Туристер үшін Алматыда демалу құны қанша тұрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы туристік ақпарат орталығы мегаполисте демалу құны қанша болатынын, ЭКСПО кезінде жолаушылар тасымалы қаншалықты өскенін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемдегі ең ірі «TripAdvisor» туристік сайтының мәліметтеріне сүйенсек, Алматы эко-туризм тарауы бойынша туристердің қызығушылығын тудырып отыр. Туристік ақпарат орталығы мамандары мегаполис туризмінің одан басқа да тармақтары бойынша сұранысты арттыруға болатынына сенімді.

«Әлбетте, Қазақстанда бұқаралық туризм дамыған деп айта алмаймыз. Біз Түркиямен, оның миллиондаған туристер легімен бәсекелесе алмаймыз. Туристер қатары артқан сайын баға да арзандайды. Сондықтан, айтулы туристік бағыттар бойынша біздің елде демалыс, тіпті жергілікті тұрғындар үшін де арзан болмай отыр. Бізді Орталық Азия елдерімен жиі салыстырып жатады. Бірақ бізде өмір сүру деңгейі жоғары екені анық. Сондықтан, Қырғызстан мен Өзбекстанға қарағанда бізде баға жоғары», - деді Туристік ақпарат орталығының директоры Әсел Нүркебаева.

Оның айтуынша, Алматы қаласында ең төменгі бағалармен есептегенде 7 күндік демалыс 250-300 доллар тұрады. Оның ішінде, жатын орын, тамақтану, қала ішінде қыдыру бар.

«Әрине, егер саяхатшы хостел емес, қонақ үйге түсетін болса, онда баға жоғары болады. Бұл бағаға келушінің жол құнын қосып отырғанымыз жоқ. Ұшу бағасын қосқанда АҚШ немесе Канададан келетін қонаққа Алматыда 7 күн демалып кету ең аз дегенде 2000 доллар болады. Ол шығынның 90 пайызы ұшаққа кетеді. Ал пойызбен немесе көлікпен келе алатын Ресей мен Орталық Азия туристеріне баға арзанырақ болады», - деді Әсел Нүркебаева.

Астанада ЭКСПО-ның, Алматыда қысқы универсиаданың өтуі туристер легінің артуына ықпал етті.

Алматы әуежайының мәліметтеріне сүйенсек, биылғы 7 ай ішінде былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда көшпелі туризм көрсеткіші 22 пайызға артқан. Алматы қаласы Статистика департаментінің мәліметтерінде қалада туристерді орналастыратын орындар саны 25 пайызға, онда көрсетілетін қызмет көрсеткіші 18 пайызға артқаны жазылған.

Айта кетейік, 8-13 қазан күндері Гонконг, Ресей, Сингапур, Малайзия, Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдердің 20 туристік компаниясының өкілдеріне Алматыны таныстыру үшін ақпарат-танысу саяхатын ұйымдастырған.  

Соңғы жаңалықтар