ВВС видео-журналисі: Интернет үстем болса да телевидение «өнім» ретінде өз маңызын жоймайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстандық телеарналардың контентіндегі цифрлық технологияларды қолдану» тақырыбында Астанада өтіп жатқан аймақтық форумда ВВС корпорациясының видео-журналисі Зоя Чарльз телевидениенің болашағы туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Зоя Чарльз ВВС корпорациясында 25 жыл бойы еңбек атқарған. Аталған корпорацияның инновациялық тобында бірнеше жыл бойы видео-журналист, редактор қызметтерін атқарған. Сонымен бірге, ВВС корпорациясының стратегиясын жоспарлауда белсене араласады. Астанаға тележурналистика маманы Ұлыбританияның елшілігінің шақыруымен арнайы келіп отыр.

Аталған форумда телевидениенің келешегі туралы сөз қозғаған Зоя Чарльз қазіргі таңда әлем бойынша телевизиялық көрермендердің саны азайып, интернеттің аудиториясы көбейіп келе жатқанын мәлім етті.

«Бұл үрдіс барлық телевизиялық компаниялардың басынан өтіп жатыр. ВВС өзінің соңғы стратегиясында интернет-тарату (интернет-вещание) бағытында қаржыны көптеп бөлді. Демек, телевизиялық арналарды қаржыландыру бұрынғыдай белсенді жүріп жатқан жоқ. Сондықтан, редакторлар мен менеджерлер қазіргі таңда көрермендердің әр түрлі нүктеде әр түрлі жылдамдықпен интернетке көшіп бара жатқанын түсінуі керек. Әлбетте, кейбір жерге бұл жүзеге асып жатса, кейбір жерде алдағы 2 жылда бұл үрдіс бәрібір келеді», - дейді ол.

Зоя Чарльздың айтуынша, интернет заманының үстемдігіне алдын ала даярланған абзал.

«Неғұрлым тезірек бұған бой үйретсеңіздер, соғұрлым телекөрермендердің интернетке кетіп бара жатқанын тез түсінуге болады. Сонымен бірге, телевидение болмайды деген пікір де қалыптасып жатыр. Телевидение ақпарат тарату құралы ретінде болмауы да мүмкін, бірақ өнім ретінде өз маңызын жоймайды. Өйткені, интернеттегі ең маңызды өнім ол видео екенін білесіздер. Демек, телевизиялық өнімді өндіруші компаниялардың тәжібесі бәрібір бағасыз. Өйткені, ақпараттық сайттардың қазіргі таңда қалайша видео түсіру бағытында қызметкерлерін үйретуде қиналып жатқанын көрген боларсыздар. Газеттердің барлығы интернетке кетіп барады. Ал телевизия мамандарының тәжірибесі бәрібір бағасыз болып қала бермек», - дейді Зоя Чарльз.

Еске сала кетсек, бүгін Астанада «Қазақстандық телеарналардың контентіндегі цифрлық технологияларды қолдану» тақырыбында аймақтық форум басталды. Аймақтық форумды Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігі ұйымдастырып отыр. Еуропаның төріндегі дамыған елдің елшілігі сол мемлекетте телерадио хабарын тарататынын жетекші «Thomson Foundation» ұйымын шараға арнайы әкелген. Шара аясында Ұлыбритания мен Украина елдерінің тәжірибелері негізінде бағдарламаларды жасау, телеарналарды басқару модельдері оқытылмақ.

Соңғы жаңалықтар