Жалғыз үйі үшін өзін-өзі өртеп жіберген ананың 5 баласы қазір қалай өмір сүріп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қоржымбаевтар отбасы отанасынан айрылғалы 5 жыл болды. Сол күні болған жантүршігерлік оқиға артында аңырап қалған балалардың әлі есінде.

Светлана Тұрғамбаева Алматы шетіндегі жалғыз үйін сот орындаушыларынан қорғаймын деп өзін-өзі өртеп жіберген болатын. Әйелінің артынан сот пен прокуратураның табалдырығын тоздырып жүріп 4 жылдан соң ауыр науқастан күйеуі Зейіш Қоржымбаев та көз жұмады.

Бұл атышулы істен соң судья да, нотариус та істі болды. Сот орындаушысына қатысты іс ашылды.

Содан бері мемлекеттік органдардың қателігінің кесірінен үйі жоқ, күйі жоқ жетімдер әлі үйлерін заңдастыра алмай келеді.

Жасы жетпей отбасының барлық тауқыметін арқалаған отбасының тұңғышы Айнұр Омарбаева 5 жылда не өзгергенін айтып берді.

- Ескі жараның аузын тырнағым келмейді, әрине. Бірақ қоғам мұндай оқиғаларды білуі тиіс. Оқиға қалай болды?

- 2012 жылы мамырда Алатау аудандық сотының үкімін орындау үшін үйімізге сот орындаушысы Елтоқов, үйге таласқан Масақов Миллетхан, полиция, өрт сөндірушілер бригадасы келді. Біз сөйлесіп жатқан кезде мамам артымызда тұрған. 1-2 сағаттай тұрдық. Сағат 5-ке таман мамамыздың шыдамы таусылып үстіне бензин құйып, сіріңке алып шықты. Сол кезде Елтоқов анама қарай жүгіреді. «Тәте жаға алмайсыз, ал жағыңызшы» деп. Анам қолындағы сіріңкені жағып жіберді. Аналар қашып кетті. Анам өртеніп кетті. Өрт сөндірушілер су шашып үлгерді. Ұлардай шулап біз де шамамыз келгенше сөндірдік. Ешкім жедел жәрдем шақырған жоқ. Өзіміз шақырдық. Жедел жәрдем келіп, анамызды жансақтау бөліміне алып кетті. 3 күн жатып комаға кетті. 29 мамырда анамыз қайтыс болып кетті. Содан бері Елтоқов та, Масақов та келген жоқ.

- Қазір содан бері 5 жыл өтті. Осы уақыт аралығында не өзгерді? Үйді қайтара алдыңыздар ма?

- Үй әзірге ешкімдікі емес. Ауада тұр. Біздің әлі «пропискамыз» жоқ. Сол үйде тұрып жатырмыз. Әкімдік тек анықтама береді. Бірақ ол бір жапырақ қағаз ХҚКО-да жарамсыз. Бәрі күледі мынау не қағаз деп. Үнемі төлқұжат ауыстырғанда 16 мың айыппұл төлейміз. Үнемі біреулерге жалынып жүреміз, балаларымызды мектепке, балабақшаға берсек те қиналамыз. Босанар алдында берілетін жәрдемақыны да біреудің үйіне тұрып, 16 мың айыппұл төлеп рәсімдедік. Отбасында 5 баламыз. Мен - тұңғышымын. Менен кейін Самат, Қайрат, Гүлнұр, ең кішісі Әлішер. Ұлдардың алды үйленіп жатыр. Анам олардың немересін көре алмай кетті. Қазір бәріміз сол үйде тұрып жатырмыз. Басқа үйіміз жоқ, әйтеуір күн кешіп жатқан жайымыз бар. Үйге газ кіргізе алмаймыз, құжат жоқ. Электр энергиясына да 40-50 мыңнан төлеп келдік. Әкімге барып сөйлескен соң 10 мың теңге төлеп отырмыз. Міне 5 жыл болды. 14 наурызда әкем қайтыс болды. Ол демікпемен ауыратын. Мына сот қудалауы ол кісінің де түбіне жетті. 4 жыл бойы тоздырмаған табалдырығы жоқ. Әкем тірісінде де жазғанбыз. 1 қорап қағаз тұр. Бәрінде шағымымызды қанағаттандырмаған.

- Сіздерге қатысты үйді босату туралы үкім шығарған судьяның өзі қазір істі болып жатыр. Бұл соттан не күтесіздер?

- Тек қана әділдік орнасын. Анамның өліміне әкелген үкімді шығарған судья жазалансын. Бізге адал еңбегімізбен сатып алған үйімізді қайтарып берсін. Артқа қарай ештеңе қайтара алмайсың. Жаман түстегі адамдар сияқты өмір сүрдік. Енді ес жиып, үйленіп, келіндер түсіп жатыр. Қалайда біз осы үйді бермейміз. Анам 57 жасында, әкем 61 жасында осы үй үшін жанын қиып кетті. Біз де күресетін боламыз. 

- Сұхбатыңызға рахмет. Әділдік орнайды деген үмітімізді үзбейік.

***

Айта кету керек, қайғылы оқиға 2012 жылы болған еді. 5 баланың анасы, 57 жастағы әйел Светлана Тұрғамбаева үйін тартып алуға келген сот орындаушыларының, көршілерінің, отбасының алдында бензин құйып, өзін өзі өртеп жіберген болатын. Денесінің 85 пайызын күйік шалған әйел ауруханада үш күннен соң қайтыс болды.

Қоржымбаевтар отбасы бұл үйді 2010 жылы 6 сәуірде Мыңбаева Баян деген келіншектен сатып алған. Алдыңғы қожайыны оны азаматтық некедегі күйеуі қайтыс болғанда мұра ретінде рәсімдеп алған екен. Мыңбаеваның некесін Алатау ауданының судьясы Өмірзақ Серімов 2009 жылы заңды деп тапқан. Бір жылдан соң қайтыс болған ер адамның інісі Масақов Миллетхан «мен жалғыз мұрагермін» деп арыздана бастайды.

Содан соң судья Серімов өзінің некені заңды деп тапқан шешімін жоққа шығарады.  Соның кесірінен Мыңбаева заңды мұрагер болмағандықтан, Қоржымбаевтардың сатып алу туралы шарты да заңсыз деп танылады.

Үйдің бұрынғы иесі мен Мыңбаеваның некесін заңды деп тапқан, кейін өзінің шешімін қайтып алған Алатау ауданының судьясы Өмірзақ Серімов қайғылы оқиғадан соң 2 айдан кейін жұмысына жарамсыз деп қызметінен шеттетіледі. 

Қазір Алатау ауданының бұрынғы судьясы Өмірзақ Серімов ҚР ҚК 350-бабының 2-бөлімі, 307-бабының 4-бөлімі бойынша өзінің өкілеттігін асыра пайдаланып, көрінеу әділетсіз шешім шығарғаны үшін айыпталып отыр. Іс Алатау аудандық сотында қаралып жатыр.

Соңғы жаңалықтар