Туристер Алакөлге енді ұшақпен бара алады

None
None
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар енді еліміздегі ең танымал туристік орындардың бірі - Алакөлге ұшақпен бара алады. Бүгін Алакөлге жақын орналасқан Алматы облысындағы Үшарал қаласындағы әуежайға Астанадан алғашқы жолаушылар мінген ұшақ келіп қонды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуежайға негізгі қызмет көрсетуші «Жетісу» әуе компаниясы» АҚ президенті Қалмұханбет Дөңсебаевтың айтуынша, «Астана - Үшарал» бағытында ұшу бағасы 16 мың теңге, ал Талдықорғаннан Үшаралға дейін бағытта 8 000 теңгені құрайды.

«Алакөлдегі туризмді дамыту мақсатында осы авиамаршрутты субсидиялауға 177,2 млн теңге қаржы бөлінді. Соның ішінде республикалық бюджеттен 162 млн теңге, ал жергілікті бюджеттен 15,2 млн теңге бөлінді. Әзірше Астана мен Талдықорған бағыттары ашылып отыр, күзде Алматыдан ұшақпен қатынауға мүмкіндік пайда болады», - деп атап өтті Қ. Дөңсебаев.

Еске сала кетейік, Үшаралдағы әуежай құрылысы 2015 жылы басталған. Оған 4,5 гектар жер бөлінген болатын. Нысанды салуға 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Жаңа әуежай сағатына 50 адамға қызмет көрсете алады.   

Әуежай Алакөл жағалауынан 86 шақырым жерде орналасқан. Ондағы ұшақ алаңының ұзындығы - 2,5 шақырым. Барлығы 14 адам жұмыспен қамтылды.

Айта кетейік, Алакөл демалыс аймағының жалпы көлемі - 810 гектар аумақты алып жатыр, онда қызмет көрсететін 162 туристік нысан бар. Былтыр Алакөлге 450 мыц турист келген, биыл келушілер саны 700 мыңға жетеді деп күтіліп отыр.  

Соңғы жаңалықтар