«Жібек жолы» туртоптамасы әлем жұртына тарихи мұрамызды танытпақ - Түрік Кеңесі Бас хатшысының орынбасары

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бұған дейін хабарланғандай,  биыл жазғы маусымда Түрік кеңесіне мүше: Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз елінің туризм саласына жауапты ведомстволарының қолдауымен бірлескен заманауи «Жібек жолы туристік топтамасы»ұсынылмақ . Қазіргі уақытта аталған туристік топтаманы таныстыру үшін ақпараттық сапарлар ұйымдастырылып жатыр. Осыған байланысты «ҚазАқпарат» тілшісі Түрік Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Ходжаманмен аталған халықаралық жобаға қатысты сұхбаттасты. 

- Өмер мырза, «Жібек жолы туристік топтамасы» деп аталатын халықаралық жоба қашан қолға алына бастады? Әуелгі сөзді жоба тарихынан бастасақ...

- 2014 жылы Түркияның Бодрум қаласында Түрік кеңесіне (Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз елі - ред) мүше мемлекеттер президенттерінің қатысуымен Кеңестің 4-ші саммиті өтіп, онда «Туризм саласындағы ынтымақтастық» тақырыбы талқыланған болатын. Жиында ортақ туристік топтама әзірлеу тапсырылды. Осыдан кейін, Түрік кеңесі елдері министріліктерінің шешімімен Кеңес хатшылығы «Түрік кеңесінің бірлескен заманауи Жібек жолы туристік топтамасы жобасы» әзірледі. Оны әзірлеуге үш жыл уақыт кетті. Оның мақсаты - Жібек жолы тарихи орындарымен туристік бағытты дамыту. Осыдан кейін, 2016 жылы Түрік Кеңесіне мүше елдердің 11 тур операторларының бірлесуімен аталған жобаны жүзеге асыру үшін консорциум құрылды. Түркиялық «Антур» туристік компаниясы Консорциумның үйлестірушісі ретінде белгіленді. Дәл осы жылы Ыстықкөлде өткен Түрік кеңесіне мүше елдердің туризм саласына жауапты ведомстволарының 3-ші жиынында жобаны жүзеге асыратын аймақтық, халықаралық Жол картасы бекітілді.

- Туртоптама қалай жүзеге асады?  

- «Тур топтама бағдарламасы 14 күннен тұрады. Жоба бағдары бойынша саяхатшылар Түркияда: Ыстанбұл-Кайсери-Нившехир (Кападокия), Ақсарай-Конья-Ыстанбұл бағыттары бойынша, Әзербайжанда: Генджи, Шеки, Шамаха, Баку, Қазақстанда: Алматы-Түркістан, Шымкент, Тараз, Қырғызстанда: Бішкек, Нарын, Таш-Рабат, Чолпан Ата - (Ыстықкөл) Бішкек» бағыттары бойынша саяхаттай алады.

-Бұл жоба туристерді қаншалықты қызықтарады деп ойлайсыз?

- Қазіргі уақытта туризм саласына деген көзқарас өзгеріп келеді. Адамдар өзге халықтардың тарихи, мәдени құндылықтарымен және ерекше орындарымен танысқысы келеді. Бұл ретте, Орталық Азия мен Кавказдың рөлі ерекше. Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Қазақстанның мол тарихи мұрасы бар екені белгілі. Мысалы, Түркістан, Тараз, Шымкент, Баку, Генджи, Кония қалаларынан біздің тарихымыздың куәсіндей болған жәдігерлерді көруге болады. Біз әлем халқына өзге елдің мәдениетінен ерекшеленіп тұратын біздің елдеріміздің өркениетін көрсеткіміз келеді. Жаһан жұрты бұл орындарда қандай өркениет болғанын көруі керек. Бұл туристік топтама әлем жұртына тарихи мұрамызды танытудың тамаша мүмкіндігі. Әрине, туризм саласы елдеріміздің экономикасын ғана серпін бермейді, тұтас Түркі әлемін танытады. Бұл туртоптаманың ерекшелігі, артықшылығы да осында.

-Осыншалықты ауқымды жобаға қолдау көрсетіліп жатыр ма?

- Түрік Кеңесіне мүше елдердің министрліктері, жергілікті қалалық әкімдіктер мен жауапты мекемелер барынша қолдау танытып отыр. Осы жерде Алматы қаласы әкмідігі, Түркістан, Шымкент, Тараз қаласы әкімдіктерінен көп қолдау тапқанымызды айтқым келеді. Қазақстанның бизнесмендері де қалыс қалып жатқан жоқ. «Эйр Астана» әуе компаниясы мен «Интерконтиненталь» қонақ үйлері көмегін аяп қалмады. Мамыр айында жобаның веб-сайты жұмысын бастайды. Маусым айында Қазақстанда Кеңеске мүше елдердің министрлері бас қосады. Оған дейін біз ақпараттық турларды аяқтаймыз. Бұл бағытты таныстыруға арналған алғашқы ақпараттық тур 21 сәуірден 5 мамыр аралығында және 12 мамыр мен 26 мамыр аралығында өтеді. Оған БАҚ өкілдері, блогерлер, сарапшылар, халықаралық туроператорлар қатысады.

-«Жібек жолы» туристік топтамасы қашаннан бастап жүзеге асады?

-Алдағы шілде айында жұмысқа кіріседі. Шілде айының басынан бастап, халық туристік топтаманы сатып ала алады.

-Туристік топтаманың құны қанша болмақ?

- Бағасын қазір айта алмаймыз, әлі де әзірлік жұмыстары жүріп жатыр. Айтарым, баға қолжетімді болады. Төрт мемлекетті 14 күнде аралап шығу әрине, қиын болуы мүмкін. Ұзақ уақыт деп есептегендер үшін жеке саяхаттауына мүмкіндік жасап отырмыз. Яғни, тек бір елді немесе, бір-екі елді ғана тамашалаймын деген туриске жеке топтама сатылады. Мысалы, биыл Түркия мен Әзербайжанды келесі жылы Қазақстан мен Қырғызстанды аралаймын дегендерге жеке-жеке топтама алауына жағдай жасалынбақ.  

- Туристердің бір елден бір елге қатынауы қалай жүзеге асырылады?

-Ұшақтан бастап, барлық көлік түрлері арқылы қатынауға болады. Бір елден екінші елге ұшақ арқылы барса, ел ішінде автобуспен жүре алады. Қайталап айтайын, бұл туристік топтаманың ерекшелігі тарихымызды танытуымызда болмақ. Түркістандағы Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көрген адам Кониядағы Мәулана Румимен мәдени байланысты аңғарар еді. Туристерге осы тарихи орындарды таныстыратын арнайы брошюралар таратылып, олардың тарихы сапар барысында айтылатын болады.   

- Өзбекстанның тарихи қалалары бұл туристік топтамаға енеді ме?

- Біз Өзбекстандағы Самарқанд, Бұқара, Хиуа қалаларын қосқымыз келді. Бірақ, біз әуелі Түркі кеңесіне мүше елдерден бастағымыз келеді. Бұл Өзбекстанды қоса алмаймыз деген сөз емес. Әзірлік жұмыстары біткеннен соң, жоба толығымен дайын болғанда Өзбекстанды жобаға шақыру қиын болмайды. Біз Өзбекстанға хат жазып, өз қалауымызды білдірдік. Егер Өзбекстан хатымызға жауап берсе, біз қатты қуанар едік. Біз Батыс пен Шығыс елдеріне осы елдердің ортақ мәдениетін танытқымыз келеді.

- Уақыт бөліп сұхаттасқаныңызға рахмет. 

Соңғы жаңалықтар