Үкімет басшысы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қатаң бақылауға алуды тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының өткен жылғы қорытындысына оң баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баяндамадан көріп отырғанымыздай, негізгі көзделген көрсеткіштерге қол жеткізілді. Көрсеткіштердің жақсарғанын көріп отырмыз. Елбасы бұған қоса биылғы Жолдауында халықтың жағдайын жақсарту бойынша тағы бірқатар қосымша нақты тапсырма берді. Денсаулық саласын жаңғырту мәселесін алдымызға қойды. Бұл негізде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу  бойынша жұмысты Елжан Амантайұлы (Денсаулық министрі Біртанов) бақылауға алып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары қатаң бақылауда болуы керек», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы электронды денсаулық сақтау жүйесін енгізу арқылы медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін  арттыру тапсырмасын бергенін еске салды.

«Өткен аптада бұл бойынша жұмыс жиналысын өткізген болатынбыз. Сәуір айында Үкімет отырысына Асқар Қуанышұлымен (Үкімет басшысының орынбасары Жұмағалиев) бірге дайындалуыңызды сұраймын», - деді Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрі Біртановқа қарата.

Сонымен қатар отырыста Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев сәуір айында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізу көзделіп отырғанын, ал өңірлердің бағдарлама аясында сатып алған медициналық құрал-жабдықтарының тиімділігі жайлы есеп мамыр айында Үкіметке берілетіндігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар