1 шілдеден бастап СҚО әкімінің екі орынбасары қысқарады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шілдеден бастап бес орынбасарының екеуі қысқаратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімінің айтуынша, оның қазір түрлі салаға жауапты 5 орынбасары бар, алайда шілдеден бастап олардың екеуі қысқартуға ілікпек.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметшілерді қысқарту жүріп жатыр. Бұл дұрыс деп есептеймін. Атқарушы органдардың құрылымы оңтайлы болуға тиіс. Барлық өкілеттіктерді төменге беру керек. Негізінен аудандық және ауылдық әкімдіктер шешім қабылдайды, рұқсат береді, адамдармен байланыста болады. Ал бізде керісінше құрылған. Облыс әкімдігінде бақылау мен саясат қалуы тиіс. Мемлекеттік қызметшілер өз біліктілігін сақтауы тиіс деп есептеймін. Еңбекақы өсті, енді тиісті түрде жұмыс істеу керек. Кейбір нәрселерге білместікпен жол береді. Олай болмауы тиіс», - деді Құмар Ақсақалов.

Аймақ басшысының баспасөз қызметі әкімнің қандай орынбасарлары қысқартуға ұшырайтынын нақтыламады.

Баспасөз хатшысы Тимур Әбдірешовтың айтуынша, алдымен Қаулыға қол қойылуы тиіс, тек содан кейін ғана ақпарат қолжетімді болмақ.

Бұған дейін СҚО-да Спасовка ауылдық округінің әкімі Азамат Жолдаяқовтың 130 мың теңге пара алды деген күдікпен ұсталғанын айтқан едік.

Шенеунік қылмысын мойындап, тергеумен келісімге келді.

Бұл қызметке бір жыл бұрын ғана келген ер адамға қатысты қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар