Висенте Лоссерталес Елбасын ЭКСПО-2017 көрмесінің табысты өтуімен құттықтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдады. Хаттың мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды.    

Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Қазақстан Президентін Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің табысты өтуімен құттықтап, осы көрмеге қатысқан барлық елдердің ыстық ықыласын жеткізді.

«Менің атыма қатысушы елдерден ЭКСПО көрмесі мамандандырылған көрмелер тарихындағы ең жарқын әрі жемісті болғаны жөнінде хаттар келіп түсуде. Бұл келешекте өтетін мамандандырылған көрмелердің дамуына септігін тигізетініне сенімдімін.

Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің табысты болуына Сіздің жеке қолдауыңыздың және бұл жобаны іске асыруға белсенді түрде атсалысуыңыздың арқасында қол жеткізілді. Қазақстан Үкіметі және А.Есімов басқаратын «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы көрме инфрақұрылымының алғашқы қонақтарды қабылдауға дайын болуын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар халықаралық көрмеге қатысушылардың бәрі қазақтың ерекше қонақжайлылығын сезінуі үшін қолдан келгенін аямады.

Мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізге мені құрметтеп, Қазақстан Республикасының «Достық» орденімен марапаттағаныңыз үшін алғыс білдіремін. Маған бұл шешім туралы хабарлағанда, тебіренісімді жасыра алмадым. Сізбен алты жыл бойы тығыз жұмыс істеу менің өмір жолымдағы ең баға жетпес тәжірибе болғанын айтқым келеді.

Мен Астанаға келіп, көрме аумағын көремін, сондай-ақ тек Қазақстан халқы үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін салынған ЭКСПО-2017 көрмесінің мұрасымен танысамын деп үміттенемін», - делінген жеделхатта.

Соңында В.Г.Лоссерталес Қазақстан мен Халықаралық көрмелер бюросы арасындағы өзара тығыз іс-қимылды жалғастыруға ниетті екенін айтты.

 

Соңғы жаңалықтар