Жанармай бағасының шарықтап кетуіне ешқандай алғышарт жоқ - министр Бозымбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бензин мен дизель отыны бағасының шарықтап кетуіне ешқандай алғышарт жоқ. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әзірше бензин мен дизель отыны бағасының шарықтап кетуіне ешқандай алғышарт жоқ. Қазіргі уақытта бірқатар фактор бар. Оны біз сараптап жатырмыз және бүгін баспасөз қызметім оған қатысты ақпаратты беретін болады», - деді министр.

Айта кетейік, еліміздің жанар-жағармай құю стансаларында АИ-92, АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің бағасы көтерілген болатын. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» стансаларында АИ-92 маркалы бензиннің литрі 144, АИ-95 158, ал дизель отыны 144 теңгеден сатылуда. Ал Helios стансаларында бензиннің барлық маркалары «ҚазМұнайГазға» қарағанда 1 теңгеге қымбат. Бензиннің ең жоғары бағасы «Газпром нефти-Казахстан» стансаларында тіркелген. Онда АИ-92 147, АИ-95 168 теңгеден босатылуда.

Соңғы жаңалықтар