Вице-министр Астанадағы үйлердің сапасына қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр Астанада пайдалануға берілген үйлердің сапасына қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, құрылысы жүргізіліп жатқан үйдің сапасын төрт инстанция - тапсырыс беруші, мердігер, авторлық және техникалық бақылау қызметтері қадағалайды. Сондай-ақ олар нысанның бөлінуінде де қол қояды. Рәсімдер 2015 жылдан бастап жеңілдетілді, мемлекеттік комиссия деген жоқ. Тек нысанды қабылдау құжатында аталған төрт инстанциясының қолы болады.

«Сапа жағынан сөз қозғасақ, аталған төрт инстанция құрылыс және қолданысқа беру уақытында жауапты болады. Үй құрылысының сапасын бақылау турасында көп жазылмаса да, олар нақты қалыптасқан ахуалға көп әсер ете алмайды. Өткен жылы бізде 10,5 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл дегеніңіз көпқабатты және жеке үйлердің бәрін қосқанда - 89 мың пәтер», - деп нақтылады Роман Скляр.

Сонымен қатар вице -министр пайдалануға беру кезеңінде үйді салып берген компания екі жыл бойы үйдің сапасына жауап беретінін тілге тиек етті.

«Аталған жұмысты бақылауға міндеттелген жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Сондай-ақ үй пайдаға бергенде тұрғын үй инспекциясы да жұмылдырылады. Бізде көп жағдайда Қазақстанда өндірілген құрылыс материалдары қолданылады. Олардың арзандығы немсе қымбаттығы тұрғын үй класына байланысты. Егер компания бірінші немесе екінші кластағы үйлерді тұрғызса, онда баспаналарды тұрғызуға жақсартылған материалдарды қолданады. Ал төртінші кластағы үйлер лайықты дәрежеде беруге болатындай материалдармен салынады», - дейді Р.Скляр.

Өз кезегінде Тұрғын үй жинақ банкінің басқарма төрағасы Ләззәт Ибрагимова «Нұрлы жер» - кешенді бағдарлама екенін атап өтті.

«2005, 2007, 2008, 2010 жылдары қолға алынған бағдарламалардың тәжірибесін зерттесек, Банк тарихи тұрғыда барлық бастамаларға несие беруші ретінде қатысып, 20 мыңға жуық қарыз берген. Бізде бірнеше жылдан кейін қайта өзгертіліп жататын үйлер кездескен жоқ. Мемлекеттік бағдарламар арқылы үй алған барлық салымшылар өз уақытында қарыздарын жауып, қаржылық тәртіпті сақтап келеді», - деп түсіндірді Ләззәт Ибрагимова.

Оның сөзіне сүйенсек, аталған бағдарлама аймақта жұмыс атқарып жатқан құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындардың жұмыстарына тың серпін берген.

«Біз қазіргі таңда жеке тұрғын үй құрылысы бойынша бес аймақпен меморандумға қол қойдық. Оралда, Астанада және өзге де өңірлерде құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындардың өнімдері көптеп қолданылып келеді», - дейді банк басшысы.

Соңғы жаңалықтар