1 қазан. Туған күн иелері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 1 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

null
ЕСІМДЕР

140 жыл бұрын (1878-1956) педагог, жазушы, аудармашы КӨБЕЕВ Спандияр дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Ы.Алтынсарин ашқан ауылдық орыс-қазақ мектебінде сауат ашып, 1901 жылы Қостанайдағы мұғалімдер даярлайтын курсты бітірген. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықпен айналысып, жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу ісімен шұғылданған. Қазақ балаларына орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Өзінің 50 жылдық ұстаздық іс-тәжірибесін «Орындалған арман» атты мемуарлық әдеби еңбегінде баяндады. Ол ұстаздық жұмысты жазушылық қызметпен тығыз байланыстыра жүргізді. Орыс жазушыларының тәлімдік шығармаларын қазақ тіліне аударып, «Үлгілі тәржіме» (көпшілігі И.Крыловтың мысал өлеңдері) деген атпен жеке кітап етіп бастырып шығарды. 1912 жылы «Үлгілі бала» атты екінші оқу құралын (хрестоматия) жариялады. Оған өзі аударған Крыловтың мысалдарымен бірге қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінің озық нұсқаларын (аңыз, әңгіме, ертегі, мақал-мәтелдер) енгізді. Сонымен бірге, бұл хрестоматияға қазақ балаларына табиғаттың түрлі құбылыстары мен жануарлар әлемі туралы мәлімет беретін қызықты қысқа әңгімелер де енгізілді. 1913 жылы «Қалың мал» романын жазды. Романда сол кезеңдегі қазақ ауылындағы әлеуметтік жағдайлар шынайы баяндалған. Оның педагогикалық ой-пікірлері «Орындалған арман» атты мемуарлық романында, сондай-ақ, әр жылдардағы мерзімді басылымдарда жарияланған «Оқытушының беделді болуының маңызы», «Балаларды мәдениеттілікке тәрбиелеу», «Балаларды оқуға ынталандыру туралы» атты мақалаларында ғылыми тұрғыда баяндалды.
2 рет «Ленин» орденімен марапатталған.
109 жыл
бұрын (1909-1988) қоғам қайраткері, ғалым, экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым кайраткері БӘЙІШЕВ Сақтаған Бәйішұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Ақжар ауылында туған.
1927 жылы Темір орыс-қазақ жетіжылдық мектебін бітіріп, Қарсақпайда жас пионерлер аудандық бюросының төрағасы болған. 1930 жылы Түркістан қаласында БЛКЖО аудандық комитетінің хатшысы болып істеген. Осы жұмыстарда жүргенде-ақ С.Бәйішев экономикалық зерттеулермен шұғылдана бастаған. Журналистикаға деген құштарлық С.Бәйішевті республикалық жастар газеті - «Лениншіл жасқа» алып келеді. Мұңда ол алғашқыда бөлім меңгерушісі, сосын редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. С.Бәйішев 1937-1941 жылдары Алматы жоғары оқу орындарында сабақ берген. 1937-1938 жылдары - Қазақ Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1938-1941 жылдары - «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің жауапты редакторы. 1941-1945 жылдары - Кеңес Армиясы қатарында әскери құраманың комиссары, саяси бөлім бастығы, Кеңес Армиясының саяси басқармасы аппаратының жауапты қызметкері. 1946-1956 жылдары - КОКП Орталық комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институты Қазақ филиалының, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жанындағы Партия тарихы институтының директоры, 1956-1968 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті қызметімен қатар Экономика институтының директоры. 1968-1982 жылдары Экономика институтының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Осы жылдары ол елімізде ғылыми кадрлар даярлау, жаңа ғылым салаларын қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосты. Ол алпысқа жуық ғылым кандидаттары мен докторларының ғылыми жетекшісі болды. С.Бәйішев Карл Маркс «Капиталының» І-томының тарауларын, В.Лениннің «Ресейде капитализмнің дамуы», «Империализм - капитализмнің жоғары сатысы» атты күрделі еңбектерін тұңғыш рет қазақ тіліне аударған. Ғалым 1959 жылы Республика Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Ғылыми және қоғамдық қызметі кезінде 300-ден аса ғылыми мақала, 7 монография жариялады. Өмірінің соңғы жылдарын академик Сақтаған Бәйішев оқытушылық жұмысқа арнап, ғылыми кадрлар мен экономистердің жаңа ұрпағын даярлау саласында ұланғайыр іс тындырды.
Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. КСРО ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Ақтөбе қаласындағы университетке, облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға, Алматы қаласындағы бір көшеге, Темір қаласындағы орта мектепке ғалымның есімі берілген.

106 жыл бұрын (1912-1992) белгілі этнолог, XX ғасырдың көрнекті еуразияшыл ғалымы, тарихшы-этнолог, тарих және география ғылымдарының докторы, ақын, парсы тілінен аудармашы ГУМИЛЕВ Лев Николаевич дүниеге келді.

Ол - Этногенез пассионарлық теориясының авторы. Қазақстанның ежелгі тарихын жетік білген. Ресей жаратылыстану ғылыми академиясының академигі, география және тарих ғылымының докторы, ұлы дала халықтарының тарихын зерттеген маман.

Ресейдегі Царское селосында дүниеге келді. Ақын Николай Гумилев пен ақын Анна Ахматованың ұлы. Балалық шағын Тверь губерниясының Слепнёво атындағы Бежецк уезінде әжесінің қолында өткізген. 1917 - 1929 жылдары аралығында Бежецк қаласында тұрды. Бежецк қаласының №1 мектебінде 1926 жылдан 1929 жылға дейін білім алды. Ал 1930 жылы Ленинградта оқыды. 1930-1934 жылдары Саян, Памирдегі, Қырымдағы экспедицияларда жұмыс істеді. 1934 жылы Гумилев Ленинград университетінің тарих факультетіне түсіп, Батыс пен Шығыстың өздеріне тән әр түрлі мәдениеттерінің бір-бірімен байланысы, сонымен қатар ерте орта ғасырлардағы халықтардың тарихи мәселелері қамтылған алғашқы «Удельно-лестничная система у тюрок в VI - VIII вв.» мақаласын жаза бастайды. Бірінші рет 1935 жылы түрмеге қамалады, бірақ анасының араласуымен көп уақыт өтпей босатылады. 1938 жылы Гумилев қайта түрмеге қамалып, 5 жылға бас бостандығынан айырылады. 1944 жылы өз еркімен майданға кетіп, 1945 ж. Берлин операциясына қатысады. 1945-1948 жылдары университетті жедел (экстерн) түрде бітіріп, «Политическая история первого тюркского каганата (546-656)» атты кандидаттық диссертация қорғады. Тұтқында жүргенде «Хунну» кітабын жазып, ол кітап кейіннен «Степная трилогия» кітабының бір бөлігі болды: «Хунну» (1960), «Древние тюрки» (1967), «Поиски вымышленного царства» (1970). Алғашқы екі кітабында Гумилев ұлы дала этносының тарихын суреттесе, «Поиски вымышленного царства» бөлігінде еуропалықтардың Еуразия даласының тұрғындарына алдын ала жоспар бойынша жасалған қарым-қатынастарының қалай туындағаны көрсетілген. 60-70 жылдарда Гумилевтің ғылыми еңбектерінің тарихи құрылымы жалпылама түрде қабылданған кеңестік тарихи ғылымнан түбегейлі айрықша болды, сондықтан да оның жұмыстары теріс бағаланды. Гумилевтің зерттеу әдістері толық көлемде «Этногенез и биосфера Земли» (1989) мақаласында көрсетілген. Гумилевтің тарих ғылымына қосқан негізгі үлесі «Древняя Русь и Великая степь» (1989) мақаласы болды. Онда IX-XII ғасырлардағы Еуразия этностарының бір-біріне өзара әсерлері қарастырылған. Автордың айтуы бойынша, тарих ұзақ уақыт бойы еуроорталықтандырушылық ұстаныммен бағаланды. Гумилев тарихтың міндеті цивилизацияның («суперэтностармен») ауысуына қатысты, тарихи процестердің мәніне байланысты этностардың дамуын оқып үйрену деп санады. Тарихи зерттеулердегі осы бағыт қазіргі уақытта жүзеге аса бастады. 1991 жылы Ресей жаратылыстану ғылымдарынң акдемигі (РАЕН) болып таңдалды. Зейнетке шыққанға дейін 1986 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің география Ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді. 1992 жылы 15 маусымда Санкт-Петербургте қайтыс болды. 2005 жылы тамызда Қазанда «Санкт-Петербург күндеріне және Қазан қаласының мыңжылдығын тойлауына байланысты» Лев Гумилевке ескерткіш қойылды, онда мынандай сөздер жазылған: «Өмір бойы татарларды жала жабудан қорғаған орыс адамына». Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен 1996 жылы Қазақстан Республикасының елордасы Астанадағы жоғары оқу орындарының бірі Еуразия ұлттық университеті Гумилевтің есімімен аталды. 2002 жылы университет қабырғасында Л. Н. Гумилевтің кабинет-мұражайы құрылды.

100 жыл бұрын (1918-1977) қазақстандық ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры ЛУГАНСКИЙ Сергей Данилович дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Орынбордағы ұшқыштар мектебін, Мәскеудегі әскери-әуе академиясын бітірген. 1939-1940 жылдары кеңес-фин соғысына қатысты. Ұлы Отан соғысы кезінде 390 рет ұшу сапарына шығып, жаудың 37 ұшағын атып түсірді. Соғыстан кейінгі жылдары КСРО Қарулы Күштерінің әскери әуе күштері саласында әр түрлі жоғары басшылық қызметтерде болды.
«Ленин», «Александр Невский», 2 мәрте «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

77 жыл бұрын  (1941) Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі, дипломат, саясаттану ғылымының докторы СҮЛЕЙМЕНОВ Төлеутай Ысқақұлы дүниеге келді.

Семей қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын, КСРО СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген. 1971-1977 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Теміртау қалалық комитетінің бірінші хатшысы, қалалық бақылау комитетінің төрағасы, қалалық партия комитетінің екінші хатшысы. 1980-1981 жылдары - КСРО СІМ Орта Шығыс елдері бөлімінің бірінші хатшысы. 1981-1985 жылдары - КСРО-ның Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласындағы Бас өкілдігінің (консульство) консулы. 1985-1988 жылдары - КСРО СІМ Орта Шығыс елдері бөлімінің кеңесшісі. 1988-1991 жылдары - КСРО-ның Ирандағы Елшілігінің кеңесшісі. 1991-1994 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрі. 1994-1996 жылдары - ҚР-дың АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 1996-2001 жылдары - ҚР-дың Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР-дың Польша, Болгария, Чехия, Словакия және Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы. 2001-2003 жылдары - ҚР-дың Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР-дың Люксембург Ұлы герцогтығындағы, Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі және ҚР-дың Еуропалық Одақ және Солтүстік-Атлантикалық шарт ұйымы жанындағы өкілдігі басшысы қызметін қоса атқарушы. 2003-2005 жылдары - ҚР-дың Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. Дипломатия институтының директоры.

«Құрмет белгісі», Құрмет, Венгрияның Орта Крест, Словакияның Қос крестің ақ орденімен және медальдармен марапатталған.

57 жыл бұрын (1961) Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бұрынғы орынбасары ВИШНЯК Сергей Викторович дүниеге келген.

Ол Ақтөбе қаласында туған. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын экономика және менеджмент мамандығы бойынша бітірген (1997).

Еңбек жолы: Ақтөбе хром қосындылары зауытында энергоцех слесары, аппаратшы, ауысым шебері, 4-цех бөлімінің бастығы, зауыт қондырғылары бөлімінің бастығы, зауыт комплектациялау бөлімінің жетекші инженері (1978-1998); түрлі коммерциялық ұйымдарда басшы лауазымдарында (1998-2000); «Динар-Электромаш» ЖШС («Энергия» фирмасы) іс басқарушысы (2000 жылдан); Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі (2016 жылдан).

2017 жылғы сәуір - 2018 жылғы мамыр айлары аралығында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған.

«Құрмет» және Қасиетті Князь Даниил Московскийдің ІІІ дәрежелі ордендерімен, «Алғыс», «Қазақстан ұлттық гвардиясына ХХ жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға және қайырымдылықты дамытуға қосқан үлесі үшін» алғыс хатымен марапатталған. Ақтөбе облысының «Ел бірлігі», «Жыл адамы» номинациялары бойынша Қазақстан патриоты атағы берілді.

56 жыл бұрын  (1962) Жамбыл облысының әкімі МЫРЗАХМЕТОВ Асқар Исабекұлы дүниеге келді.

Алматы зооветеринарлық институтын (1984); Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын (Мәскеу, 1988); Қазақ менеджмент және маркетинг институтын (Алматы, 1997) бітірген.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты (1988). «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
1988 жылдан - БААШҒЗЗ Шығыс бөлімшесі жүйесінде кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер. 1991 жылдан - «Қазақстан» республикалық биржасы» АҚ вице-президенті. 1994 жылдан - «ТАСМО» инвестициялық коммерциялық орталығының бас директоры. 1995 жылдан - «Агро-Лизинг» АҚ бас директоры. 1999 жылдан - ҚР ауыл шаруашылық вице-министрі. 2002 жылдан - ҚР ауыл шаруашылық бірінші вице-министрі - ҚР Ауып шаруашылық министрлігі Орман және аңшылық шаруашылық комитетінің төрағасы. 2005 жылдан - ҚР ауыл шаруашылық министрі.
2006 жылдан - Өзбекстан Республикасындағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2007 жылдан - «Оңтүстік» ӘКК» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы. 2009 жылдан - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі. 2015 жылдан - Нұр Отан партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары. 2016 жылдың мамыр айынан - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі. 2016 жылдың маусым айынан 2018 жылдың қаңтар айына дейін аралығында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған.

Қазіргі қызметінде - 2018 жылдың қаңтар айынан бері.
Орта Азия және Қазақстанның Биржалар қауымдастығына, Қазақстан Кәсіпкерлер форумының кеңесіне басшылық еткен, ҚР Премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі болған.
6 медальмен марапатталған.

55 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры БИСЕНҚҰЛОВ Берік Байболұлы дүниеге келді.

Гурьев облысы, Доссор кентінде дүниеге келген. Білімі жоғары. 1985 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, 1994 жылы ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген.

Құқық қорғау органдарындағы қызметін 1986 жылы Маңғышлақ облыстық атқару комитеті ІІБ МАИ бөлімінің жол бақылау инженері қызметінен бастады.

1986-2001 жылдары Маңғышлақ облысы атқару комитетінің ІІБ-да, сондай-ақ, Алматы қаласы ІІББ-де түрлі басшылық лауазымдарды атқарды. 2001-2003 жылдары Алматы қаласы ІІББ Жол полициясы басқармасының бастығы. 2003-2007 жылдары Алматы қаласы ІІД бастығының орынбасары. 2007-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі министрінің кеңесшісі. 2009-2010 жылдары Алматы облысы ІІД бастығының орынбасары. 2010-2011 жылдары Көліктегі ІІД бастығының орынбасары. 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы. 2013-2014 жылдары Қазақстан Республикасы ІІМ Көліктегі ІІД бастығы. 2014 жылдың тамызынан бастап қазіргі қызметінде.

53 жыл бұрын (1965) Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданының әкімі ҚЫРЫҚБАЕВ Асқар Санатұлы дүниеге келген.

Жамбыл облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын (1988), Т.Рысқұлов атындағы Қазақ басқару академиясын (2000) бітірген, инженер-механик, экономист. 

Еңбек жолы: Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Құрағаты совхозының егіс бригадасының жұмысшысы (1982); Қазақ ауыл шаруашылығы институтының студенті (1982-88); Алматы қаласындағы орта кәсіптік-техникалық училищенің оқытушысы (1988-89); Алматы облыстық автосервис және сауда кәсіпорнының техника қауіпсіздігі бойынша инженері, шұғыл жөндеу шебері, бастықтың экономика және сауда жөніндегі орынбасары (1989-93); «Ақ-Бұлақ» ЖШС бас директоры (1997-2000); «Тау-Самал» ЖШС бас директоры (2000-02); «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы - «Алматы магистральдық теміржол желісі бөлімшесі» директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары (2002-06); «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ атқарушы директоры (2006-08); «Локомотив-Сервис» АҚ атқарушы директоры (2008-12); 2012 жылдың қыркүйек айынын бастап бастап ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің директоры. 

Қазіргі лауазымын 2017 жылдың шілдесінен бері атқарып келеді.

48 жыл бұрын (1970) Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы ӘБЕНОВ Арман Тарғынұлы дүниеге келген.

Қостанай облысы Наурызым ауданының Қарамайшы селосында туған. 1993 жылы К.А. Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын, 2009 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін және Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес университетін ғалым агроном, экономика бакалавры, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі мамандықтары бойынша тәмамдаған. 1987-1988 жылдары Қостанай облысы Наурызым ауданының «Первая семилетка» совхозында өсімдік шаруашылығы жұмысшысы, құрылыс бөлімінің жұмысшысы. 1988-1993 жылдары К.А. Тимирязев атындағы Москва ауыл шаруашылығы академиясының студенті. 1993-2000 жылдары Торғай облысы Октябрь ауданы «Теректі» совхозының өндірістік бөлімі бойынша агроном - бригадир, бас агроном, директордың орынбасары. 2000 - 2003 жылдары Қостанай ауданы әкімінің аппараты ұйымдастыру-бақылау және кадрлар жұмыстары бөлімінің бас маманы. 2003 - 2004 жылдары Қостанай облысы әкімінің аппараты ұйымдастыру-бақылау және кадрлар жұмыстары бөлімінің бақылау жөніндегі облыс әкімінің бас инспекторы. 2004-2005 жылдары Қостанай облыстық Қостанай ауданы әкімінің орынбасары. 2005-2007 жылдары Қостанай облысы Таран ауданының әкімі. 2007-2008 жылдары Қостанай облысы Жітіқара ауданының әкімі. 2008 - 2010 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2010-2011 жылдары Қостанай облысы әкімінің орынбасары. 2011 жылдың маусым айынан бастап Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы.

41 жыл бұрын (1977) ҚР Президенті Әкімшілігі секторының меңгерушісі ШОЙКИН Ғалым Нұрмағамбетұлы дүниеге келді.

Көкшетау облысында дүниеге келді. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ді, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет Академиясын бітірген. Саясаттанушы, мемлекеттік қызмет менеджері, саяси ғылымдар кандидаты.

ҚР Мәдениет министрлігінде, ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, 2009 жылдың қыркүйегінен «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 2014-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

2016-2017 жылдары ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істер комиртетінің төрағасы болып жұмыс жасаған.

Қазіргі қызметінде 2017 жылдың желтоқсан айынан бері.

38 жыл бұрын (1980) Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі ШАБАНБАЕВ Қадыр Өмірзақұлы дүнииеге келді.

Қарағанды облысында туған. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін құқықтану (2001), Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін геология және мұнай мен газдың кен орнын барлау (2008) мамандықтары бойынша аяқтаған, «Болашақ» Қарағанды университін құқық магистрі (2012) дәрежесімен тәмамдады.

Еңбек жолы: Қарағанды облысы ІІД-нің тергеушісі (2002); «Валют-Транзит Банк» АҚ-да заңгер (2006-2008); «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-да бас маман (2006-2008); Қарағанды облысы әкімі аппаратында әртүрлі қызметтер атқарған (2011-2012); Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің көмекшісі (2012-2014); Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің кеңесшісі (2014-2016) болған.

Қазіргі қызметінде 2017 жылдан бері.

152 жыл бұрын (1865-1935) француз композиторы Поль ДЮКА дүниеге келді.

136 жыл бұрын (1881-1956) американдық ұшақ жасаушы, авиа жасау компаниясының негізін қалаушы Уильям БОИНГ дүниеге келді.
107 жыл бұрын (1910-1956) шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Орталық Азияны мекендеген түркі тілдес халықтардың тарихын зерттеушілердің бірі БЕРНШТАМ Александр Натанович дүниеге келді.
Ресейдің Керчь қаласында туған. Ленинград университетін бітірген. 1936 жылдан бастап жыл сайын ұйымдастырылып, Бернштам басқарған археологиялық экспедициялар солтүстікте Қаратау жоталарынан, оңтүстікте Памир тауларына дейінгі, шығыста Іледен, батыста Зеравшан үстіртіне дейінгі жерлерді зерттеп, Орталық Азия халықтарының көне тарихына қатысты маңызды мәліметтер жинаған. Ол 1930-1940 жылдары қазақ-қырғыз тарихына қатысты тың мәселелер көтеріп, сақ-үйсін, және түркі дәуірін зерттеуге елеулі үлес қосты. Археологиялық материалдарға сүйеніп, Теріскей Қырғыз өлкесінің қола дәуірден XV ғасырға дейінгі тарихын түбегейлі талдайды. Оның 250-дей еңбектері мен мақалалары бар.

Соңғы жаңалықтар