Жаңа ұлттық компания бюрократияға төтеп бере ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет ел экономикасына шетел инвестицияларын тартуға білек сыбана кірісті. Ендігі кезекте, сол инвестицияны тартып қана қоймай, оны ұстап қалуға да баса назар аударылады. Әйтпесе, Үкімет ақ тер-көк тер болып, шетелдік инвесторларды әкеліп жүргенде жергілікті жердегі бюрократия оларды кері қайтарып жатады.

Әрине, барлық шенді-шекпенділердің ортақ іске деген жанашырлығын бірден ояту қиынның қиыны. Әрбір шенеуніктің көзқарасын өзгертуге де біраз уақыт қажет. Ал біз ЭКСПО-дан кейін Халықаралық қаржы орталығын ашайын деп жатырмыз. «Самұрық-Қазына» сияқты ірі қордың активтерін жекешенлендіру арқылы шетел инвестициясын көптеп тартатын ойымыз бар. Демек, дәл қазір сырттан келетін қаржының қамын ойлап, оның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына кепілдік беретін жүйе керек. Үкімет ол жүйені тапқан сияқты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр Индустрияландыру күні аясында өткен салтанатты шарада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сауда, инвестиция мен экспорт мәселесін бір мемлекеттік органға тапсыру қажеттігін жеткізген еді. Тіпті, қазіргі сыртқы істер министрлігін шет елдерде сияқты сыртқы істер және сауда министрлігі ретінде қайта жасақтауды ұсынды. Инвесторларды тартумен айналысатын нақты компанияны құру мәселесін де қарастыруды тапсырған болатын. Содан Үкімет ары ойланып, бері ойланып, министрліктің атауын сол қалпында қалдырғанды жөн көрді. Дегенмен, сыртқы істер министрлігі Президенттің ойын қаперге алған болуы керек, өзінің сыртқы байланыстарын барынша пайдалануға күш салды, елшілер арқылы Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктерін жан-жақты насихаттауға кірісті. Министрлік алдымен барлық шетел дипломаттарын жинап, еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасын таныстырса, іле-шала Қостанай облысының таныстырылымын жасады. Ал осы жолы елшілерге Қазақстанның жаңа инвестициялық саясатын таныстыруды ұйымдастырды. Шараға ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың өзі қатысты. Себебі ауыл шаруашылығы былай тұрсын, дәл осы инвестициялар болмаса, экономиканың кез келген саласы дамымай қалады.

Үкімет басшысы елші мырзалармен ашық сөйлесті. Қазақстанның инвестициялық саясаты жайында әңгімелеп, осы салада қордаланып қалған кейбір мәселелерді де жасырмады.

«Қазіргі кезде біз ұлттық инвестициялық стратегияны әзірлеп жатырмыз. Ол да - Президенттің тапсырмасы. Осы жұмысқа xалықаралық сарапшылар тартылып отыр. Сондай-ақ, біз өзіміздің аймақтағы әріптестерімізге осы мәселенің маңыздылығын түсіндірдік. Себебі дәл сол аймақтарда көптеген мәселелер туындайды. Енді, біз, Үкіметте отырғандар, инвестициялық саясатты өзгертудің қажеттілігін жақсы түсінеміз. Сол себепті осы саладағы жұмыстың аймақтарда тұралап қалғанын қаламаймыз. Сондықтан облыс әкімдерінің инвестициялар жөніндегі орынбасарларымен қосымша кеңестер өткіздік. Біз кейбір басшылардың осы салада жұмыс істеуге әлі де дайын емес екенін байқадық. Тілді тиісті деңгейде білмейтіндері де көп нәрсені аңғартады. Иә, олардың басқа да жұмыстары да жетіп артылады. Оны да білеміз. Осыған байланысты біз Президент Әкімшілігіне тиісті xатты әзірлеп жатырмыз. Инвестицияларды тарту жұмысын ретке келтіру керек», - деді Үкімет басшысы.

Шыны керек, бүгінде жергілікті шенеуніктердің тіл білмеуі сияқты мәселелерден бөлек бюрократияның бар екені де жасырын емес. Ондай мысалдар аз емес. Соның біреуін Астанада өткен бір жиында «Нұр Отанның» орталық аппараты партиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрлан Баймырзаев жариялады.

«Мен сіздерге қызықты бір оқиғаны айтып берейін. Ол оқиға дәл қазір өрбіп жатыр. Қазақстанға бір инвестор келді. Үлкен бір өндірісті ашатын ойы бар. Бір ауданда жер алыпты. Оның жобасы Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына да кірді. Енді, инвестор сан алуан рұқсат қағаздарын жинап жүргенде ана жақ оның жерін басқа фирмаға беріп жіберді. Әкімдік бәрін білген. Сонда айдаладағы жерді тұрғын үй құрылысына бере салыпты. Ешқандай инфрақұрылымы жоқ, бас жоспарды да ескеріп жатқан адам табылмады. Жаңағы инвестор аң-таң. Қоңырау шалып, мәселенің мәнісін сұраса, «Жарайды, біз ол жерді қайтіп рәсімдеп береміз, бірақ 100 мың доллар беріңіз» деген жауап алыпты. Сонда қараңыз, инвестор құжат жинау және тағы басқа шараларға кеткен уақытын қимай, сол фирмаға пара беріп құтыла салады. Оған солай істей салған жеңіл. Ондай жағдай бір облыста емес, барлық аймақтарда болатын сияқты. Инвесторларға артық машақат қажет емес. Пара бере салған жеңіл»», - дейді Баймырзаев. Сол кезде партия өкілі нақты қай аудан екенін ашық айтпады. Алайда барлық құжаттарды жинап болған соң тиісті органдарға тапсыратынын жеткізген.
Демек, бүгінде шетел инвестицияларын тарту - ол бір жұмыс, ал соны ұстап қалып, нақты бір жоба ретінде іске асыру үшін жергілікті биліктің экономикалық сауаты, тіл білімі, ал ең бастысы, ортақ іске деген жанашырлығы қажет-ақ. Онсыз өзге елдің қалталы компаниялары Қазақстанға қалай келсе, солай кері қайтып отырады. Ал тұтас бір мемлекеттік аппарат былай тұрсын, бір шенеуніктің психологиясын өзгертуге бір жыл емес, бірнеше жылдың кететіні белгілі. Содан болар, Қазақстанда шетел инвестицияларды тартумен айналысатын нақты бір компанияны құру туралы шешім қабылданды. «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы инвестицияны тартып қана қоймай, оны нақты жобаға дейін жеткізетін болады. Тіпті, құжат рәсімдеуге дейінгі жұмыстармен де айналысады. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл болып көреді. «Компания Үкіметтің атынан барлық келіссөздерді жүргізеді. Былайша айтқанда, Kazakh Invest инвесторлар үшін Қазақстанға кіретін есік сияқты болады. Ол инвесторларды елімізге кіргізіп қана қоймай, келіссөздерден бастап нақты жобаны іске қосуға дейінгі жұмыспен айналысатын болады. Ал компанияның жергілікті жердегі өкілдері облыс әкімдерінің кеңесшісі қызметін қоса атқарады», - дейді инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Осы орайда айта кеткен жөн, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының директорлар кеңесін Премьер-министрдің өзі басқарады. Осының өзі жаңа компанияның жұмысы мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек.

Ал маусымның аяғында инвестицияларды тартудың ұлттық стратегиясы дайын болады. Аталған құжат инвестицияны қайдан, қалай және қай салаға тарту қажет екенін айқындайды. «Бүгінде біздің алдымызға жаңа міндеттер қойылып отыр. Қазір шетел инвестицияларын тартып қана қоймай, оны ұстап қалу қажет. Реинвестициялар (салынған ақшадан түскен пайданы қайтадан сол нысанға салу - авт.) үшін барлық жағдайларды жасау маңызды», - дейді министр Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар