Үкімет отырысында елімізде жекешелендіру мәселелері талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елімізде жекешелендіру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жиында 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыру жұмыстары айтылды.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, биыл 280 ұйым сатуға шығарылады. Оның ішінде, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қарамағындағы ірі отандық компаниялар активін IPO/SPO-ға 2019-2020 жылдары шығару жоспарланған.

Бұл ретте Үкімет басшысы жекешелендіру нысандарын өткізудің жаңа кестелері қайта бекітілгенін, сондай-ақ әр нысан бойынша жол карталары оларды өткізудің нақты мерзімдерімен Мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізілгенін атап өтті. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға және холдингтерге бекітілген кестелерді нақты сақтауды қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, бүгінде мемлекеттік меншікте қалуы тиіс нысандар тізімін жасау бойынша жұмыс жүргізілуде. Оған қоса, «Yellow Pages» қағидаларына сәйкес келмейтін жүзден астам нысан жекешелендіруге жататын нысандар тізіміне қосымша енгізіледі.

Мемлекеттік меншіктегі қалған нысандар жабылуы немесе қайта ұйымдастырылуы тиіс. Осыған байланысты Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге және ұлттық холдингтерге ағымдағы жылдың соңына дейін аталған жұмысты аяқтауды тапсырды. Премьер-министр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы мемлекеттік қатысуы бар барлық нысандарды оларды бәсекелі ортаға беру мақсатында түгендеуді тапсырғанын еске салды. Ұлттық экономика министрлігі жүргізген жұмыс қорытындысы бойынша бәсекелі ортаға беруге тиісті нысандардың тізімі өзектендірілді. Сол себепті жауапты мемлекеттік органдарға осы бағыттағы алдағы жұмысты бақылауда ұстау қажет.

Биылдан бастап елімізде қажетті кәсіптер мен кәсіпкерлік негіздері дағдыларына жаппай оқыту мен үйретуді, несиелендіру арқылы жаппай кәсіпкерлік үшін жағдайлар тудыруды, жұмысқа орналастыруға ықпал ету және еңбекке жұмылдыруды қолдауды қарастыратын Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Отырыстың екінші бөлігінде осы бағдарламаны іске асыру барысы талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, бағдарламаға жыл басынан бері 80 мың адам қатысыпты. Оның ішінде 75 мыңы, яғни 94%-і жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар - 5 мың, яғни 6%. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында 48 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Тағы 31 мың адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс берушілермен бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасты, деді Т.Дүйсенова.

Сондай-ақ министр жыл басынан бері әлеуметтік жұмыс орындарына 12,4 мың адам орналастырылғанын, 28,1 мыңнан астам қазақстандық қоғамдық жұмыстарға жіберілгенін, 7,6 мың жас маман жастар іс-тәжірибесіне қамтылғанын жеткізді. Жалпы, бағдарламаны жүзеге асыруға 2017 жылы 85,3 млрд. теңге қарастырылған.
Биыл 21 мыңнан астам жас қазақстандықты техникалық және кәсіптік біліммен қамту жоспарланып отыр. Бұл орайда мемлекет олардың оқу ақысын, сондай-ақ шәкіртақы төлейді, жол ақысы мен тұрғылықты жерлерінің ақысын өтейді, сонымен қатар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Оқыту электр-газ дәнекерлеуші, аспаз, жөндеуші слесарь, электр монтері, мал дәрігері, есепші, электрик, монтажшы, тігінші сияқты мамандықтар бойынша жүргізіледі.

 

Соңғы жаңалықтар