Ұлы Дала елінің болашағына арналған бағдаршам

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын небары ширек ғасырлық жасына келген тәуелсіз Қазақ елінің болашағына бағдар беретін аса маңызды құжат деп қабылдадым. Бұл мақалада Елбасы жаңа ғасырда әр қазақстандықтың уақыт сынынан сүрінбей өтуі үшін жаңаша ойлауы, санасын жаңғыртуы жас мемлекетіміздің алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылуы үшін аса маңызды фактор екендігін терең пайымдап көрсетеді»,-деген ойымен бөлісті Шығыс Қазақстан облыстық Мәслихатының депутаты Риза Молдашева.

Оның пікірінше, «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын»,- дегені жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде баға жетпес ұсыныс.

«Әсіресе бүгінгідей шетелден жұмақ іздеп кетіп жатқан жастарға ой сала отырып, туған жер мен ата-ана алдындағы парыз бен қарызды өскелең ұрпақтың ойына сіңіріп, санасына сілкініс әкелетін қадам деп қабылдадым. Елбасы туған жер, өскен ел тақырыбына маңыз беріпті. Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, бүгінгі ұрпағына аман-есен сақтап жеткізген атамекенге адалдық идеясы деп қабылдадым. Сонымен қатар қазақ елінің экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабілетті бола білуі, ол үшін білім мен ғылымды терең меңгеру қажеттігі - оқыған адамға ой саларлықтай құндылық.
Еліміз егемендігін алғаннан бері, латын қарпіне көшу жайы үнемі айтылып келеді. Айтылған ұсыныстар көп болғанымен, шешімін таба алмай жүрген өзекті мәселенің біріне Елбасы соңғы нүктені қойған сияқты»,-дейді Мәслихат депутаты.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін мәлімдеген ҚР Президенті 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды - бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастау қажеттігін айтып тапсырмалар берді, нақты межені атады. Латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуы бізге керек пе, жоқ па? Егер көше қалсақ, бұл өзгеріс бізге не береді деген көпшіліктің көкейіндегі шарықтау шегіне жеткен сауалға халық жауап алды.

Бұл орайда ҚР Білім және ғылым министрлігіне артылған салмақ та аз емес екендігін байқадық. Алайда бұл тәуелсіз елді болашаққа апаратын білімді, патриот ұрпақ тәрбиелеу ісіне Елбасының алаңдаушылығынан туған маңызды құжат екендігі даусыз»,-дейді депутат.

Соңғы жаңалықтар