Жайылманың қарбызы Астанаға жол тартты - Қызылорда

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бірер күнде Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Жайылма ауылының қарбызы Астанаға жетеді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Жақында Қызылорда қаласында өткен брифингте Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев «25 маусымда «Жайылма» ауылының қарбызы пісіп, еліміздің бірнеше аймақтарына жол тартады», - деп мәлім еткен болатын. Әкімнің сол сөзі расқа айналып, Жайылма елді мекенінде қарбыз пісіп, жер емген ағайын үшін қауырт шаруа басталды. Кеше осыған орай аудан әкімі Ғалым Әміреев арнайы соғып, диқандар қауымының қуанышымен бөлісті. Аудан орталығынан ашылатын «Мейірім» коммуналдық базарына өнім жеткізу жөнінде шаруалармен кеңес құрды.

Аудан әкімшілігінің бастамасымен 25 маусымда ашылатын «Мейірім» базары ауыл тұрғындарының ауласында өскен көкөнісі мен жеміс-жидегін сатуға арналып отыр. Және сауда қатарлары тегін беріледі. Басты талап - мұндағы өнім бағасының  базар құнынан төмен болуы қажет. Осы мақсатта жергілікті билік Қостанайдан «Цесна» ұнын тікелей алдырып отыр. Базардағы бағасы 5 мың теңгеден асатын бұл ұн «Мейірімде» 4500 теңгеге саудаланады. Ең бастысы осы базарда Жайылманың қарбызы да арзан бағада сатылатын болады.

Аудан әкімдігінің жергілікті брендке айналып үлгірген өнімді насихаттау барысындағы бастамасына орай «Жайылманың» қарбызы Астана, Ақтөбе, Қостанай қалаларында  да сатылатын болды.

Соңғы жаңалықтар