Жан басына шаққандағы ЖІӨ 8,7 мың АҚШ долларына дейін артады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың қорытындысында жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 8,7 мың  АҚШ долларына дейін артады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Оның айтуынша, 2017 жылға арналған негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджет параметрлерінің болжамы 2016 жылғы жалпы ішкі өнімнің есептік деректерінің, АҚШ долларына қатысты теңгенің есеп айырысу бағамының 330 теңге деңгейінде сақталуы және әлемдік мұнай бағасы бір барреліне - 50 АҚШ доллары негізінде нақтыланған.

«Яғни, 2016 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 1 497,4 млрд теңгеге ұлғая отырып, 46 971,2 млрд теңге көлемінде қалыптасты, жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 1,1 пайызды құрады. Жыл басынан бастап экономикалық белсенділіктің жақсарғаны байқалады. Ағымдағы жылғы 9 айда жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,3 пайызды және орташа бағам бір АҚШ доллары үшін 323,2 теңгені құрады. Сонымен қатар, мұнай бағасы барреліне 52 АҚШ доллары шегінде қалыптасты», - деді министр.

Сүлейменовтың айтуынша, жыл бойғы экономиканың өсуі 3,4 пайыз деңгейінде күтілуде.

«Аталған факторларды ескере отырып, атаулы жалпы ішкі өнім 2017 жылы 51 855 млрд теңге көлемінде болжанып отыр. Бұл ақпанда мақұлданған көрсеткіштен 2 114,7 млрд теңгеден жоғары. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 8,7 мың  АҚШ долларына дейін артады», - деді Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар