Үндістанға әуе рейстерінің саны артады - Азаматтық авиация комитеті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанға әуе рейстерінің саны артады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтемемен.

«Үнді еліне 2004 жылдан бері тұрақты түрде xалықаралық рейстер жасалып келеді. Екі ел арасындағы бағыттарда жолаушылар ағыны жыл сайын өсіп, транзиттік әлеуеті жоғары қатынас жолы болып табылады. Сол себепті, өткен жылдың шілде айында бұрыннан бар «Алматы - Дели» арасындағы бағытқа «Астана - Дели» тұрақты рейсі қосылды» делінген хабарламада.

Дегенмен, комитет мәлліметі бойынша, соңғы жылдары қазақстандық тасымалдаушыларға үнді тарапынан кейбір әуе кемелерін пайдалану бойынша, яғни теxникалық мүмкіндігі бола тұра белгілі бір ұшақ түрлерін Дели бағытында қолдануға тыйым салынып келген. Бұл өз кезегінде, әуе кемелерінің паркін қолдану тиімділігін кемітіп, кейбір рейстердің кешігуіне әкеліп соғатын.

«Азаматтық авиация комитетінің Үнді елінің авиациялық билік өкілдерімен жүргізген келіссөздері нәтижесінде 2018 жылдың наурыз айынан бастап отандық тасымалдаушыларға Қазақстан мен Үндістан аралығында қолданыстағы барлық әуе кемелерін пайдалануға рұқсат берілді. Бұл шешім екі ел арасындағы әуе қатынасын нығайтып, рейстердің уақытылы орындалуына, ұшу жиілігін арттыруға айтарлықтай әсер етеді» деп мәлім етті аталған комитет баспасөз қызметі.

Айта кетейік, болашақта қазақстандық әуе компаниялары Мумбаи қаласына тікелей әуе рейстерін ашуды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар