Жұмыстың өзегі - жүйелі жаңғыру

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жыл сайынғы халыққа Жолдауы өзекті жаңалықтарымен, елдің жаңғыруы мен өркендеуіне бағдар салатын салмақты тұжырымдарымен ерекшеленеді. Биылғы Жолдау «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты тақырыпта айқындалып, негізінен ұлттық экономиканы жаңғыртуға бетбұрысты нұсқап, конституциялық реформаға жол сілтеген болатын. Жолдаудан кейінгі кезеңде конституциялық реформалар жолға қойылды. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде заң шығарушы билік арқылы арнайы құжаттар қабылданды.

Одан кейінгі кезеңде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты Егемен Қазақстан газетінде жарияланған бағдарламалық мақаласы сөзсіз биылғы жылдың нағыз идеологиялық ұстыны болып қалары анық. Бағдарламалық мақала идеологиялық құжат қана емес, еліміздің мәдени өмірінің, халықтың ой-санасындағы сапалы өзгерістердің басы болмақ. 

Осылайша, қазіргі таңда Қазақстанда жүйелі жаңғыру бүкіл жұмыстардың өзегіне айналды. Бұны бір жағынан болашаққа бағдарланған хет-трик десе де болады. Өйткені, экономикалық жаңғыру, саяси жаңғыру һәм рухани жаңғыру мәселелері бірлесе дамығанда қоғам, ұлт тұтастай табысқа жетері анық.  

null  

Қазіргі таңда конституциялық реформамен қатар, қазақстандық қоғамның рухани жаңғыру мәселесіне бағытталған кең ауқымды жұмыстарға жол ашылды. Парламентте қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы» ҚР Заңынан кейін, атқарушы билік тиісті заңнамалық құжаттарға өзгерістер енгізуге кірісті. Енді міне, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның бірінші отырысы өтті. Онда Елбасы айқындаған әрбір алты бағыт бойынша жұмыс топтары құрылып, оның жетекшілері бекітілді.

Ұлттық комиссиядағы жұмыс топтарын кімдер басқарады?

Айта кетейік, Президент Жарлығымен құрылған Ұлттық комиссия қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру, елдің одан әрі ілгерілемелі мәдени-гуманитарлық дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Комиссияға ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков төрағалық етеді. Комиссия жетекшісінің айтуынша, қоғамдық сананы жаңғырту жұмыстарының нәтижесі еліміздегі саяси және экономикалық жаңғыруларға да әсер етеді. 

Сонымен Ұлттық комиссияның алғашқы отырысында жұмыс топтары бекітіліп, енді негізгі әрекеттердің тетігі ағытылды деуге келеді. Жұмыс топтары нақты бағыттар бойынша атқарылатын шараларға кіріседі. Бұдан бөлек, рухани жаңғыру жөніндегі өңірлік комиссиялар да құрылмақ. Оларға әр өңірдегі зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен белсенділері қатысып, нақты ұсыныстарды әзірлеумен айналысады. Осылайша, Елбасы айқындаған бағдарлама бойынша елдің, қоғамның пікірлері ескеріле отырып, Ұлттық комиссия нақты іске-асыру құжаттарын қабылдамақ. Ал әзірше комиссия бекіткен жұмыс топтары мен олардың жетекшілері мынадай:

null   

1) Мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жұмыс тобы,  жетекшісі -  Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек;

2) «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жұмыс тобы, жетекшісі - Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев пен «Wikibilim» қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Р.Кенжеханұлы;

3) «Туған жер» жобасы бойынша жұмыс тобы, жетекшілері -  Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары О.Оразалин мен Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов;

null 

4) «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша жұмыс тобы, жетекшілері - Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы мен Тарих және этнология институтының директоры Х.Әбжанов;

5) «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша жұмыс тобы, жетекшілері -  Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі А.Балаева мен Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов;

6)  «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасы бойынша жұмыс тобы, жетекшілері - Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Д.Мыңбай мен Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев.

null  

Айта кетерлігі, жұмыс топтарының құрамы өзгеруі де мүмкін. «Қажет болған жағдайда түрлі сала мамандарын, сарапшыларды, ғалымдарды тартатын боламыз. БАҚ пен үкіметтік емес ұйым өкілдері де бұған қатысатын болады. Бұл ретте Ұлттық комиссияның міндеті - жұмыс топтарының қызметін үйлестіру. Ұлттық комиссия жұмыс топтары ұсынған іс-қимыл бағдарламаларын талқылап, бекітетін болады», - дейді ҚР Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Айда Балаева.

null  

Ал Сенат депутаты Дархан Кәлетаевтың айтуынша, Ұлттық комиссияның алғашқы басқосуы қоғамның кең қолдауына ие болған Елбасының бағдарламалық мақаласындағы бағыттарды жүзеге асырудың басталғанын білдіреді. «Алты бағыттың қалай жүзеге асатыны туралы Ұлттық комиссияда айтылды. Менің ойымша, бүкіл қоғам Елбасының белгілеген бағдарламасын жүзеге асыру үшін бірігу керек. Жүзеге асыруға да толық мүмкіндігіміз бар», - дейді сенатор. 

 Енді әрбір жұмыс тобы бір айлық мерзімде қажетті ресурстық қамтамасыз етуді ескере отырып, өздерінің іс-қимыл алгоритмін ұсынады. Бұған қоса, Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары мен Комиссия жұмысын регламенттейтін Ұлттық комиссия туралы ереже қаралды. Ұлттық комиссия төрағасы жұмыс топтарының жетекшілеріне өз бағыттары бойынша алдыңғы қатарлы сарапшыларды тартуды тапсырды. «Сондай-ақ, саяси партияларды, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын, сарапшылар мен ғалымдарды бұл үдеріске белсенді қатысуға шақырамын. Комиссия Қазақстанның барлық азаматтарының ұсыныстарын қарауға дайын», - деді Әділбек Жақсыбеков.

null  

Табысқа жетуші ұлт қандай болмақ?

Елбасы ХХІ ғасырдағы табысқа жету үшін ұлттың, әрбір қазақстандықтың даму бағытын айқындап отыр. Әрине, ұлтты тұтастай табысқа жеткізудің жолы жаңа институттар құру мен жаңа заңдар қабылдау емес, мәселенің мәнісі қоғамдық қатынастарды жүйелі жаңартуда. «Мұндай ауқымды мақсат біздің алдымызға тарихта бұған дейін қойылып көрген емес. Оған жету әдеттен тыс көзқарас пен ерекше сипаттағы шешімдерді талап етеді. Бұған қоса, бүкіл орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, қоғамдық сектордың жұдырықтай жұмылуы қажет», - дейді Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков.

Айта кетерлігі, Жолдау секілді Елбасының маңызды мәселелер мен құнды идеяларды жариялайтын орны - Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясы. Жаңғырту жөніндегі маңызды мәлімдемелерден кейінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXV сессиясы «Жаңғырудың негізі - тұрақтылық, бірлік, келісім» атты күн тәртібімен өткен еді. Бұл жиында да сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев табысқа жетуге ұмтылған болашақ қазақстандық қандай болуы керек деген мәселеге назар бұрды.

«Біріншіден, ол - әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик, әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлікті нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол - түрлі тілдерді меңгерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық адам», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Осылайша, Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан Қазақстан қоғамы бүгінгі таңда үлкен жолға бет бұрды. Бұл жүйелі түрде жаңғыру жолы! Ал мұндай жаңғыру елдің аумағын тұтастай, қазақстандықтарды түгелдей қамтуы шарт. Сонда ғана жаңғыру жұмысы жемісті болады. 

Соңғы жаңалықтар