1,2 млн өзбекстандық толық вакциналаудан өтті

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Пандемия басталғаннан бері Өзбекстанда 1,2 миллион адам вакциналаудың толық курсын алды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бүгінгі күні вакцинаның 8 009 376 дозасы пайдаланылған, олардың ішінде 5 231 451 адам екпенің бірініші дозасын алса, вакцинаның екінші және үшінші компонентін (ZF-UZ-VAC2001 қытай-өзбек вакцинасы үш дозамен салынады) алғандар саны – 1 992 981 және 784 944.

Барлығы вакциналаудың толық курсын 1 232 807 өзбекстандық алды, бұл – республиканың тұрақты халқының (2021 жылдың басында 34,5 миллион) 3,5%-ы.

Еске сала кетейік, Өзбекстанда вакциналау кампаниясы 1 сәуірден басталды. Вакцаналауда төрт препарат қолданылады: еуропалық AstraZeneca вакцинасы, қытай-өзбек ZF-UZ-VAC2001 вакцинасы, ресейлік «Спутник-V» және 1 тамыздан бастап америкалық Moderna вакцинасы.

Республикадағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Коронавируспен күрес жөніндегі арнайы комиссия 17 шілде күні 18 жастан асқан сауда, қоғамдық тамақтандыру, қызмет көрсету және білім салаларында жұмыс істейтін азаматтарды, сонымен қатар әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін міндетті вакциналау туралы шешім қабылдады.

3 тамыздан бастап Өзбекстанда халықтың жұмыс істейтін бөлігін міндетті вакциналауды құқықтық негізде бекітетін заң қабылданды.


Авторы Мәдибек Жәнібеков


Соңғы жаңалықтар