Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ипотека нарығының 67 процентін қамтып отыр - Досаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бүгінде Қазақстанның ипотека нарығының 67 процентін қамтып отыр. Бұл жайында бүгін Астана экономикалық форумы аясында өткен «Бизнестің бәсекеге қабілеттілігінің өсімі үшін жаңа мүмкіндіктер» атты сессия барысында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның басқарма төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күнгі ипотека нарығы жайында сөз қозғар болсақ, онда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі елдегі ипотека нарығының 67 процентін қамтып отыр. Әрине, бұл бір жағынан өте жақсы көрсеткіш және «Бәйтеректің» жұмыс қорытындысы. Бірақ, сонымен қатар нарық үшін өзіндік сын-қатер десек те болады. Біз бұл бағыттағы өз үлесімізді айтарлықтай төмендетуге тиіспіз. Үлестің басым бөлігінің өсімі өткен жылы біздің көп қаржы салғанымыздан болып отырған жоқ. Қаржы орталықтары ретіндегі жеке сектор біз күткендей қаржыны экономикаға салып отырған жоқ», - деді Ерболат Досаев.

Осы ретте холдинг басшысы ұзақмерзімді әрі арзан несиелеу бизнес үшін бүгінгі күні және болашақтағы табыстың ең негізгі факторы саналатындығын баса айтты.

«Қазіргі уақытта квазимемлекеттік сектор, даму институттары шын мәнінде қажетті қорландыруды қамтамасыз ететін құрылымдардың біріне айналып отыр. Біз маңызды мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар бойынша Үкіметтің операторы, жанама шараларды дамыту институттары саналамыз», - деді Ерболат Досаев.

Соңғы жаңалықтар