Үкіметте жекешелендіру мәселелері қарастырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елімізде жекешелендіруді жүргізу барысы қаралды. Сонымен қатар, жиында 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыру жайы талқыланды.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке Кешендік жоспар бойынша ұйымдарды жекешелендіруді жылдамдатып, 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырғаны мәлім. Бұл бағыттағы жұмыстарға есеп берген Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, биыл 280 ұйым, ал келесі жылы 84 ұйым сатуға шығарылады. «Эйр Астана» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ ҰАК, «Қазақтелеком» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ТауКен Самұрық» ҰК» АҚ тәрізді еліміздің 8 ірі активін IPO/SPO-ға 2019-2020 жылдары шығару жоспарланған.

2016 жылдың соңында жүргізілген ведомствоға бағынышты ұйымдарды түгендеудің қорытындысы бойынша Кешенді жекешелендіру жоспарына қосымша 105 ұйым мен қызметтерін мемлекеттің қатысуымен және онымен үлестес тұлғалармен акционерлік қоғам және жауапкершілігі шектеулі серіктестік атқара алатын, Үкіметтің қызмет түрлерін айқындайтын қаулысына сай келмейтін 32 ұйым енгізілген.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов нысандар тізімін жасағанда түгендеу нәтижелері негізге алынғанын, оған сәйкес мемлекет меншігінде - 6003 ұйымды сақтап қалу ұсынылғанын жеткізді. Оның ішінде 88%-тен астамы - әлеуметтік сала ұйымы болса, 447 компания - квазимемлекеттік сектордан. Ал 243 ұйымды тарату ұсынылған. Сондай-ақ, жекешелендірудің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, әлеуетті инвесторларды көбірек тарту мақсатында «KAZNEX INVEST» АҚ-тың қосымша интернет-ресурсын ашқаны айтылды.

Мұнда жекешелендірілетін нысандар жөніндегі ақпараттар ұсынылған және кешенді жекешелендіру жоспарының орындалуының жүзеге асырылу барысы жарық көреді.
2016 жылдан бастап Жекешелендірудің кешендік жоспары бойынша 51 млрд. теңге сомасына 198 нысан, соның ішінде 7 млрд. теңгеге республикалық меншіктің 18 нысаны, 5 млрд. теңгеге коммуналдық меншіктегі 95 нысан, 39 млрд. теңгеге квазимемлекеттік сектордың 85 нысаны өткізілген.

Ағымдағы уақытта Жекешелендірудің кешендік жоспарын орындау қайта құрылған және таратылған нысандарды есепке алғанда 47%-ті құрайды.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында 2017 жылы 325 нысанды сату жоспарланған, соның ішінде республикалық меншіктің 30 нысаны, коммуналдық меншіктің 177 нысаны, ұлттық холдингтердің 67 нысаны мен ӘКК-тің 51 нысаны бар. 2018 жылы 61 нысанды сату көзделген. 2017 жылы 29 тартымды нысанды сату жоспарланған, соның ішінде - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-қа қатысты 20 нысан, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-қа қатысты 1 және республикалық меншіктегі 8 нысан бар. Ал 2018 жылы жоспарланған 21 тартымды нысанның біреуі коммуналдық меншікке, 10 «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-қа, 3 «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, 3 «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-қа және 4-еуі республикалық меншікке тиесілі.

Сондай-ақ, 2019-2020 жылдарға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың 18 ірі компаниясын өткізу жоспарланған.

Тақырыпты талқылай келе, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы жекешелендіру бағдарламасын одан әрі іске асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар