Трамп әкімшілігіне Еуразиядағы негізгі әріптес ретінде Қазақстанның рөлін күшейту керек - The Hill

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - «The Hill» танымал американдық саяси порталында Жаһандық қауіпсіздікті талдау институтының Энергетика, табиғи ресурстар және геосаясат орталығының директоры, Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты, АҚШ-тың Халықаралық қатынастар одағының мүшесі Ариэль Коэнның «Қазақстан - АҚШ-тың Еуразиядағы әріптесі» атты мақаласы жарияланды.

Автор өз мақаласын: «АҚШ-тың жаңадан сайланған Президентінің әкімшілігі қаңтар айында өз қызметіне кіріскенде, өсіп жатқан сыртқы саяси мәселелерге тап болады. Өзекті проблемалардың алдыңғы үштігінде Қытай, Ресей және радикалдық ислам қаупі бар. Стратегия мен саясатты жоспарлағанда маңызды географиялық өңірлердегі сенімді достар мен әріптестер Вашингтонның негізгі әріптестеріне айналуы тиіс. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бері 25 жылдың ішінде Орталық Азиядағы (Ауғанстанды қоса алғанда) АҚШ-тың сенімді серігі болып келеді.  Осы уақыт ішінде АҚШ-тың Қазақстанмен ынтымақтастығы нығайды, сондай-ақ қазіргі таңда орын алып жатқан өзекті мәселелер серіктестікті ары қарай кеңейту керек екенін көрсетуде», - деп бастайды.

Ол Кеңес Одағы кезінде Семейде ядролық қаруды сынақтан өткізетін алаң болғанын, Байқоңырдың ірі ғарыш айлағына айналғанын тілге тиек етеді. Сталиндік дәуірде Қазақстанда ГУЛАГ лагерлері санының артып, онда оннан астам этникалық топтардың өкілдері болғанын атады. 1930 жылдары сталиндік ұжымдастыру кезінде 1,5 млн. қазақтың - ұлттың үштен бір бөлігінің қырғынға ұшырағанын баяндады. «Кеңес Одағының ыдырағанына қарамастан, бұл Орталық Еуразиялық мемлекет көптеген жетістіктерге жетті. (...) Қазақстандықтар Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, Еуразиялық экономикалық одақ, радикализм мен ядролық қаруға қарсы күрес секілді XXI ғасырдың өзекті саяси салаларында маңызды рөл ойнай алатын заманауи мемлекет құрды», - деп жазады А. Коэн.

Оның айтуынша, Солтүстік Корея мен Иран мемлекетінен айырмашылығы, Қазақстан ең ірі уран қоры бар ел ретінде, бейбіт атомды дамытуға атсалысып, азаматтық қажеттіліктерді өтейтін төмен байытылған халықаралық уран банкін құрды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан егемендігін жарияламастан бұрын Семей ядролық полигонын жауып, Нанна-Лугара қарусыздандыру бағдарламасының көмегімен 1995 жылға қарай кеңестік ядролық қаруды жойды.

«Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге қол жеткізу үшін екі рет келіссөздер ұйымдастырып, мәселені шешуде маңызды рөл ойнады. Бұл мемлекет сириялық бейбіт келіссөздер орнатуда өз септігін тигізіп, ядролық қаруға қарсы үздіксіз үгіттеп келеді. Халықаралық қауіпсіздік пен дипломатия саласында беделі артып, бүгінде әлем мойындаған ойыншыға айналды. Қазақстан посткеңестік елдердің арасында алғашқы болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құруға бастамашы болды және биыл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болу үшін таласта Таиландты артта қалдырды. Өткен жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кірді», - деп айтылады мақалада.

Мақала авторы Батыстың энергетикалық компанияларымен, соның ішінде Chevron және Exxon-мен ынтымақтастық орнату арқасында Қазақстан Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді әлемдегі ірі мұнай орындарын игеріп жатқаны жайлы баяндайды. Мұнай кен орындарындағы түскен пайданың арқасында, 1994 жылы жан басына шаққанда кіріс 700 долларды құраса, бүгінгі таңда 13 мың долларға өсіп отырғанын айтады. «Темір жолдар, порттар мен әуежайлар қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыруда зор маңызға ие. (...) Ел астанасында жақында баламалы энергетика тақырыбымен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді. Бүгінде Астана - заманауи әуежайы мен әсем ғимараттары бой көтерген үкіметтік, көліктік-коммуникациялық, іскерлік және мәдени хабқа айналған», - дейді А. Коэн.

 «ЭКСПО-2017 футуристік ғимаратын болашақта Дубай, Касабланка және басқа да өңірлік қаржылық орталықтар секілді «Астана» халықаралық қаржы орталығына айналдыру жоспарлануда.  Қазақстан Жібек жолы бағдарламасы аясында қаржы орталығына айналуды көздеп отыр», - деп атап өтті А.Коэн.

 «АҚШ-тың келесі Президентінің әкімшілігі Еуразиядағы басты серіктесі ретінде Қазақстанның рөлін нығайту керек. Қауіпсіздік саласында басым бөлігі мұсылмандар болып келетін Қазақстан Ауғанстан үкіметіне қолдау көрсетіп, экстремизм мен терроризммен күресте бізге көмек береді. Сонымен қатар, Қазақстан АҚШ-тың Ресей, Қытай, Иран және басқа да елдермен қарым-қатынас орнатуына делдалдық ете алады», - деп атап өтеді Коэн.

Соңғы жаңалықтар