Жақсылық Досқалиев екі бүйрегін берген Серікболсынның отбасына көңіл айтып бармақ

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мәйіттік донорға қатысты түсінік берген Ұлттық трансплантацияны үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиев Серікболсын Көшербайдың отбасына барып, көңіл айтатынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Алтай батыр ауылының тұрғын Серікболсын Көшербай бас-ми жарақатын алып, отадан соң ес жимай, ауруханада көз жұмды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, 22 жастағы жас жігіттің қос бүйрегі науқастарға салынып, арнайы ота жасалған. Серікболсын Көшербайдың туған-туыстары донор болып, екі адамға өмір сыйлағанын білмей, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстың бас хирургі Ерлан Сұлтангереевті сотқа берді .  Ал бүгін осы оқиға туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында Ұлттық трансплантацияны үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиев түсініктеме берді. «Дәрігер ғана емес, бүкіл халық болып жиналып, жұбатуымыз керек. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Байғаниннің ауруханасында көмек жасалды, кейін Ақтөбе қаласына ауыстырылды. Дәрігерлер күндіз-түні қолдан келгенін жасады. Миы өліп кеткеннен кейін оны қайтару мүмкін емес. Мен барып, басымды иемін. Сол үшін келдім»,- деді Жақсылық Досқалиев.

Айта кетейік, елімізде 2012 жылдан бері мәйіттік донор қолға алынды. Сол жылы бір адамның жүрегі ауыстырылды. Ал 2015 жылы 22, 2016 жылы 16 науқасқа қаза болған адамның дене мүшесі салынды. Жыл басынан бері 11 адамға мәйіттік донор арқылы ота жасалды. Ал тірі адамның ағзасын салу саласы елімізде жақсы дамып келеді. Мәселен, 2012 жылы 63 адамға туған-туыстары донор болды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 248-ге жеткен.

«Егер адам тірі кезінде донор болуға қарсымын деп жазып, тіркелмесе, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі кодексіне сәйкес миы өлген жағдайда оның азғасын еш келісімсіз алуға болады. Арнайы рұқсат сұраудың қажеті жоқ. Бұл басты заңнама 2009 жылы қабылданып, 2016 жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл бірінші оқиға емес. Қазақстанда болды, ертең де бола береді. Адамның ағзасын алу оңай жұмыс емес. Миы өлген адамнан бірнеше анализ алынады. Тексеруден соң сәйкес келе ме, жоқ па деген сұраққа жауап ізделеді. Қазір еліміз бойынша 3 500-ден астам адамға донор қажет. Олардың бүйрегі, жүрегі, өкпесі, бауыры аппаратқа қосулы. Сондықтан бұл жағдайды ушықтырмай, адамдарға түсіндіру жұмысын жүргізу керек. Біздің дініміз, заңымыз адам ағзасын адамға салуға қарсы емес»,- деді Жақсылық Досқалиев.

Соңғы жаңалықтар