Тұрар Рысқұловтың туғанына 123 жыл толды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан тура 123 жыл бұрын, яғни 1894 жылы 26 желтоқсан күні мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов дүниеге келген.

Әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы Тұрардың бала кезінде патша әкімшілігінің озбырлығына шыдамай Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы) Верный уезіне қоныс аударып келген. Рысқұлдың қилы тағдыры туралы Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» повесінен білуге болады. Он жасар Тұрар Верныйдағы түрмеде әкесінің қасында болып, өмірдің қиындығын, әлеуметтік теңсіздіктің ауыртпалығын жас кезінен бастап көреді.

1907-1910 жылдары Тұрар Меркедегі орыс-қазақ бастауыш мектебінде, кейін Бішкектегі ауыл шаруашылық училищесінде білім алып, бау-бақша мамандығын игереді. 1914-1916 жылдары Меркіде және Ташкент түбіндегі бау-бақша ісімен айналысып, 1916 жылдың жазында Әулиеата оязында отаршылдыққа қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастырғаны үшін қамалады.

1917 жылғы төңкеріс кезінде патша тақтан құлағаннан кейін Тұрар Ташкенттегі оқуын тастай салып, Мерке ауданына келеді. Онда жас әрі жігерлі қазақ жігіті «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрып, арада бір жыл өткеннен кейін Әулиеата оязы Совдепі төрағасының орынбасары қызметіне отырады. Тұрардың ел ісіне араласа бастаған кезі де осы шақ болатын. Қазан айында Кеңестердің VІ съезінде ТүркОАК құрамына кіреді. Әр түрі қызмет атқара жүріп, 1920 жылы Түркістан АКСР ОАК төрағасы болып сайланады.

Ол кезде комиссариатқа денсаулық ісімен шұғылданумен қатар аштықпен күресу міндеті де тапсырылған еді. Аштықпен күресуге Денсаулық сақтау халық комиссариатының күш-қуаты жете бермейтін. Сондықтан , Рысқұлов аштықпен жүйелі түрде күресу үшін құрамына түрлі комиссариаттардың өкілдері кіретін арнайы ұйым құруды талап етеді. Осыған орай 1918 жылы 28 қарашада ерекше Орталық Комиссия ұйымдастырылып, оның төрағасы болып Рысқұлов тағайындалады. Рысқұлов басшылық еткен комиссия Түркістан автономиясының 19 уезі мен қаласында 1 миллионға жуық адамға арналған тамақтандыру орындарын ашады.

ХХ ғасырдың орта шеніне қарай Рысқұлов Түрксіб темір жолын салуда үкімет комиссиясының төрағасы болып, оны 6 жылда аяқтау орнына 3 жылда аяқтауға күш салды. Мамандық иесі атанған қазақ жұмысшыларын қалыптастыруға, қазақ жастарын Ресей және шет ел оқу орындарында оқытуға көптеп көңіл бөлді. Қазақ өлкелік БК(б)П к-тін басқарған Ф.И. Голощекиннің «Қазақстанда кіші қазан» төңкерісін жасау идеясына ашық түрде қарсы шықты. Кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында Сталинге нақты ұсыныстар жасады. Бірақ Сталин Рысқұловтан гөрі Голощекинге сенім артатындығын танытты. Рысқұлов қолынан келгенше ашаршылық тауқыметіне ұшырағандарға жәрдем көрсетуге талпынды.

1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынады. Кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған Рысқұлов Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды.

...КСРО Әскери коллегиясы Жоғарғы Сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда Тұрар Рысқұлов ақталды.

Соңғы жаңалықтар