары болып жұмыс істеді. 1998-2001 жылдары - Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің бастығы, Қарағанды облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының № 5 медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының төрайымы. 2001-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бөлім бастығы, басқарма бастығы, Емдеу-профилактикалық жұмыс департаменті директорының орынбасары, Министрліктің Аппарат басшысы қызметін атқарды. 2004-2006 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина академиясының проректоры болды. 2006-2008 жылдары - Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас сарапшысы, бас инспекторы, әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушісі. 2008 жылғы 4 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің төрайымы. 2009 жылғы 5 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің төрайымы. 2010 жылғы 23 сәуірінен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі. 2010 жылғы 7 қазаннан Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі. 2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бірінші вице-министрі, 2015-2016 жылдары «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрайымы болды.

Медицина ғылымдарының докторы. «Құрмет» орденімен марапатталған.

50 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасының Португалиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дәулет Қасекенұлы БАТЫРАШЕВ дүниеге келді.

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтын, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясын бітірген. Инженер-менеджер. Дипломаттық дәрежесі – ІІ сыныпты Төтенше және өкілетті елші.

МАД «Невада-Семей» үйлестіру кеңесі хатшылығының аудармашы-референті, «Поршень-комплект» өндірістік-коммерциялық орталығы директорының сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі орынбасары, ҚР Президенті Аппараты халықаралық бөлімінің маманы, аға маманы, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Королдігіндегі Қазақстан Республикасы Елшілігінің атташесі, ҚР Сыртқы істер министрі хатшылығының екінші, бірінші хатшысы, ҚР Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, ҚР Премьер-Министрінің көмекшісі, ҚР Сыртқы істер министрлігі аппаратының басшысы, Амстердам қаласындағы ҚР Бас Консулы, Нидерланды Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының уақытша сенімді өкілі, Сыртқы істер министрлігі ерекше тапсырмалар бойынша Елшісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті елшісі болып қызмет атқарған. Екі медальмен марапатталған.

2019 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

45 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Медеғалиұлы ЖАЗЫҚБАЕВ дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, ҚР ІІМ Қостанай заң институтын бітірген. Философ, философия пәнінің оқытушысы, заңгер. Философия ғылымдарының кандидаты.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы заң институтында, академиясында оқытушысы, Ішкі істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, ҚР ІІМ академиясы Кадрлар жұмысы бөлімінің бастығы, Парламенті Сенаты Аппараты Әкімшілік бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Кадр жұмысы және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің меңгерушісі; «KEGOC» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі; Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппараты Басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істеген.

Қазіргі қызметін атқаруға 2019 жылғы маусымда кірісті.

«Құрмет» орденімен, екі медальмен марапатталған.

43 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Ерасылқызы ӘБІЛҚАСЫМОВА дүниеге келді.

«Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша Қазақ Мемлекеттік Басқару академиясының түлегі. 2002 жылы Колумбия университетін аяқтады. «Экономикалық саясатты басқару» мамандығы бойынша халықаралық қатынастар магистрі. Сонымен қатар, «Мемлекеттік басқару магистрі» мамандығы бойынша Кеннеди атындағы Гарвард Мемлекеттік басқару мектебін аяқтады.

1999-2003 жылдары аралығында ҚР Стратегиялық жоспарлау агенттігінде, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жұмыс істеді. 2004-2006 жылдары «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ Мемлекеттік саясатты талдау департаментінің директоры. 2006 жылдың ақпан айынан бастап, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалды. 2008 жылдың наурыз айынан бастап, ҚР Президенті Әкімшілігінің стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары. 2011 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда вице-министрі болып тағайындалды. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі (2013-2014); ҚР Ұлттық экономика вице-министрі (2014-2018); Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі (2018-2019); Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары (03.2019-12.2019).

Қазіргі лауазымын атқаруға 2019 жылғы желтоқсанда кірісті.

43 жыл бұрын (1978) Павлодар облысы әкімінің орынбасары Динара Шәуәлітқызы ШАЙМҰРАТОВА дүниеге келді.

Көкшетау облысында туған. 2000 жылы Алматы технология және бизнес университетін «экономист» мамандығы бойынша, 2017 жылы Қаржы академиясының магистратурасын тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1997-2000 жылдары Алматы қаласында, Алматы облысында салық органдарында қызмет етті. 2000-2004 жылдары Қаржы полициясы агенттігінде жұмыс істеді. 2004-2018 жылдары – ҚР Қаржы министрлігі бухгалтерлік есеп және есеп беру басқармасының басшысы, ішкі қаржы әкімшілік департаментінің басшысы. 2018-2021 жылдары – ҚР Қаржы министрлігінің жоспарлау және бухгалтерлік есеп департаментінің басшысы.

Қазіргі қызметінде 2021жылдың сәуір айынан бастап.

39 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Вакиль Гусейнович НАБИЕВ дүниеге келді.

Ош облысында ( Қырғыз КСР) туған. Білімі жоғары. 2004 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «халықаралық құқық» мамандығы бойынша, 2010 жылы «Тұран» университетін «экономист» мамандығы бойынша, 2014 жылы Абай атындығы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «мәдениеттану» мамандығы бойынша, 2017 жылы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «саясаттану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2005-2011 жылдары – «ABS Строй» ЖШС директорының орынбасары. 2011-2012 жылдары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің құқықтық қызмет бөлімінің бас юрисконсульты. 2012-2014 жылдары – Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жарасым» республикалық жастар ұйымы төрағасының орынбасары. 2014 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы «Қазақстан күрдтерінің қауымдастығы «Барбанг»» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті. 2016-2018 жылдары – Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жарасым» республикалық жастар ұйымы төрағасының орынбасары. 2016-2021 жылдары – «Қазақстан күрдтерінің қауымдастығы «Барбанг» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық бөлімінің төрағасы.

Қазіргі қызметінде 2021 жылдың қаңтар айынан бастап.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл»,»Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Nur Otan» партиясының Алғыс хаттарымен марапатталған.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аяулым Алтынбек

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT