Ұлттық банк: 2017 жылы Қазақстанда ІЖӨ өсімі 3% жуық болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Данияр Ақышев сыртқы нарықтардағы жағдай, ІЖӨ және инфляция деңгейі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚР ҰБ баспасөз қызметі.

ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының баспасөз және телевизиялық БАҚ-тың бас редакторларымен кездесуі өтті, оның барысында Данияр Ақышев кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы жағдай, ІЖӨ және инфляция деңгейі туралы айтып берді.

«Қазіргі уақытта сыртқы нарықтардағы жағдай жағымды болып отыр. Мұнай бағасы бір баррель үшін 50 АҚШ долларынан жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Оң фактор ретінде, сондай-ақ, сауда-әріптес елдердің - Ресей мен Қытайдың экономикаларының өсуі мен орнықты дамуын атап өткім келеді», - деді Д. Ақышев.

Ол Қазақстан экономикасының 3 жыл баяулаудан кейін өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Бірінші жартыжылдықта ІЖӨ нақты 4,2%-ға өсті. Ұлттық Банктің болжамы бойынша, 2017 жылы экономикалық өсу қарқындары 3%-ға жуық болады.

«Инфляция баяулауын жалғастыруда - өткен жылдың осындай кезеңіндегі 5,4%-бен салыстырғанда ағымдағы жылдың 8 айында 3,9%. Тамыздың қорытындысы бойынша жылдық инфляция  7%-ға (2016 жылғы желтоқсанда - 8,5%) дейін төмендеп, 2017 жылға арналған 6-8% нысаналы дәліздің  ортасында тұр. 2018 жылы да біз инфляцияның 5-7% нысаналы дәлізде болуын күтеміз», - деп түсініктеме берді Ұлттық Банктің басшысы.

Бір жыл бұрын инфляция 6,5%-ды құрады. «Сондықтан ағымдағы жылдың басынан бастап Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені жүйелі түрде төмендете отырып, ақша-кредит талаптарын жұмсартуын жалғастыруда. 21 тамызда ол 0,25%-ға, яғни 10,25%-ға дейін төмендетілді», - деп қорытындылады ол.

Соңғы жаңалықтар