1 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 1 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

null
1 қазан, ДҮЙСЕНБІ

Халықаралық дәрігер күні

Жыл сайын қазан айының бірінші дүйсенбісі күні әлемнің көптеген елдерінде Халықаралық дәрігерлер күні атап өтіледі.

Аталмыш мейрамды ұйымдастыру бастамасын көтерген - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және «Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық медициналық гуманитарлық ұйымы.

Халықаралық қарттар күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 жылғы 15 желтоқсандағы қарары негізінде жыл сайын атап өтіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді.

Халықаралық музыка күні

ЮНЕСКО-ның Халықаралық музыка кеңесінің шешімімен жыл сайын 1 қазанда атап өтіледі.

Бүкіләлемдік сәулет күні

Халықаралық сәулетшілер одағының (ХСО) бастамасымен тойланады. Бастапқыда ХСО-ның 1985 жылғы отырысында жыл сайын 1 шілде күні Бүкіләлемдік сәулет күнін тойлау туралы шешім шығарылған болатын. Ал 1996 жылы Халықаралық сәулетшілер одағының Барселонада өткен ХХ Бас Ассамблеясында Бүкіләлемдік сәулет күнін тойлауды қазанның бірінші дүйсенбісіне ауыстыру туралы қарар қабылданды.

Бүкіләлемдік Хабитат күні

Бұл күн «Елді мекендер жөніндегі комиссия» ұсынысына сәйкес, БҰҰ Бас Ассамблеясының 40-сессиясында бекітілген болатын.

Бүкіләлемдік Хабитат күні қазанның бірінші дүйсенбісінде, 1986 жылдан бері атап өтіледі. Оның басқа атауы - Халықаралық тұрғын үй күні.

Жыл сайын осы күні БҰҰ мен «БҰҰ-ның Елді мекендер жөніндегі бағдарламасы» әлем қалаларының бірінде ресми шаралар өткізеді.

Дүниежүзілік вегетариандар күні

1977 жылы Солтүстікамерикалық вегетариандық қоғамдастық ұсынған.  Кейін 1978 жылы мерекені енгізу идеясын Халықаралық вегетариандық одақ  қолдады.

Кипр Тәуелсіздігі күні

Кипр өз тәуелсіздігін 1960 жылы Ұлыбританиядан алған. Осы кезден бастап мейрам жыл сайын тойланып келеді, бұл күн Кипр елінде демалыс деп жарияланған.

Кипр - Сириядан батысқа қарай, Түркиядан оңтүстікке қарай Жерорта теңізінің көлемі жағынан үшінші аралында орналасқан мемлекет. Астанасы - Никосия. Мемлекеттік тілдері: грек (кипр диалектісі) және түрік тілдері. Мемлекеттік құрылысы - республика. Мемлекет басшысы - президент. Ақша бірлігі - кипр фунты (түріктер көп тұратын өңірлерде түрік лирасы да кеңінен қолданылады).

Камерун бірлігі күні

1961 жылы Камерун Федеративтік Республикасы құрылғаннан бері тойланады. Сол тарихи күнге дейін, 1922 жылдан 1960 жылға дейін Камерунді Франция мен Ұлыбритания бөлісіп алған болатын.

ҚХР-дің Мемлекеттік мейрамы - Қытай Халық Республикасының құрылған күні (1949)

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 3 қаңтарда орнатылды.

Нигерия Федеративтік Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960)

Нигерия - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде - Нигермен, шығысында Чад, Камерунмен, батысында Бенинмен, оңтүстігінде Гвинея шығанағымен шектеседі. Астанасы - Абуджа қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - найра. Ел әкімшілік жағынан 36 штат пен федералдық аумаққа бөлінеді. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғарғы заң шығарушы органы - Парламент.

Тувалудың Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1978)

Тувалу - Тынық мұхитының батыс бөлігіндегі 9 атоллда орналасқан мемлекет. Басты аралы болып Фунафути атоллы есептелінеді. Астанасы - Фонгафале қаласы. Мемлекеттік тілі - тувалу және ағылшын тілдері. Ақша бірлігі - доллар. Мемлекеттік құрылысы - конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - Ұлыбритания королевасының өкілі генерал-губернатор. Үкімет басшысы - Премьер-Министр.

Палау Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1994)

Палау - Тынық мұхитындағы Каролин аралдары тобындағы 200-ге жуық аралда орналасқан мемлекет. Астанасы - Корор қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі, сонымен қатар палау, каролин тілдері де кеңінен қолданылады. Ақша бірлігі - АҚШ доллары. Ел аумағы әкімшілік тұрғыдан 16 штатқа бөлінеді. Мемлекет пен үкімет басшысы - президент. Жоғары заң шығарушы органы қос палаталы парламент - Ұлттық конгресс (Сенат және депутаттар палатасы).
Палау аралдарын алғаш рет 1543 жылы испан теңізшісі Руи Лопес де Вильялобос ашқан. 16-17 ғасырларда испандықтар аралдарды толық отарлаған. Бүл аралдарды 1910 жылы Германия сатып алған, ал 1914 жылы жапондар оккупациялады. 1947 жылдан бастап Палау басқа Каролин аралдарымен бірге БҰҰ-ның қамқорлығына алынып, АҚШ басқаруындағы Тынық мұхиты аралдары құрамына кірген. БҰҰ-ның қамқорлық жөніндегі кеңесі 1986 жылы 28 мамырда қабылдаған қарарына сәйкес 1994 жылы 1 қазанда ел өз тәуелсіздігін жариялады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1718 жылы Семей қаласының іргетасы қаланды. Ол І Петрдің шығыс аймақтағы жерлерді қорғау туралы әйгілі жарлығына және Ертіс өңірі бекіністерінің салына бастауына байланысты болған, бұлардың құрылысы 1714 жылдан 1720 жылдарға дейін созылды. Бірақ та бірқатар ғалымдардың тұжырымы бойынша Семей тарихы ғасырлар қойнауларына тереңдеп, 1000 жылдан астам уақытты қамтиды. 1718 жылдың күзінде Семипалат бекінісі подполковник П. Ступиннің қадағалауымен «нығайтылды және толық қаруландырылды».

Шекара және әскери-тірек базасы ретінде пайда болған Семей бекінісі дами келе Ресей мен Қазақстан арасындағы ғана емес, сондай-ақ Ресей, Орта Азия және Батыс Қытай арасындағы маңызды сауда пунктіне айналды. Семей қаласының негізі қаланғаннан бастап мұнда сауда жасау үшін жоңғар қалмақтары, бұқарлықтар, қоқандтықтар, ташкенттіктер келетін.

1854 жылғы 1 қазанда Семей облысының салтанатты ашылуы болды. Семей штаттан сырт қаладан бірден облыстық қалаға айналды. Жаңадан құрылған облыс Ресей империясы құрамындағы ең үлкен облыс болды. Қалалық Дума мен Қалалық сот құрылды. 1873 жылы Семейде телеграф, 1910 жылдан бастап телефон және Қазақстандағы алғашқы су құбыры жұмыс істеді. 1906 жылы Жоғарғы Ертісте кеме қозғалысы ресми түрде ашылды.

XIX ғасырдың аяғы - XX ғасырларда Семей облысында өнеркәсіп ең алдымен, сыртқа шығарылатын шикізатты бастапқы өңдеу үшін құрылды. XX ғасырдың басында Ресейдің ірі фирмалары мен әскери ведомствоның шұға фабрикалары осында жүн, былғары дайындады. 1863 жылы қалада екі оқу орны, соның ішінде бір уездік училище және оның жанында қыздар мектебі, 2 шіркеу-приходтық училище, 14 казак және 9 жекеменшік татар мектебі болды. XIX ғ. аяғында XX ғ. басында ер балалар мен қыздардың классикалық гимназиялары, мұғалімдер семинариясы жұмыс істеді. Мұғалімдер семинариясында әлемдік мәдениеттің болашақ алыптары Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев білім алды. Ұлы орыс жазушысы Федор Михайлович Достоевский бес жылдан астам уақыт (1854-1859 жылдары) Семей қаласында тұрып, осында өзінің «Өлі үйден хаттар», «Ағайдың түсі», «Степанчиково селосы және оның мекендеушілері» атты өшпес туындыларын жазды. Осында Ф.Достоевский П.П. Семенов-Тянь-Шанскиймен, Шоқан Уәлиханов, Г. Потаниндермен кездесіп, сұхбаттасқан. Петербург университетінің студенті Е. П. Михаэлис, халықшылдар Н. Долгополов, С. Гросс, П. Лобановский, А. Леонтьев, Н. Коншин және басқалар айдау жазасын өтеген. Олар Семей қаласында зор ғылыми және мәдени-ағарту жұмысын жүргізді. Қазақтың ұлы ақын-ағартушысы Абай Құнанбаев есімі Семей қаласымен тығыз байланысты.

Семей - республикамыздың мәдени, тарихи орталықтарының бірі. Мұнда Абайдың және Ф. М. Достоевскийдің мұражайлары, Қазақстанның байырғы өлкетану мұражайы, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайы, кітапханалардың тұтас желісі халыққа қызмет етеді. Екі театр-Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театры және Ф. М. Достоевский атындағы орыс драма театры жұмыс істейді.

1893 жылы Верный (Алматы) қаласында облыстық сот пен тұтынушылар қоғамы ашылды.

1922 жылы Көкшетау-Бурабай темір жол учаскесі пайдалануға берілді.

1932 жылы Орал қаласында қазіргі М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті педагогикалық институт ретінде құрылды. Ол республиканың екінші педагогикалық ЖОО-сы аталды. Институтқа КСРО-ның ағарту ісі жөніндегі ұлттық комиссары М.Н.Покровскийдің есімі берілген, ал 1937 жылдан бастап ЖОО-ға А.С.Пушкин есімі берілді. Соғыстан кейінгі жылдары А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты жыл сайын 18 мамандық бойынша 700-ден астам түлек даярлап шығарып отырған ірі ЖОО болды. 1996 жылдың мамыр айында Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты А.С. Пушкин атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық университеті болып өзгертілді. 2000 жылдың 14 ақпанында Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрылған, ал 2003 жылы оған Махамбет Өтемісұлының есімі берілді.

1945 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Самарқан елді мекені Қарағанды қаласы аймағынан шығарылып, атауы Теміртау қаласы болып өзгерді. Бастапқыда жиырма мың тұрғыны, бір ауруханасы, екі мектебі және жиырма мың шаршы метр тұрғын үйі болды. Сол жылдардан бастап қаладағы өнеркәсіптің дамуы қарқындап, одақтас республикалардың барлығынан адамдар келе бастады. 1950 жылдары тұрғындар саны екі есе өсті. Қазір Теміртау қаласында болат, электр және жылу энергиясы, сірке қышқылы, синтетикалық каучук, кокс, минералды тыңайтқыштар, цемент, т.б. өнімдер өндіріледі. Теміртау 1971 жылы Қазақстан қалаларының ең алды болып, халық шаруашылығын және ауыр индустрияны дамытудағы еңбектері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бүгінгі таңда Теміртау - индустриялық Қарағанды қаласының сыңары, Қазақстан қара металлургиясының орталығы.

1991 жылы Алматыдағы Достық үйінде посткеңестік 13 мемлекеттің және Республикааралық экономикалық комитет басшыларының кездесуі өтті.

1996 жылы Алматыда алғаш рет «Айналайын» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі өтті. Ұйымдастырушысы - «Бөбек» балалар қоры.

1998 жылы Астанада алғаш рет жас таланттардың «Шабыт» республикалық фестивалі өтті.

2005 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында «Мәдени мұра» атты кітап көрмесі ашылды. Көрмеге мемлекеттік бағдарлама мен мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрген 200-ден астам кітап, альбом, салт-дәстүр, өнер, тіл саясаты мен археология және Қазақстанның сәулет ескерткіштері туралы басылымдар қойылған. Олардың қатарында 100 томдық «Балалар сөзі» топтамасының алғашқы 8 томы, «Қазақ әдебиеті тарихының» 7-8-томдары, сонымен қатар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия», «Қазақтың ата заңдары», «Ешкіөлмес тауындағы таңбалы тастар», «Қазақ әдебиетінің тарихы» сынды аса құнды басылымдар бар. Сондай-ақ, бұл көрмеде ғасырлар қойнауынан жеткен батырлар жыры, салт өлеңдер, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар жинақталып, қазақ халқының тарихында аса маңызды орын алатын қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар да көрсетілді.

2011 жылы облыстық мәслихат сессиясында Павлодар облысының логотипі бекітілді. 

2011 жылы қазақстандық делегация Брюссельдегі Халықаралық студенттік спорт федерациясының штаб-пәтерінде 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізуге өтінім кітабын ұсынды.

2014 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары барысында Ақтау портын кеңейту  жобасының жүзеге асырылуымен танысты және «Боржақты - Ерсай» жаңа темір жолының құрылысын бастауға рұқсат берді. «Боржақты - Ерсай» теміржол желісі Құрық портында паром кешенін салуға және жағалау аймағында бірқатар индустриялық жобаларды жүзеге асыруға инфрақұрылымдық негіз болады.

2014 жылы Мемлекет басшысы Ақтау қаласының жағалауында  «Менің елім. Каспийден Алтайға дейін» экспедициясына қатысушылармен кездесті. Оның құрамында этнограф, блогер, журналистер мен фотографтардан құралған 20 адам болды. Қазақстанда құрастырылған бес автомобильге мінген олар екі айда республиканы аралап шығады. Оған қатысушылар экспедиция аяқталған соң фильм, фотокітап шығарады. 

2014 жылы Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Caspian Offshore and Marine Construction» ЖШС-ның теңізге арналған металл конструкциялар зауытына барды.

Нысанды аралау кезінде Мемлекет басшысына кәсіпорынның қызметі туралы баяндалды және «KMG Drilling & Services» ЖШС үшін арнап жасалған, өзін өзі көтеретін, Қазақстандағы алғашқы бұрғылау қондырғысы таныстырылды.

2014 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2008 жылы сайланған депутаттарының конституциялық өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты, елімізде Қазақстан Республикасының Сенатына сайлау болды.

Қазақстан Парламентінің Сенаты 47 депутаттан құралған. Оның ішінде 32 сенаторды, яғни, елдің 16 өңірінің әрбірінен (14 облыс және республикаға бағынатын екі қала - Астана және Алматы) 2 депутаттан сайлаушылар - барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлайды. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулi мүдделерiнiң бiлдiрiлуiн қамтамасыз ету қажеттiлiгi ескерiлiп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президентi тағайындайды. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - 6 жыл.

2015 жылы Алматыда «Қайрат» футбол клубының барлық әлемдік талаптарға жауап беретін негізгі жаттығу базасы салтанатты түрде ашылды.

2015 жылы ТҮРКСОЙ Бас хатшылығы Бурса қаласының мэриясымен ынтымақтастықта «Түркі әлемінің мәдени мұралары және музейлері» Халықаралық форумының баяндамалар жинағын шығарды.

Жинақта Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Гагаузия (Молдова), Башқұртстан, Татарстан, Саха (Якутия), Тува, Хакасия, Қырым, Тәжікстан музейлері туралы құнды деректер қамтылды. 

2016 жылы Шымкентте Израиль киносы фестивалі өтті. Израиль делегациясы кинофестиваль аясында Оңтүстік Қазақстанға бес фильм әкелді.

1869 жылы Венада маркасы бар әлемдегі бірінші пошталық ашық хат жіберілді.

1908 жылы автомобиль құрастыру саласындағы танымал американдық маман, құрастырушы Генри Форд жұртшылыққа өзінің жаңа машинасы «Форд Лизиді» көрсетті. Берік әрі құны арзан (850 доллар) көлік көпшіліктің көңілінен шықты. 1909 жылы аталған көліктің 19 000 данасы шығарылды. Ал 1927 жылы бұл машинаның саны 15 миллионға жетті.

1964 жылы Жапонияда әлемдегі ең алғашқы жоғары жылдамдықпен жүруге болатын көлік магистралі - Токайдо-Синкансэн пайдалануға берілді. Бұл магистраль жылдамдықты сағатына 210 шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

1981 жылы Швецияда Еуропа бойынша алғаш рет ұялы байланыс желісі жұмыс істей бастады.

Соңғы жаңалықтар