Жамбыл өңірінің дамуы бұрынғымен салыстырғанда жер мен көктей - ҚР Президенті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат -  Жамбыл өңірінің дамуы бұрынғымен салыстырғанда жер мен көктей. Мұндай пікірді бүгін Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы кездерде елді аралап, өңірлердің жағдайымен танысып, елдің  ойын білу мен үшін салтқа айналғанын білесіздер. Сол жолмен Өзбекстан, Түрікменстанға сапарымнан келе жатқанда жолшыбай сіздерге соғып, жағдайды білейін деп келдім. Бүгін қаланы аралап, ішін, жасалып жатқан жұмыстарды көрдік», - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті Жамбыл облысы өндіріс ошақтарын көбейтуі қажеттігін баса айтты. Өндіріс ошақтарының саны артса, экономиканың ауқымы еселеніп, бюджетке түсетін қаражаттың молаятындығын, халықтың жағдайы жақсаратындығына назар аудартты.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңадан мөлтек аудандар салынып жатқанын көріп отырмын. Жол салынып жатыр. Жамбылдың үстімен қазір Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізі салынды. Темір жол бар, газ құбыры тартылып, барлығы газдандырылды. Бұрынғымен салыстырғанда жер мен көктей болды. Тараздың ішіндегі машиналардың санын қарасаң, соның өзі халықтың әл-ауқатының көтерілгендігін білдіреді. Соның барлығы елдің ішіндегі тыныштықтың, біздің ауызбіршілігіміздің арқасында болып отыр. Әрине, облыста жұмыстар жасалып жатыр. Әкімдіктер өздерінің жұмыстарын атқаруда. Бірақ істейтін шаруалар да  көп», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыдан кейін өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев Жамбыл облысының дамуы жайында баяндама жасады.

Соңғы жаңалықтар