Жаңа жүйе медицина саласындағы «таныс-тамырластыққа» да төтеп бере алады - Алмаз Шарман

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау саласының белді маманы, Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарманның ойынша, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт келді. Осы жолы бұрынғы қателіктер қайталанбайды. Себебі отандық медицина аталған жүйеге әбден дайын. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Алмаз Шарман сақтандыру жүйесін енгізудің өзектілігі жайында айтып берді.

- Таяу арада елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Сіз осы бастамаға қалай қарайсыз? Одан қандай нәтиже күтесіз?

- Мен аталған жүйені толығымен қолдаймын. Қазақстанда медициналық сақтандыруды енгізетін уақыт келді. Отандық денсаулық сақтау саласы да оған толығымен дайын. Мәселен, 90-жылдардың соңында медицина саласын басқарудың орталықтандырылған бір жүйесі болмады. Қазір жағдай өзгерді. Медициналық сақтандыруға қажетті орталықтандырылған жүйе де қалыптасты. Оны медициналық қызметтерді төлеу жөніндегі комитет атқарады. Демек, механизм бар. Ол - бір. Екіншіден, бүгінде жеке меншік медицина саласы да аяққа нық тұрып, сапалы қызметтерді ұсына бастады. Мен өзім дәл осы салаға үлкен үміт артып отырмын. Себебі өзара бәсекелестіктің нәтижесінде сапа артады, халықтың ақшасы да тиімді жұмсалады. Білуімше, міндетті әлеуметтік медициналық қорда мемлекеттік мекемелермен бірге жеке меншік медициналық ұйымдар да тіркеледі. Бұл дегеніміз, бәсекелестік барлық салаға таралады. Кімнің қызметі сапалы болады, ақша да соған жіберіледі. Ондайда тұтынушының ұтатыны белгілі. 

- Дегенмен, аталған жүйені енгізуге әлі ерте деген пікір бар...

- Мен ол пікірмен келіспеймін. Реформаны енгізу туралы шешім уақытында қабылданып отыр. Денсаулық сақтау саласының қазіргі материалдық-техникалық жабдықталуы да жаман емес. Ендігі кезекте бизнес үдерістерді дұрыс жолға қоя алсақ, құба-құп.

-  Міндеті медициналық сақтандыру жүйесі қай мемлекеттерде жақсы дамыған?

- Германия соның айшықты мысалы бола алады. Ол жақта медициналық сақтандыру жүйесінің іске асып жатқанына біраз уақыт болды. Аталған шаралардың тиімділігі дәлелденіп отыр. Неміс медицинасының сапалы екенін бәріміз жақсы білеміз. АҚШ-та да мемлекеттік сақтандырудың белгілі бір жүйесі қалыптасқан. Алайда медициналық қызметтердің басым бөлігі ақылы түрде көрсетіледі. Америкада «Medicare» атты медициналық сақтандыру бағдарламасы тек жасы үлкен адамдарға ғана арналған еді. Бірақ егде жастағы америкалықтардың саны артып отыр. Сол себепті мемлекеттік сақтандырудың үлесі күшейді.

- Қазіргі халықаралық тәжірибені ескерсек, Қазақстанда жаңа жүйені толыққанды іске қосу үшін қанша уақыт қажет болады?

- Меніңше, кем дегенде, 10 жыл қажет. Негізі, медициналық ұйымдар жаңа жүйеге дайын. Ендігі мәселе - ақша жинау. Осы шараларды іске асыруға уақыт қажет. Себебі бірден барлығынан ақша жиналмайды. Ол рас. Сол себепті мемлекет бұл жерде буфердің рөлін атқарады. Бас кезінде барлық шығындар тегін медициналық көмек аясында, яғни бюджеттің есебінен өтеледі. Оны да қолдаймын. Өйткені міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне біртіндеп көшкен дұрыс. Халық оған үйренуі керек, бара-бара менталитет те өзгереді. Мәселен, қазіргі кезде медициналық мекемені өз еркімен таңдауға мүмкіндік бар. Оны бәрі бірдей біле бермейді. Сондықтан жаңа жүйені асықпай енгізген жөн. Ал, ең бастысы, адамдарға олардың құқықтарын түсіндіру керек. Мемлекеттің есебінен қандай шығындар өтеледі? Сақтандыру аясында аурудың қай түрлерін емдеуге мүмкіндік бар? Осының барлығын кеңінен түсіндіру керек. Әрине, ондай шараларға бір жыл аз болады.

- Сіздіңше, жаңа реформаны табысты іске асыру үшін тағы нені ескеру керек?

- Меніңше, алдымен медициналық қызметті ұсынатындарға бірдей жағдай жасау қажет, мемлекеттік мекеме болсын, жеке меншік ұйым болсын, барлығына бірдей қараған жөн. Осы мәселеге баса назар аударған маңызды. Себебі жеке меншік медицина саласында бәсекелестік бар. Ондайда қызмет көрсету сапасы артады. Сондықтан жаңа жүйенің барынша ашық болғаны дұрыс, әкімшілік кедергілерді азайтып, барлығына бірдей жағдай жасалуы қажет. Әрине, xалық арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Өйткені 90-жылдары міндетті сақтандыруды енгіземіз дегенде xалық та, жергілікті билік органдары да оның маңыздылығын дұрыс түсінбей қалды. Соның салдарынан қорға дұрыс жарна да түспеді. Ақшасы жеткіліксіз болғаннан кейін жаңа жүйе де іске аспады.

- Дегенмен, жаңа жүйенің кемшіліктері бар ма? Басты артықшылығы неде?

- Меніңше, міндетті медициналық сақтандыру қорына ақша жинау ең қиын жұмыс болады. Себебі жұмыс берушілер үшін барлық еңбекақы көлемінің 2 пайызын қорға аударудың өзі оңайға соқпайды. Қазіргі дағдарыс жағдайында барлығы ақшаны үнемдеуге тырысады. Сондықтан жұмыс берушілер табысын жасырып, жалақыны қайтадан конвертпен беруді бастайтын тәрізді. Ал жаңа жүйенің артықшылығы жайында айтар болсақ, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін ақшаның көлемі артады, ауруxананың көмегіне жүгінетін xалық та оны байқайды.

- Жаңа жүйенің ашықтығы демекші, денсаулық сақтау саласында таныс-тамырластық арқылы жұмысқа тұру, сол жұмысқа тұрғызғаны үшін «сәлем-сауқат» беру оқиғалары азаяды деп ойлайсыз ба?

- Иә. Негізі, бүгінде дәрігерге пара беру көп елдерде «нонсенс» ретінде қабылданады. Себебі жалақысы жақсы дәрігерлер пара алмайды. Сондықтан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенде осы мәселеге баса назар аударған жөн. Таныс-тамырластық арқылы жұмысқа тұру оқиғалары да бірте-бірте азаяды. Өйткені қазірдің өзінде xалық әлеуметтік желілер арқылы ақпарат алмасып, дәрігерлердің кәсіби дайындығын талқылап, қай мекемеде қандай маманның жұмыс істеп жүргенін, жақсы дәрігердің қай жерде отырғанын да жақсы біледі. Сондай мамандарға көптеп барады.

- Болашақта әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жеке меншік және мемлекеттік мекемелермен келісім жасайды. Ал сол келісімге отырғысы келмейтін клиникалар мен дәрігерлер табылса, қалай болады?

- Әрине, олар табыстан айырылады. Бәлкім, ондай клиникаларың тарифтері төмен болатын шығар. Дегенмен, жаңа жүйені дұрыс ретке келтірсе, мемлекеттік мекеме болсын, жеке меншік ұйым болсын, барлығына медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсеткен тиімді болады.

- Сонда өзара бәсекелестік қалай іске асады? Медициналық сақтандыру саласыдағы реформа дәрігерлерге нақты не береді?

- Бәсекелестіктің басты көрсеткіші сол, пациент дәрігерді, яғни клиниканы да өзі таңдайды. Ал медициналық сақтандыру қорындағы ақша сол клиникаға аударылады. Осылайша, пациент үшін, оған қызмет көрсетуден түсетін ақша үшін бәсекелестік күшейеді. Әрине, осындай нарықтық жағдайда дәрігерлерге тиісті жалақы төлеу мәселесі де реттеледі деп сенемін. Әйтпесе, бүгінде мықты мамандардың көбісі мемлекеттік мекемелерде істегісі келмейді. Өйткені жеке меншік ұйымдарда әлдеқайда көп ақша төлейді.

- Қазіргі кезде емдеуден бұрын профилактикаға басымдық беру керек екені жайында жиі айтылады. Ондай шаралар жаңа жүйенің дамуын тежеп тастамай ма?

- Профилактикалық медицинаға басымдық беру керектігі жайында мен өзім талай рет айттым. Емдеуден бұрын аурудың алдын алған оңай әрі тиімді. Қазіргі денсаулық сақтау саласында аурудың түріне қарай емес, адам басына қарай ақша төлеу тетіктері қарастырылған. Әрине, ауруды емдеу шығындары сол төлемнен асып кеткені медициналық ұйымдар үшін тиімсіз. Сондықтан олар адамың ауруxанаға түспегенін қалайды. Әйтпесе, артық шығын шығып қалуы әбден мүмкін.

Бүгінде бірқатар мемлекеттерде, соның ішінде АҚШ-та аралас тарифтер меxанизмі бар. Қазақстан да қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің тұжырымдамасын талқылауға кірісті. Бұл - өте маңызды шара. Оның негізгі мақсаты - профилактика, қоғамдық денсаулық сақтау мен медициналық көмектің тепе-теңдігін сақтау. Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі аурудың алдын алу шаралары көздейді. Ал медициналық көмек аясында емдеу шаралары жүргізіледі. Екеуі қосылғанда өте қызықты жүйе пайда болады.

Соңғы жаңалықтар