1,3 трлн теңгенің активі қайтадан экономикалық айналымға енеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Барлық бұғатталған активтің 54 пайызы экономикамызға жұмыс істейтін болады. Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдің бүкіл қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында стрестік активтердің деңгейін төмендету жөніндегі заңнамалық база қалыптасты. Осының арқасында, барлық бұғатталған активтің 54 пайызы экономикамызға жұмыс істейтін болады. 1,3 трлн теңгенің активі қайтадан экономикалық айналымға енеді. Сақтандыру нарығы, бағалы қағаздар нарығы, банк қызметі мәселелері жөніндегі заң халық үшін жаңа сақтандыру өнімдерінің пайда болуын, автомобильді сақтандыру жағдайларын реттеу тәртібін жеңілдетуді қарастырады», - деді Е. Қошанов жетінші сайланған Парламенттің екінші сессиясының жұмысын қорытындылау кезінде.

Сонымен қатар ол саяси жүйені жаңғырту аясында азаматтық қоғамды, қайырымдылықты және волонтерлік қызметті дамыту мәселелерінің өзектілігі арта түскенін айтты.

«Бұл үшін заңнамалық тұрғыда стратегиялық әріптестіктің жаңа тетігі енгізілді. Коммерциялық емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру рәсімдері жеңілдетілді. Азаматтарды волонтерлік қызметке және қайырымдылыққа қатысуға ынталандыру шаралары қарастырылды», - деді Мәжіліс төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент депутаттары каникулға кетті. Е. Қошанов екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі айтарлықтай мазмұнды болғанын айтты.

«Мәселен, Праламент палаталарының 4-ші бірлескен отырысы өтті. Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Сенаттың 42 жалпы отырысы өтіп, онда 148 мәселе қаралды. Осы сессия кезінде қос палатаның жұмысында 127 заң жобасы болды, оның 78-і қабылданды», - деді Мәжіліс төрағасы.


Соңғы жаңалықтар