1 сәуірден бастап темекі өнімдерінің барлық түрлерін цифрлық таңбалау міндетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 1 сәуірден бастап темекі өнімдері мен темекі алмастырғыштардың барлық түрлері үшін цифрлық таңбалау міндетті. Бұл туралы ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұдан былай өндірушілер мен импорттаушылар сигареттерді ғана емес, сигараларды, сигариллаларды, кальян темекісін және тіпті электрондық сигареттерге арналған стиктерді де Data Matrix кодымен таңбалауы тиіс.

Осы топтардың таңбаланбаған тауарларының қалдықтары 2022 жылғы 1 сәуірге дейін сатылуы мүмкін. Бұл норма «Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін айқындау туралы» ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 10 қыркүйектегі №568 қаулысымен реттеледі.

Қазақстанда баламалы темекі өнімдерінің сегменті негізінен (жалпы көлемнің 90%-тен астамы) электрондық сигареттерге арналған стиктермен ұсынылған. Бұл топтың негізгі импорттаушылары Филип Моррис Қазақстан и Бритиш Американ Тобакко Қазақстан компаниялары болып табылады.

Сигаралар мен сигариллаларды Қазақстан нарығына жеткізушілердің аясы кеңірек, сондықтан олар үшін стикеттеу және заттаңбалау сияқты цифрлық таңбалаудың қосымша тәсілдері айқындалды. Олар таңбалау жабдықтарына күрделі шығындарды талап етпейді.


Соңғы жаңалықтар