Жекешелендіру жыры неге созылып кетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы уақытқа дейін елімізде жекешелендіру науқаны төрт рет ұйымдастырылды. Оның барысында мемлекеттік меншіктің біраз бөлігі жекеменшікке сатылды. Дегенмен, ондай сатылымнан әзірге тиімділік көрініп отырған жоқ. Сатылғанының орнына сан алуан ұлттық компаниялар мен холдингтердің құрылуымен отандық экономикада мемлекеттің үлесі қайтадан арта бастады. Ал мемлекеттің үлесі басым жерде монополияның қалыптасатыны белгілі. Сол себепті Қазақстан тағы бір жекешелендіру науқанын бастап, мемлекет қазынасы үшін артық жүктен құтылуға кіріскені белгілі. Алайда мемлекеттік аппарат ондай жүктен оңай құтылмайтын секілді. Қайтпек керек? Оны «сілкіп» түсіре алмаймыз. Бір жерде тұрып «секіруге» тура келетін тәрізді. Бүгінгі Үкімет отырысынан осыны ұққандаймыз.

Бүгінде мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру бойынша арнайы жоспар бар. Оған 904 нысан кіреді. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың сөзіне қарағанда, аталған нысандар туралы толық ақпаратты gosreestr.kz сайтынан табуға болады. Соңғы екі жылдың ішінде кешенді жоспарға кіретін 476 кәсіпорын сауда-саттыққа шығарылған екен. Соның 367-сі сатылыпты. Одан түскен қаржының көлемі 164 млрд теңгені құраған. Алайда аталған қаржы толығымен  Ұлттық қорға түспегенге ұқсайды. Мәселен, өткен жылы   108 млрд теңгеге 190 нысан сатылды.

Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев: «Дәл осы ақша толығымен Ұлттық қорға түсті ме?», - деп сұрағанда министр Бақыт Тұрлыханұлы сәл бөгеліп қалды. «Бақытжан Әбдірұлы, ...Республикалық меншікке жататын нысандар бойынша барлық түскен ақша Ұлттық қорға жіберілген болатын. Ол - 7 млрд... 5 млрд мына... Соңғы айда өткен... Осы қаңтар айында тағы 5 млрд Ұлттық қорға жіберіледі. Бірақ тиісті қаулы бар. Енді, ұлттық xолдингтермен проблема әлі баршылық. Қазір Ұлттық экономика министрлігі тиісті Үкімет қаулысын дайындап жатыр. Оны қабылдағаннан кейін қажетті шешімдер қосымша қабылданады», - деді Сұлтанов мырза. Жарайды, «холдингтермен проблема» болса, Үкімет қаулысынан кейін ол «проблема» шешіледі деген үміт бар. Расында, егер мәселе қаулыда болса солай болуы да тиіс.

Өкінішке қарай, проблема онымен бітпейді. Ұлттық компанияларға қарасты ірі активтердің жайы белгілі. Осы санаттағы кәсіпорындардың басым бөлігі IPO арқылы аукционға шығарылады. Алайда жергілікті жерде әкімдіктерге қарайтын коммуналдық және тағы басқа нысандар баршылық. Соның барлығын сол жерде сауда-саттыққа шығарып отыру қажет. Әкімдер шығарып та жатыр. Дегенмен, бір кәсіпорын сатылса, оның орнына басқа компания құрылады. Ондай нысанды «ликвидацияға» жіберген күннің өзінде орнына басқасы қылтиып шыға келеді.

Осылайша, өңірлерде жергілікті атқамінерлер кәсіпкерлерге өз монополиясын бергісі келмесе, мына жақта орталық Үкімет жекешелендіруді аяқтай алмай дал. Бүгін мүлікті түгендеуден (инвентаризация) кейін саңырауқұлақтай қаулап кеткен кәсіпорындар үшін ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкіметбасыдан сөз естіді. «Тимур Мұратұлы, біз инвентаризацияны өткіздік. Дұрыс па? Екі жылдың қорытындысы бойынша нақты кәсіпорындарды анықтадық. Содан кейін жаңа нысандар құрылды ма?», - деп сұрады Бақытжан Әбдірұлы. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, жалпы тізімге тағы 168 кәсіпорын қосылған екен.  Мұны естіген Үкімет басшысы өз наразылығын тағы білдірді. «Сонда біз инвентаризацияны не үшін өткіздік? Бір қолымызбен қысқартып отырмыз, ал екінші қолымызбен одан да көп нысандарды құрып жатырмыз ба? Қалай? Неге ондай әрекеттерге жол береміз? Бір кәсіпорынды жоямыз, соның орнына басқасын жасаймыз. Олай жұмысымыз бітпейді ғой», - деді Премьер-Министр.

Министр Сүлейменов бұған да тұщымды жауап бере алмады. «Нақты анықтаманы кейінірек берсек бола ма?», - деп сұрап еді, Үкімет басшысы одан бетер шүйліге түсті. «Тимур Мұратұлы, бүгін сіз баяндама жасау үшін келдіңіз. Анықтаманы кейіннен қол астындағы қызметкерлерден сұрамайтындай, бәрін баста ұстау керек. Міне, осының салдарынан сіздерде жаңа кәсіпорындар саңырауқұлақтай қаулап кетеді. Себебі ешқандай бақылау жоқ. Ойларына келгенін істейді!», - деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов болса, жергілікті биліктің тағы бір қулығын ашып берді. Оның айтуынша, кейбір әкімдіктер жекеменшік кәсіпорындардағы мемлекеттің үлесін бөліп тастайды да, аукционға шығарады екен. Содан аталған нысандар дұрыс сатылмайды. «Ондай тәртіп бұзушылықтар Қостанай, Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласында тіркелген. Негізі, заңды тұлғалардың еншісіндегі акциялардың үлесін бөлуді тек «Самұрық-Қазына» активтеріне қатысты пайдалануға болады. Себебі ондай шараның арқасында қосымша инвесторларды тартуға мүмкіндік бар еді», - дейді Бақыт Тұрлыханұлы.

Бұдан бөлек, нысандарды бағалау жұмыстары ұзаққа созылған. Сосын сатылмай жатқан нысандарды 20 күндік интервалмен аукционға шығару шарты сақталмай келеді екен. Бұның барлығы жекешелендіру шараларын тежеп отыр.

Әрине, осындайда министрлердің айтатын сөзі белгілі. «Бақылауға алу қажет», «бақылауға алуды сұраймыз», «әкімдерге ескертеміз» және тағысын тағы. Алайда одан аса алмайды. Содан болар, жергілікті жердегі тәртіп бұзушылықтарға тұсау жоқ. Премьер-Министрдің өзі «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кебін кие бастағанымызды мойындап отыр.  «Жекешелендіру аясында тәртіп бұзушылықтар көп. Әсіресе, жергілікті жердегі жағдайды қатаң бақылауға алу қажет. Иә, ұсыныстар жасалды. «Бақылауға алу қажет», «алып тастау керек» дейміз. Дегенмен, бұның барлығы - шартты нәрсе. Келесі жолы аталған тәртіп бұзушылықтар тағы қайталанады. Басқа бір меxанизмді ойластыру қажет сияқты», - дейді Бақытжан Әбдірұлы. Үкімет басшысының ойынша, ендігі күні бір жерде жекешелендіру кезінде тәртіп бұзушылыққа жол берілсе, оны ашық жариялау керек. Осы орайда Бақытжан Сағынтаев ондай ақпаратты xалық оқитын сайттарға жиірек салу қажет деп санайтінін жеткізді.

Сонымен, жекешелендіруді жеделтетуге қатысты тағы бір ұсыныс айтылды. Министрлер бастарын изеп келісті. Әкімдер де бәрін естіді. Жаңа механизмнің тиімдігілігін жекешелендірудің осыдан кейінгі барысы көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар