Үкімет басшысы жұмыс істеп тұрған ИИДМБ жобаларын тексерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Сарыарқа» АЭА аумағында Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылған «Бёмер Арматура» ЖШС мен «Recycling Company» ЖШС өнеркәсіптік кәсіпорындарында болды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды. 

Нысанды аралау барысында Бақытжан Сағынтаевқа ИИДМБ-2 аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы баяндалды. Жалпы өңірде 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 689 жаңа жұмыс орнын құрумен төрт өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары А. Айдаров «Сарыарқа» АЭА аумағында 15 қатысушы тіркелгенін айтты. Металлургия өнеркәсібін және металл өңдеу саласын дамыту, атап айтқанда әлемдік сауда маркаларын өндірушілерді тарту арқылы дайын өнім өндірісін дамыту қызметтің басым бағыттары саналады.

01.04.2018 жылғы жағдай бойынша өндірістік өнім көлемі 50,9 млрд тг құрады, экспорт көлемі - 28,2 млрд тг. Инвестициялар көлемі - 44,1 млрд тг, соның ішінде «Бёмер Арматура» - 3,1 млрд тг, «Recycling Company» - 3,4 млрд тг құрады.

«Бёмер Арматура» зауытының бас директоры Кефер Андреас зауыт іске қосылған сәттен бері жалпы сомасы 7,4 млрд теңгеге 14 мыңнан астам өнім шығарылғанын айтты. Келешекте осында шығарылатын шарлы крандар мен ілмекті арматура «Сарыарқа» магистральді газ құбырын салу кезінде пайдаланылатын болады деп жоспарлануда.

АЭА аумағындағы келесі нысан пайдаланудан шыққан көлік құралдарын кәдеге жарату саласындағы Орталық Азия өңіріндегі алғашқы әрі жалғыз зауыт - «RecyclingCompany» болды.

Кәсіпорында Бақытжан Сағынтаев ескі автокөліктерді кәдеге жарату үшін жинайтын өндіріс үрдісімен танысты, сондай-ақ өнеркәсіптің түрлі салаларында одан әрі пайдалану үшін қалдықтардан металл қорытпалары мен пеш отынының аналогы шығарылатын пиролиз және балқыту цехтарын тексерді.

«RecyclingCompany» бас директоры Александр Рябинин жоба 2017 жылдың желтоқсан айында іске қосылғанын айтты. Оның қуаттылығы жылына 50 мыңға жуық машинаны пайдаға асыруға мүмкіндік береді. 2018 жылдың І тоқсанында 150 тонна металл қорытпасы мен 7 тонна пеш отынының аналогы өндірілді. Мұнда 100 жұмыс орны құрылған. Басты мақсат - қоршаған орта мен халық денсаулығын қорғау, сондай-ақ атмосфераға шығарылатын зиянды заттардан, пайдаланудан шыққан автокөліктердің салдарынан болатын теріс әсерді азайту.

Анықтама: «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы ҚР Президентінің 24.11.2011 жылғы Жарлығымен құрылған. АЭА негізгі мақсаттары - металлургия өнеркәсібі мен металл өңдеу саласын дамыту, металлургия өнеркәсібін құру және дамыту бойынша серпілісті инвестициялық жобаларды әзірлеу әрі іске асыру, қазақстандық өнімді әлемдік өндіріс және өткізу жүйесіне біріктіру, халықаралық стандарттарға сәйкес инновациялық, бәсекеге қабілетті отандық өнімдерді шығару, қолайлы инвестициялық ахуал жасау және жобаларды іске асыру үшін отандық және шетелдік инвестицияларды тарту.

АЭА Қарағанды қаласының аумағында және Бұхар Жырау ауданының іргелес жерлерінде - Көкпекті ауылының маңында орналасқан. АЭА аумағы - 534,9 га құрайды. Инфрақұрылым ауданы - 294 га. 240 гектар аумақта алты қатысушы қызметтерін белсенді түрде дамытуда:

1. «Бёмер Арматура» - шарлы крандар мен ілмекті арматура шығару жобасы, қуаттылығы жылына 10 мың дана, жоба 2014 жылы Böhmer GmbH неміс компаниясының қатысуымен жүзеге асырылған;

2. «Isoplus Орталық Азия» - оқшауландырылған құбырлар шығару жобасы, қуаттылығы жылына 15 мың тонна, жоба 2014 жылы Isoplus GmbH неміс компаниясының қатысуымен жүзеге асырылған;

3. «Tau-Ken Temir» - техникалық кремний шығару жобасы, қуаттылығы жылына 24 мың тонна, ҚР Президентінің 02.10.2015 жылғы № 95 Жарлығына сәйкес АЭА аумағы кремний зауыт аумағының субаймағын қосу есебінен кеңейтілген;

4. Оқшауландырылған құбырлар шығару жобасы, қуаттылығы жылына 29 мың тонна, жоба 2015 жылы Hyunwoo ENC Co., Ltd Оңтүстік Корея компаниясының қатысуымен жүзеге асырылған. 2018 жылдың ІІ тоқсанынан бастап өнім өндіруді бастау көзделген.

5. «Seven Refractories Asia» - отқа төзімді материалдар шығару жобасы, қуаттылығы жылына 38 мың тонна, жобаны 2017 жылы Seven Refractories GmbH Австрия компаниясы іске қосқан.

6. «Recycling Company» - көлік құралдарын қайта өңдеу жобасы, қуаттылығы жылына 50 мың көлік, жоба 2017 жылы іске қосылған.

2018 жылы «Сарыарқа» АЭА аумағында жез бұйымдары мен полимербетонды бұйымдар шығару бойынша инвестициялық жобалар іске қосылады.

Соңғы жаңалықтар