Универсиада қазақ елінде қысқы спорттың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда өткен ХХVIII қысқы Универсиада ойындары қазақ елінде қысқы спорттың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олай дейтініміз, Универсиада ойындары қазақ спортшылары үшін сәтті басталып, табысты аяқтады. Тіпті, жерлестеріміз қатарында бір өзі бірнеше медальға қол жеткізген спортшыларды да кездестірдік.

Айталық, Анна Шевченко бір өзі Алматы төрінде 5 медальға қол жеткізді. Оның біреуі алтын, біреуі күміс, үшеуі қола жүлде. Ал фристайлдың могул түрінен Дмитрий Рейхард пен Юлия Галышева қос-қос алтынға қол жеткізді. Алтын алған спортшыларымыздың қатарында қаракөздеріміз де жоқ емес. Фристайлдың акробатика түрінен сынға түскен Жанбота Алдабергенова мен Жібек Арапбаеваның жетістігіне сүйінбеген ел қалмады. Арапбаева бір күмісті қанжығасына байласа, Алдабергенова бір қола, бір алтынға қол жеткізді.

Міне, осылайша жерлестеріміз 11 алтын 8 күміс 17 қола медальмен  қысқы Универсиада ойындарындағы рекордтық нәтижелеріне қол жеткізді. Бұған дейін аталмыш додаға 8 рет қатысып, ең жоғарғы көрсеткішке 2015 жылы өткен бәсекеде қол жеткізген болатынбыз. Онда 5 алтын, 6 күміс медальмен жалпыкомандалық есепте 3-орынды жеңіп алған болатынбыз. Ал ең төменгі көрсеткішімізді 2011 жылы Түркияның Эрзурум қаласында өткен Универсиада ойындарында тіркедік. Бұл сында 1 алтын, 5 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 18-орынға тұрақтадық.

Міне, биыл Қазақстан құрамасы барлық медальдар жағынан жаңа рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Бұл қазақ елінде кенжелеп қалған қысқы спорт түрлерінің дамып келе жатқандығының айқын дәлелі.

Енді Қазақстан осыған дейін қанша Универсиадаға қатысып, жалпы есепте нешінші орынға қол жеткізгенін назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақстанның қысқы Универсиададағы нәтижелері:

1. 1993 жыл. Закопане (Польша) - 1 күміс. Жалпыкомандалық есепте - 16-орын

2. 1995 жыл. Хака (Испания) - 2 алтын, 1 қола.   Жалпыкомандалық есепте - 8-орын

3. 2003 жыл. Тарвизио (Италия) - 2 алтын, 2 күміс, 2 қола. Жалпыкомандалық есепте - 10-11-орын

4. 2005 жыл. Инсбрук (Австрия) - 4 алтын, 1 күміс, 2 қола. Жалпыкомандалық есепте - 7-орын

5. 2007 жыл. Турин (Италия) - 2 алтын, 1 күміс, 2 қола. Жалпыкомандалық есепте - 13-орын

6. 2011 жыл. Эрзурум (Түркия) - 1 алтын, 5 қола. Жалпыкомандалық есепте - 18-орын

7. 2013 жыл. Трентино (Италия) - 2 алтын, 2 күміс, 1 қола. Жалпыкомандалық есепте - 15-орын

8. 2015 жыл. Гранада (Испания), Штрбске-Плесо (Словакия) - 5 алтын, 6 күміс. Жалпыкомандалық есепте - 3-орын.

9. 2017 жыл. Алматы (Қазақстан) - 11 алтын, 8 күміс 17 қола. Жалпыкомандалық есепте - 2-орын.

Фото:Almaty2017.com

Соңғы жаңалықтар