Универсиада алауын Алматыға жеткізу Назым Ищановаға тапсырылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысы бойынша Универсиада алауын Алматыға жеткізу миссиясы студент Назым Ищановаға тапсырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Назымның кандитатурасы Атыраудағы алпыс алаугердің арасынан таңдап алынып отыр. Өйткені, ол - Вьетнамда өткен чемпионатта әйелдер арасындағы бокстан қола жүлде иеленген, Қазақстанның төрт дүркін чемпионы және халықаралық жарыстардың алтын медаль иегері.

Атырау облысында алау эстафетасы 27 қаңтарда өтеді деп белгіленген. Эстафета екі сатыдан тұрады. Алаугерлердің бірінші тобы алауды Атырау мемлекеттік мұнай және газ университетінен Махамбет атындағы драма театрға дейін алып өтсе, екінші топ драма театрдан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне дейін бағытта жүріп өтеді.

Алаугерлердің қатарында Атыраудың мақтан тұтар спортшылары, оқу озаттары, үздік студенттер және қоғам белсенділері бар. Олар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің алдында алауды Назым Ищановаға табыстайтын болады. Назым 29 қаңтарда Алматыда өтетін дүниежүзілік қысқы универсиаданың ашылуына Атыраудың атынан қатысады. Осылайша, әр облыстан таңдалған 16 алау көтеруші универсиада төрінде алауды бір тостағанда біріктірмек.  

Универсиада алауы Қазақстанның 22 мың шақырым сапар шексе, оның екі жүз шақырымын алау көтерушілер жүріп өтеді деп жоспарланған.    

Соңғы жаңалықтар