Ұланбатырда бірде-бір қазақ мейрамханасы жоқ - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА назарларыңызға әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

***

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар: Қазан хан - TRT порталы
null 

Түркияның «TRT» порталы «Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар» айдарында Иран мемлекеті тарихында маңызды рөл атқарған тұлғалардың бірі Қазан хан туралы мақала жариялады.  Автордың жазуынша Қазан хан Абақа ханның ең үлкен ұлы. 1271 жылдың 5 қарашасында туып, 1304 жылдың 17 мамырында қайтыс болды. Қазанның балалық шағы атасы Абақа ханның қасында өтті. Атасы оны буддист монахтардың тәрбиесіне тапсырған еді. «Елхандар мемлекетінің билеушілері христиандықтың несториан бағытын, тәңір дінін және будда дінін ұстанатын еді. Әсіресе, Елхандар сарайында буддист монахтардың ықпалды болғаны байқалады» деп басталған мақала онан әрі Қазан ханның өмір жолы мен жүргізген соғыстарына тоқталады.  

«Шығыс шебінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп Наурыздың қолдауына ие болған Қазан Байдуға қарсы жорыққа шықты. 1295 жылдың үшінші қараша күні Тәбризді алған Қазан сол күні бүлікшіл Қайдуды өлім жазасына кесіп, өзі Елхан мемлекетінің тағына шықты. Елхан Махмут хан «ислам патшасы» деген атақ алды. Қазан таққа отырғаннан кейін өз билігін күшейтуге кірісті. Шындығын айтқанда, Қазанның Ислам дінін қабылдауы оның мұсылмандарды билеуге деген құқығын басқа ханзадаларға қарағанда күшейткен еді. Десе де, оның билігін қабылдамаған ханзадалар Қазанға қарсы көтеріліс бастады. Билігінің бірінші жылында Қазан хан бес бүлікті талқандады. Одан әрі өз билігін орнықтыру үшін таққа шығуына көмек көрсеткен қолбасшысы Наурызды мәмлүктермен сыбайласты деген айыппен дарға асты», - делінген жазбада.    

Мақалада Қазан хан ислам дінін қабылдағаннан кейін Ирандағы мұсылман емес халықтар қысымға ұшырағандығы айтылады. Буддист, христиан және еврей ғибадатханалар қиратылған. Ал өзге діндегілер не ислам дінін қабылдауға, не Иранды тастап кетуге мәжбүр болған. Бұның есесіне Ирандағы мұсылмандардың мәртебесі өсіп, жаңа мешіттер мен медреселер салынып, ислам өркениеті қанат жайған.

Мақаладағы деректерге жүгінсек, Махмут Қазан хан тек билеуші емес, сонымен қатар мықты ғалым және өнерпаз болғандығы айтылады. Ол ғылымның химия, астрономия, медицина және жаратылыстану салаларына қызыққан. Әсіресе, тарихқа көп қызығушылығы болған. Атақты Рашидәддин Хамаданның «Түгел тарих» яғни «Жамиғу Тауарих» еңбегі Қазан ханның кеңесімен жазылыпты. Қазан хан ана тілімен бірге араб, парсы, үнді, тибет, қытай және латын тілдерін білген.

«Қорыта айтқанда, Махмут Қазан хан Иран мемлекеті тарихында маңызды орын алады. Исламды қабылдаған Құлағудың ұрпақтары Қазан ханнан бастап Иранның «өзіндік» «жергілікті» әулетіне айналды. Қазан хан Иранның батыста Мәмлүк Мысырымен, шығыста Шағатай  Түркістанымен болған геосаяси текетіресі мәселесін шеше алмады. Алайда, ислам дінін ресми дін ретінде жариялаған Махмут Қазан хан Иран халқының ислам әлемінің бір бөлшегіне айналуына негіз қалады. Ал оның ислам әлемінің түкпір-түкпірінен келген ғалымдарға пана болуы Иранның тек көне Жібек сауда жолының орталығына айналуына ғана емес, ислам әлемінің пікір алмасу және алыс-беріс жасау орталығына айналуына себеп болды», деп түйіндейді мақала авторы. 

***

Гансу өлкесінде ақындар айтыс өтті - Тянь-Шань ақпараттық порталы
null 

Қытайдың Гансу өлкесіндегі Ақсай қазақ автономиялы ауданында Баркөл, Мори қатарлы үш қазақ автономиялы аудандар арасындағы 5 кезекті ақындар айтысы өтті, деп жазады  Тянь-Шань ақпараттық порталы. 

 Үш күнге жалғасқан дәстүрлі мерекеде «ат бәйгесі», «терме», «би», «кесте өнері» секілді әртүрлі сайыстар да ұйымдастырылды. Шарадағы ең үлкен жаңалық әлемдегі ең үлкен қазақ киіз үйінің әуе шарымен аспанда қалықтауы болды. Қандастарымыз киіз үй формалы үлкен әуе шары жобасын аспанда қалықтатты. Ақсай қазақ автономиялы ауданында тұратын қазақтар аталмыш жобаны Гиннестің рекордтар кітабына енгізген. Киіз үйдің диаметрі  -21, ал биіктігі 23 метр.
null

***

Халқының тарихи санасын оятқан жазушы Ілияс Есенберлин - TRT порталы
null 

TRT порталында жарық көрген келесі мақала Кеңестік кезеңде қазақтың ұлттық тарихының дұрыс зерттеліп, халыққа түсіндірілуіне қойылған тыйым-шектерді жазған романдарымен бұзып өткен белгілі жазушы Ілияс Есенберлинге арналыпты. Мақалада оның қаламынан шыққан «Қаһар», «Алмас қылыш» және «Жанталас» атты тарихи романдардан тұратын «Көшпенділер» туындысы халықтың тарихи жадысының қалпына келуіне баға жетпес үлес қосқандығы айтылады. Сонымен қатар романдары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған Есенберлиннің өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен әңгімеленген.

«
Есенберлинді осынау құнды еңбектерімен жойылу алдындағы бір ұлттың тағдырын қайта жаңғыртып өзгерте алған әлемдегі некен саяқ жазушылар қатарында атап өте аламыз. Бұл еңбектер тарихи сана мен ұлттық рух тұрғысынан қараңғы кезең болған Кеңес Одағы тұсында қазақ халқы үшін ұлттық тарихтың күні мен шабыт бұлағы болып табылады. Қазақ хандығының 550 жылдығы аталған 2015 жылдың жазушының 100 жылдығына тұспа тұс келуі де бекер емес сияқты. Өйткені оның 17 романынан алтауы Қазақ хандығы мен Алтын Ордаға қатысты. 2015 жылы Есенберлиннің 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның қолдауымен әлем бойынша аталып өтілді. Осы орайда Түркияда жазушының «Көшпенділер» трилогиясы түрік тілінде жарық көріп, Ыстанбұлда халықаралық ғылыми практикалық конференция өткізілді», деп жазады мақала авторы тарих ғылымының докторы, профессор Әбдіуақап Қара.

***

Таңғажайып тасқала - Тянь-Шань ақпараттық порталы
null 

Қытайдың Тянь-Шань ақпараттық порталында Жаңалан Қалибекиннің «Таңғажайып тасқала» атты фоторепортажы жарияланды.

«Жолым түсіп, құшағы тылсым сырға толы қарт Сауырдың қойнауындағы тамаша табиғатымен тамсандырған, таңғажайып тас қала Қойтастай қордалы мекеннің  кешкі көрінісін фотоға түсіріп қайтқан едім. Көріп көзайым  болыңыздар» деп жазады автор.
null 
 
null 
null 
null 

 

****

Ұланбатырда бірде -бір үлкен қазақ асханасы жоқ  - kaznews.mn
null  

Моңғолиядағы қандастарымыз ел астанасындағы Ұланбатыр қаласында үлкен қазақ ресторандары ашылса деп армандайды.  kaznews.mn ақпараттық сайтында жарық көрген блогер С. Толқынның жазбасы осы мәселені көтеріпті.

«Ұланбатырда 30 мыңға тарта қазақ бар, бірақ бірде-бір үлкен қазақ асханасы- ресторан жоқ. Ал бұл қалада бар жоғы үш-ақ өзбек бар. Үлкен үш өзбек асханасы, рестораны бар. Кімнің асханасы мықты, сол елдің мәдениеті мықты. «Узбекская кухня» секілді «Қазақ тағамы»  деген Ұланбатырда жоқ. Ал халал стандартымен жұмыс жасайтын араб, түрік аханасын  қазақ рестораны деп есепке ала алмаймын, иесі қазақ болса да. Ұланбатырда дәл «Rumi, Madeni», «Жеті қазына» секілді тұрақты, дәмді асы бар бір қазақ ресторан ашылса Қазақстаннан екі есе пайда табатынына күмән келтірмеймін. Мұндағы қазақтар бесбармақ, қуырдақ, жаппа нан секілді ұлттық астарды күнде жеп жүрмеген соң біздікілер арабтар мен түріктердің xалал асxанасын қазақ асxанасына балап жүр», деп жазады автор. 

 

***

Қытайлық жұп тойларын қазақша өткізді - Халық газеті сайты

null 

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өңірінде қазақтар шоғырланған жерлердегі қытайлар қазақша той жасауды сәнге айналдыра бастады.  Қытайдың Халық газеті сайтының хабарлауынша, Іле қазақ автономиялық облысының Алтай аймағы Шіңгіл ауданындағы мемлекеттік қызметкер Дуң Шиние 15 тамызда қазақы үлгіде той жасады. Хэйлунцзян провинциясынан келген қалыңдықтың айтуынша, күйеу жігіттің жұмысының қауырттығына байланысты тойды Шіңгілде өткізуді ұйғарған. Әріптестері арасында қазақтар көп болғандықтан жас жұп тойларында қазақтың ұлттық киімін киіп шыққан екен.  

Айта кетейік, соңғы кездері мұндай тойлардың көбейіп келе жатқаны байқалады. Той салтанатында қытайлар қазақтың ұлттық киімдерін киіп, атқа мініп той серуенін жасаумен қатар, беташар, шашу шашу, той дастарқанына ет тарту және үйге жаңа түскен келінге отқа май құйғызу сияқты дәстүрлерді де орындап жатыр.

Соңғы жаңалықтар