1 мың га орман қалпына келмейтіндей өртеніп кетті – министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан елімізде 1 мың гектарға жуық орман қалпына келмейтіндей өртеніп кетті. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице министрі Ерлан Нысанбаев биылғы құрғақ жаз орман алқабына қаншалықты зиян келтіргенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдегі орман қорының 18-20 пайызы ғана Ұлттық мемлекеттік табиғи парктерде шоғырланған. Жалпы елімізде 65 мың гектардан астам алқапта өрт болды. Оның ішінде 31 мың гектары орманды алқаптарын шарпыған. Өрттің әр түрі болады. Орманның астымен өткен жалыннан табиғатқа көп зиян болмайды. Өйткені жанған шөп ағаш саясының арқасында қалпына келеді. Ал тұтас ағаш бойымен жүрген өрт қауіпті. Олай өртенген орман қайтып қалпына келмейді. Биыл ауа райы өте құрғақ. Орман өртіне қарсы қызметтер тәуліктік режімде жұмыс істеуде. Құрғақ ауа райы қыркүйек айында да сақталады. Тек қазан айында өрт қаупі сейілуі мүмкін», - деген министрлік өкілі құрғақ ауа райы биыл бүкіл жер шарын әбігерге салып жатқанын жеткізді.

«Бүгінде Бразилияда қатты өрт болып жатыр. РесейдіңОңтүстік Сібіріндегі өрт 3 млн гектарға жуық орманды шарпыды. Әрине, жалпы орман қоры 1 миллиард гектардан астам Ресей үшін ол аса бір үлкен шығын болмауы мүмкін. Ал біз үшін әрбір гектар алқап шығын. Жыл басынан бері орын алған өрттерден келген шығын көлемі 221 млн теңгені құрады. Әзірге өрт себептері зерттеліп жатыр. Қасақана өртеу фактілері тіркелген жоқ. Бізде өрттердің саны көп болғанымен, ауқымдары шағын. Қазірге дейін 1 мың гектарға жуық орман алқабы қалпына келмейтіндей болып өртенді», - деді Ерлан Нысанбаев.

Еске салсақ, Еске салсақ, Ерлан Нысанбаев брифинг барысында браконьерлер бір жарым жылда 700-ден астам киікті қырып салғанын айтқан болатын.

Брифинг барысында вице-министр қорықшыларға оқ өткізбейтін кеудешелер берілуі мүмкін екенін мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар