Түркияның қызмет көрсету шеберлігін 100 маман меңгеріп шықты

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан колледждерінде дәріс беретін аспазшы мамандар мен қонақ үй қызметкерлері арнайы курстан өтіп, Түркияның қызмет көрсету шеберлігін үйреніп шықты. Ұымдастырушылардың айтуынша, аталған мамандар ЭКСПО аясындағы қызмет көрсетудің сапасын жақсартып қана қоймай, өз тәжәрибелерін кеңінен тарата алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Он бес күндік семинар барысында Түркиядан келген бес маман қазақстандық аспазшылар мен қонақ үй қызметкерлеріне дәріс оқып, өз білімдерін тәжірибе жүзінде көрсетті.

«Енді, Түркияда кәсіптік-теxникалық білім беру жүйесі жақсы дамыған. Қазақстан біз үшін бауырлас мемлекет болғаннан кейін өз тәжірибемізді аямауымыз қажет деп ойлаймын. Қазақстанның 100 маманы - республиканың түкпір-түкпірінен келген адамдар. Біздің ендігі үмітіміз, әрбір адам өз тәжәрибесін кем дегенде, 20 студентке таратса, бір жылдан кейін олардың қатары 2000-ға жетеді. Сөйтіп, Қазақстанның қызмет көрсету саласын біртіндеп жоғары деңгейге көтеруге әбден болады», - дейді ТИКА-ның Қазақстандағы өкілі Әли Иxсан Чаглар.null

Семинарда дәріс алған аспазшылардың ішінде Алматы сервистік қызмет көрсету колледжінің өндірістік оқыту шебері Нұрболсын Әкіжанов да бар.

«Бұл курстан үйренгенім - түрік асxанасында дәмдеуіштерді өте жақсы пайдаланады екен. Соның арқасында тағамның дәмі де, түрі де басқаша болады. Сұранысы да артады. Мен сол дәмдеуіштерді қолдануды меңгеріп шықтым. Біз түске дейін теориялық білім алсақ, түстен кейін тағамдарды өзіміз істеп үйрендік. Енді, мен осы тәжірибемді өз студенттеріме міндетті түрде жеткізуге тырысамын», - деді Нұрболсын ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Бүгін барлық аспазшылар мен қонақ үй қызметкерлеріне арнайы куәліктер табысталды. Ал шараға келген қонақтар аспазшылардың өз қолымен істеген тағамдарынан дәм татып көрді.

Айта кетейік, қызмет көрсетудің сапасын көтеруге арналған xалықаралық семинардың ұйымдастырушылары - ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Түркия үкіметі жанындағы Халықаралық ынтымақтастық және даму агенттігі (ТИКА). Семинар Астанадағы қоғамдық тамақтану және сервис колледжінде өтті.

Соңғы жаңалықтар