1,3 млн қазақстандық зейнетақы жинағын алып, баспана жағдайын жақсартты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін БЖЗҚ салымшылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалануға 1 317 739 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шотына БЖЗҚ 3,1 трлн теңге аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге.

Орындалған өтініштердің ең көбі - Алматы (17,7%) және Нұр-Сұлтан қалалары (13,4%) мен Маңғыстау облысының (11,6%) тұрғындары тарапынан жолданған. Enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемін қандай мақсаттарға пайдалануды жоспарлайтыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат жарияланған. Мұндай ақпарат өңірлер бөлінісінде де берілген.

Қазіргі уақытта зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар - «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ.

Орындалған өтініштердің едәуір (орындалған өтініштердің жалпы санының 95,30%) бөлігі «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, одан әрі «Қазақстан Халық банкі» АҚ (3,23%), «Банк ЦентрКредит» АҚ (1,39%), «Altyn Bank» АҚ (0,05%) және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ (0,03%) арқылы берілді.

Өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй сатып алуға (түпкілікті есеп айырысу), жеке тұрғын үй салуға (меншікте жер телімі болған жағдайда) бағытталған – шамамен 2 трлн теңгеге (жалпы соманың 64,4%) 469 628 өтініш орындалды.

Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй қарызын алуға (құрылысты қоспағанда), оны толық және ішінара өтеуге және қайта қаржыландыруға, сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша жеке тұрғын үй салуға (жер телімін сатып алуды қосқанда) жалпы сомасы 402,2 млрд теңгеге (13%) 276 303 өтініш орындалды.

Тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізуге (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы аясында), ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті толық және ішінара өтеуге және оны қайта қаржыландыруға 378,6 млрд теңгеге (12%) 261 128 өтініш орындалды.

Тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымды толықтыруға әрі қарай жинақтау үшін 249,2 млрд теңгеге (8%) 274 506 өтініш орындалды.

Тұрғын үйді сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалға алу шарттары бойынша толық және ішінара төлем жасау, жекешелендіру, төлемді бөліп төлеу арқылы сатып алу және сату, сондай-ақ, жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық (біржола есеп айырысу) нысаналы мақсаты бар азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша жер телімін меншікке сатып алуды қамтитын өзге мақсаттарға 75,2 млрд теңге (немесе 2,4%) аударылды.


Соңғы жаңалықтар