Жастардың өмірі бізден жақсы боларына үлкен сенімдемін - Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында ғылымның дамыған бүгінгі заманында жастардың болашағы жарқын боларына үлкен сенімде екендігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ел маған тапсырылғаннан кейін әрине де, мен болшақты, қазағымыздың  не болатынын ойлаймын. Біріншіден, екі үлкен империяның ортасында тұрмыз. Оңтүстікте - мұсылман елдері, шығыстағы көршілеріміз бар, сол ұлы елдегі және солтүстіктегі мемлекеттің түбінде саясаты қандай болады?! Біз төңіректегі барлық елдермен татулықтың, ішкі татулықтың арқасында ғана жетістікке жетіп отырмыз. Оны істемеген адамдарды өздеріңіз көріп отырсыздар, айтпай-ақ қояйын. Ішінде бүліктен-бүлік, төңкерістен-төңкеріс болып жатқан ел оңбайды. Біздің болашаққа жетер жолымыз - бұл бірлік», - деп атап өтті Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ жүзге, руға бөлінбеу мәселесін тілге тиек етті. «Бір адамның баласы екенімізді, бір ел, бір қазақ екенімізді түсіну керек», - деді ол.

Зиялы қауыммен әңгіме барысында Мемлекет басшысы сонымен қатар, күн сайын жаңалықтар легі ағылып отырған қазіргі инновациялық жағдайда елдің көшке ілесу мәселесін айтып өтті.

«Мысалға, денсаулық сақтау саласында жыл сайын 10-15 процентке өзгеріс болады. Біздің буынға соған ілесудің өзі оңай емес. Ал жастардың ілесуі қалай болады? Түбінде қазіргі мамандықтардың жартысы керексіз болып қалады. Машина құрастыруда роботтар жұмыс істейді, үйдің ішінде де роботтар болады, тамақ істейтін, үй сыпыратын роботтар болады. Үй салатын 3D принтер-роботтар келеді. Сонда қыруар маман жұмыссыз қалады. Қазір жеңіл машина жүргізушісіз басқарылады.  Банктардың да керегі болмай қалады, интернет-сауда дамиды. Соны ойлауымыз керек. Ол бізге өте тез жетеді. Сол үшін, сауатты адамның сауатсыз адамға қарағанда басқа мамандықтарға ауысып кетуіне мүмкіндігі жоғары болады. Жастарымызға осыны түсіндірсек екен. Оңай болмас, бірақ олардың өмірі бізден жақсы болатынына үлкен сенімдемін. Бірақ болашақты ойлаған кезде еліміздің, халқымыздың, тарихымыздың, тіліміздің сақталып қалуы маңызды. Ал солардың ең басында тұрғаны - қазақтың ауыз бірлігі. Қайткенде де осыны сақтап қалуымыз керек», - деп түйді ойын Елбасы.

 

Соңғы жаңалықтар