Үкімет масылдық психологиядан құтылудың амалын тапты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұған дейін елімізде халықты жұмыспен қамту мен кәсіби тұрғыда даярлауға арналған біраз шаралардың атқарылғаны белгілі. Аталған шаралар әлі де жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін жұмысқа тұрған, тіпті өз бизнесін ашқан азаматтар аз емес. Дегенмен, соның барлығына кедергі жасап отырған тағы бір мәселе бар. Ол - масылдық психология. Халық арасында мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайларды пайдаланбай, жұмыссыздың жәрдемақысын, я болмаса, үйдегі балалардың әлеуметтік төлемақысын қанағат етіп жүру әдеті бәрін қиындатып отыр. Сол себепті үкімет дәл осы психологиямен экономикалық тетіктер арқылы күресуге кірісті. Келесі жылдан бастап жұмыс істегісі келмейтіндер әлеуметтік жәрдемақыдан да айырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқап қарасақ, аталған бастама аяқ астынан қолға алынған жоқ. Үш жылдан бері «Өрлеу» жобасы аясында мыңдаған азаматтар жұмысқа тұрды. Артынан өз бизнестерін де ашты. Мәселен, Ақмола облысында екі баласы бар бір отбасы бұған дейін тек жәрдемақыға ғана қарап отырса, бүгінде өз бюджетін еселеп, жеке бизнесін ашып отыр. «2016 жылға дейін мен жұмыссыз жүрдім. Ал жұбайым бала күтімімен отырды. Өткен жылы маған «Өрлеу» жобасына қатысуға ұсыныс жасады. Өз кәсібімді ашсам, 100 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы ала аламын деді. Біз оған келістік. Сөйтіп, тор, есік, таяныш сияқты металл бұйымдарын шығаруды қолға алдық. Бара-бара табыс та көбейе бастады. Бүгінде тағы алты адамды жұмысқа алып отырмын. Төртеуі - дәнекерлеуші, екеуі - орнатушылар. Олардың жалақысы шамамен 60-70 мың теңге. Ауыл үшін ол - әжептәуір ақша», - дейді Антон Барбарюк.

Осылайша, біреулер өз кәсібін дөңгелетіп әкетсе, енді біреулер тұрақты жұмысқа тұрды. Әрине, аталған шаралардың барлығы әлеуметтік жауапкершілік шарты негізінде жүргізіледі. Бұл дегеніміз, мемлекет өз міндеттемелерін орындай отырып,  еңбекке қабілетті адамдар үшін жұмысқа тұруға, я болмаса, өз кәсібін ашуға көмектеседі. Аталған шаралардан бас тартуға болмайды. Себебі жәрдемақының көлемі азаюы мүмкін. Бұл - мемлекет пен азамат арасындағы әлеуметтік келісімнің басты шарты.

«Мәселен, бір отбасында бес адам бар дейік. Үш адам еңбекке жарамды, қалған екеуі мектеп жасындағы балалар болсын. Жаңағы үш адаммен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Себебі екі бала да мектепке барып жүр. Алдымен ол адамдардың табысы есептеледі, мал ұстамаса, басқа бір табыс көздері болмаса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызы, ол 13 мың теңгедей болды, сөйтіп, бес адамға 65 мың теңге беріліп тұрады. Жұмысқа жарамды адамның біреуі қолдау шараларынан, яғни дайындық курстарына қатысудан, жалпы жұмысқа тұрудан бас тартса, үш бірдей адамның төлемақысы 50 пайызға азаяды. Ал екінші рет бас тартса, мүлдем төленбейді. Бірақ екі баланың 26 мың теңгесі қала береді», - дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова. Осылайша, үйдегі бір адам қалған екі адамға жауапты болып, үшеуі де бір-бірін еңбек етуге қамшылап отырады.

Ал келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің тек екі түрі ғана болады. Олар - шартты және шартсыз ақшалай көмек. Шартсыз әлеуметтік көмек мүгедектер, зейнеткерлер, мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты аналарға көрсетіледі. Осы санаттағы азаматтарға мемлекеттен жәрдемақы алғаны үшін жұмысқа тұру міндеті қойылмайды. Ал шартты әлеуметтік көмекті алатындар міндетті түрде жұмысқа тұруы тиіс. Бір отбасында, кем дегенде, бір адам еңбекке жарамды болса, шартты ақшалай көмек ала алады. Мемлекет өз тарапынан тиісті жәрдемақы төлеп, шартты көмек алып отырған адамды оқытып, жұмысқа тұрғызады. Өз кезегінде ақшалай көмекке жүгінген адам жұмысқа тұру міндетін мойнына алады. Жұмыс табылмай қалса, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жеке кәсіпті ашуға жағдай жасалады.

Үкіметтің кешегі отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау миинстрі Тамара Дүйсенова да келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізіледі деп мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа формат аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін үш түрлі жәрдемақы біріктіріледі. Соның барлығы бір атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілетін болады. Халық құжат машақатынан да құтылады. Үш жерге құжат апарудың қажеті жоқ. Бәрін жұмыспен қамту орталығына тапсыруға болады. «Сосын бүгінде үш жәрдемақының жалпы сомасы аз қамтылған отбасының әрбір мүшесіне ай сайын 6 396 теңгені құрап отыр. Ал жаңа жүйеде күнкөріс деңгейінің 40 пайыздан 50-ге көтерілуіне байланысты әрбір жан басына қосымша берілетін көмектің сомасы шамамен 2 500 теңгеге артқалы отыр. Осының нәтижесінде атаулы жәрдемақының мөлшері орташа есеппен қазір беріліп жүрген үш жәрдемақыдан 25 пайызға артық болады. Ол үшін келесі жылғы бюджетте 42,8 млрд теңге қарастырылған», - дейді Дүйсенова.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің шарттарына сәйкес, отбасында еңбекке қабілетті азаматтардың барлығы жұмыспен қамту шараларына қатысуы шарт. Егер ондай адамдар жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. «Алайда кәмелеттік жасқа толмаған балаларға, бала күтімімен отырған аналарға, нақты себептерге байланысты жұмыс істей алмайтындарға әлеуметтік көмек ешбір шартсыз тағайындалып, төленетін болады», - деп атап көрсетті министр.

Сонымен, «Өрлеудің» тәжірибесі сынақтан сәтті өткеннен кейін еліміздің әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне толығымен таралатын болды. Осының арқасында жұмысқа тұратындардың саны айтарлықтай артады деген үміт бар. Жұмыс табылмаса, жеке бизнесті ашуға болады. Ал, ең бастысы, халық масылдық психологиядан арыла бастайды.     

Соңғы жаңалықтар